9.11.2018, 19:11
Қараулар: 3
Шамшырақ

Шамшырақ

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздарына тәрбие сағаты бағытындағы кезекті дәрісімді оқып болдым да, Достық даңғылымен жай басып жаяу жүріп келемін. Есімде өткен күндердің елесі жаңғырды. Осы университетте талай жыл еңбек етіп, талай шәкірт дайындаған ғалым, ұстаз Мәтжан Тілеужанов есіме түсті. Ана тілін арым деп санаған, солардың жолын жалғаған, аңқылдап өткен жас ғалым Бүркіт Отарәлі, ары да, жаны да тап-таза, қазақ әдебиеті мен ұлт намысы жайлы айтса, жүрегінен нұр шашылып түсетін Серікқали Шарабасов осы көше бойында келе жатқандай елес берді. Басымды көтеріп Достық даңғылының бойына қараймын, менің мектеп оқушысы кезінде көңілімде қалған бір ғажайып сурет елестеп кетті.

Санамда қалған сонау 11-ші мектеп оқушысы болған кезім қайта жаңғырды. Көшенің қарсы бетінде жарастығы мен сұлулығынан көрген көз қаймығатын екі адам келе жатқандай болды. Расында, бұл менің талай көрген, есімде қалған, осы Достық даңғылы бойында университетке қарсы бетте сонау жылдар ұзақ тұрған ерлі-зайыпты, бүгінгі қала тұрғыны, ұстаздардың ұстазы, Мария Мамайқызы Абдошева мен жары Қарасай Тұрашев атты азамат. Екі сұлу адам, екі мәдениетті маман өзгелерге үлгі болатын сыйластық пен киіну мәнері, жүріс-тұрыстарымен еріксіз өздеріне елді қарататын еді.

Міне, содан басталған көзім мен көңілімде қалған естелікке еріп кетіп, үйімнен асып Жайыққа барып, жағадан ағысқа қарап үнсіз тұрдым. Қанша тұрғаным есімде жоқ. Одан әрі балалық шағым елес берді. Ақ бантик байлаған 11-ші мектепте оқыған жылдарым қайтадан жадымда жаңғырды.

– Мекенісің ару қыз, саналы ұлдың,

Он бірінші мектебі Оралымның, – деп өзім жырлаған «алтын ұямда» өткізген оқушы кезім де есіме түсті. Иә, зуылдап өткен мектептегі балалық жылдар, алыс кетіп сағынған студенттік күндер, әлі күн жүрегімде нұрлы елес болып жатқанын сездім. Ештеңе де ұмытылмаған екен.

Ол кезде мектеп-интернат аталған Оралдағы 11-ші жалғыз қазақ мектебі алыс ауданнан жоқжұқаның балаларын қабылдайтын. Мен де соғыс мүгедегінің қызы  едім. Балалар тағдыры қиын болған кезең ұстаздарды да ерекше мейірімді жасады ма екен? Біз бала жүрегімізді жылытатын мейірімді алақандарға тап болдық. Ол кезде 11-ші мектеп оқушыларында ғажайып бауырмалдық дәстүр қалыптасқан. Оған баулыған да ұстаздар еді. Жаңадан келген, туған-туыстары алыста қалған ұл мен қызға жоғары сынып оқушыларынан аға мен апа бекітілетін. Олар бір жанұя сияқты, бірін-бірі қамқорлыққа алатын. Ол сабағын қалай оқыды, бір нәрседен мұқтаж емес пе, тәртібі қалай, қай секцияға барып жүр, қандай кітап оқып жүр, достары кім? Соның бәрін үлкен ағасы мен апасы тексеріп тұратын. Менің сіңлім болған Факиза Махамбетова (Оралда дәрігер болып істеді, өмірден озып кетті) сабаққа ұқыпты, өте жинақы қыз болған еді. Міне, сол дәстүр бойынша әлі күнге 11-ші мектеп бітіргендермен кездессек шұрқыраса кетеміз, жылы жүрекпен қараймыз. Әлі күнге құшақ жайып жолығамыз. Өйткені біз бір қазаннан тамақ ішкенбіз, бір асхана ортақ дастарқанымыз болған, бір интернат – үйіміз, ұстаздар, тәрбиешілер бізді өсірген ата-анамызбен бірдей деп түсіндірген еді. Бізді солай тәрбиелеген ұстаздардың басшысы болған жаңағы маған елес берген сұлу мұғалім Мария Абдошева болатын. Мен әлі күнге ұстазыма барып қайтсам, өзімді шәкірт сезінемін. Балалықтың ең таза да бақытты күндерін есіме түсіреді ол кісі.

Сонау қиын-қыстау кезеңде Сәкен Сейфуллин ашылуына себепші болған Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебі шағын ғана ғимаратта, ал жатақханасы әр жерде шашыраңқы еді. Мұстахим Ихсанов Орал облысын басқарған кезде осы мектепке жаңа ғимарат сұрап барған Мария Мамайқызы жаңа мектеп салғызып берем деген басшыға алғысын жаудырып отыратын. Ол өз шаруасын айтқан жоқ, қазақ балаларының Орал қаласында басқалардан кем болмай оқуына жағдай жасалса, соған қуанды. Ол өзінің екі баласынан осы мектеп балаларын артық көретіндей. Бүкіл уақытын сонда өткізеді. Күндіз оқуын қадағаласа, түнде тыныш ұйықтап кеткенге дейін бөлмелерді аралап жүретін. Сағатпен санаспайтын ұстаздар, тәрбиешілер осы кісіден үлгі алатын. Әр топқа бөлінген тәрбиеші ұстаз өз қызындай мектеп формасына тігілген ақ жағаларымызға дейін тексеріп, туған анамыздай ертемен келіп, мектепке аттандырып жүретін. Бойжете бастаған кезде тәрбиешілер қыздармен оңаша сырласып та отыратын.

Қай баланың қай қызды ұнататынына дейін байқап жүретін. Ал мұғалімдер болса, мектеп бағдарламасында өтетін бір сабағың қалып қойса, жатақханаға келіп түсіндіріп кететін еді. Соның бәрін қадағалап, оқу ісінің меңгерушісі болған Мария Мамайқызы өзі бас болып үлгі көрсететін.

Біз қазақ ауылдарынан келіп орыс классиктерін қиын меңгердік. Щедрова деген мұғалім түнімен күндізгі өткен сабақты қайта түсіндіруге жалықпайтын. Ал ағылшыннан Любовь Яковлевна Фишбейн үйреткен сөздермен мен әлі күнге шетелде жол тауып, тамақ ішіп келіп жүрмін. Міне, оқыту сапасы сондай талап қоюда ол кезде биік болған еді.

Сол кезеңнің мұғалімдері, тәрбиешілері, мектеп оқушылары Мария Мамайқызын қатал адам деп ойлауы мүмкін. Ал, шын мәнінде, ол талап қойғыш, өте жауапты, жас ұрпақты ертеңгі күнге лайық тәрбиелеуге бар күшін салғанын түсіну қиын емес еді. Ол кезде мұғалімдерді де мінез-құлқына қарай таңдап алатын шығар деп таң қалатынмын. Ұстаздардың бәрі шетінен мейірімді, сыпайы, жүздері шуақты ғажайып жандар болатын. Тәрбиешілерімізді таңда құшақтап қарсылайтынбыз, олар да шын пейілмен басымыздан сипаушы еді.

Мектептің тәртібі де, қазіргі күнмен салыстырсақ, ол кезде әскери тәртіпке жақын деуге болар еді. Мектеп дәлізінде тарсылдап жүгіруге болмайтын, ол бізді сабырлылыққа, ұстамдылыққа тәрбиелеген негіз болды. Ол кездің ұстаздарында ұлттық намыс басым болған ба деп ойлаймын. Қазақ балалары өзгелерден кем болмауын армандаған олар 11-ші  мектеп түлектерін кез келген жоғары оқу орнына алаңсыз түсіп кететін дәрежеде білім берген еді. Ол кезде «Алтын белгі», «Күміс белгі» жүзден жүйрікке берілетін. Әр оқушыны өз мүмкіндігімен адал бағалайтын және білімге құштарлыққа тәрбиелейтін ұстаздар шоғырының басында өзінің әділдігімен үлгі көрсеткен Мария Абдошева болатын. Оның бойында нағыз ұстазға тән көптеген қасиеттер бар. Айтатын сөзін ойланып айтады, аяғын да абайлап басады, әр кез өзіне сын көзбен қарайды. Киген киімі де, таралған шашы да бір қалпынан өзгермейді. Ал болмысынан шындықты ғана ұнататын турашыл мінез көзге ұрып тұрады.

Бірде ұстазыма еркінсіп, қалжың айттым:

– Мына өмір сіз үйреткендей емес екен. Өмірде сатқындар барын, жалтақтар барын, күн көру үшін жалпылдау керек екенін неге ескертпедіңіз? – дедім. – Сіз үйреткен тік сөйлеу мінезден, ақты ақ, қараны қара деп айтуды да сізден үйреніп, кейде зиян шеккен жерлерім болды. Соларды ескертсеңіз қайтетін еді? – дедім. Ұстазым күлімсіреп алды да: – Айналайын, мені тәрбиелегендер, мені оқытқандар сондай турашыл ақ адамдар еді. Адалдық түбінде жеңеді деп еді. «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді де санама сіңірген еді. Мен сол ұстаздарым үйреткенді сендерге дарыттым. Ешкімге жалпылдаған жан емеспін, мен арым алдында тазамын, – деді ол. Ал өзім осындай ұстазға жолықтырған тағдырыма риза болып отырдым.

Бауырмалдық дәстүрмен 11-ші мектептен шыққан өкшелес оқыған інілерім, генерал Талап Қабденовты көремін. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген Төлеген Әбілхайыровты көремін. Кейін осы мектепті бітірген Ерлан Виленұлы деген інімді көремін. Бәрі де «апалап» сағынып тұрады.

Баяғы «бір мектептің түлегі, бауырлармыз» деген ұрандай ұғым жан дүниемізге біржола ұялаған. Аудандарға барсам, көптеген сіңлілерім «апалап» алдымнан шығады. Өйткені біз мектеп үйреткен дәстүр бойынша бір қазаннан тамақ ішкендерміз, бір мектептен тәлім алғандармыз. Қазір сондай бауырмалдық тәрбие айтыла ма екен деп ойлаймын. Сыйластық пен мейірім адам тәрбиелеудің негізі болғанда ғана бұл қоғамда бәрі 11-ші мектептің түлектеріндей болар ма еді?! Бір-бірін туысым дегенде ғана бұл қазақ ел болар еді-ау. Бірақ бәрін 11-ші мектептегідей тәрбиелеп жатқан ұстаздар аз-ау деп уайымдаймын.

Сонау жылдардағы мектеп түлектері есіме түсіп, көз алдымнан елес боп өтіп, талай-талай елімізге еңбегі сіңген шәкірттер ойыма оралды. Жайықтың ағынына қарап тұрып, өтіп кеткен жылдар есіме түсті. Қазір де «Барлық мектептің шәкірттері бауырмал, ұстаздары талап қойғыш болса ғой, шіркін!» деп үйіме оралдым. Кешкісін сүйікті ұстазыма телефон шалдым. Ол кісінің де есінде көп жайттар қалған екен. Талай шәкірттерінің есімін мақтанышпен атады. Ұстаздық – жүрек қалаған мамандық болуға тиісін айтты. Оған кездейсоқтықпен баруға болмайтынын біраз түсіндірді маған. «Ұрпақ тәрбиесі – ең жауапты міндет» деп түсінген менің ұстазым ұлт алдында, тарих алдында, болашақ алдында өз борышын атқарған ең бақытты адам екенін ұқтым.

Оралдың 11-ші мектебіне сол кезде келіп, Мария Мамайқызы сияқты намысы биік, ары таза, мінезі қатал, жаны шуақты, абзал ұстазға жолыққаныма тағы да тәубе дедім. Өмірдің қиындықтарын жеңуге үйреткен, адал сөйлеуге үйреткен, шындықты тайсалмай айтуды үйреткен қасиеттері үшін өзімді борышты сезіндім. Ішімнен ризашылық пен рақмет айтып, әңгімесін тыңдап ұзақ отырдым…

Бұл күнде ұстаздардың ұстазы атанған, ұзақ ғұмыр кешіп, құрметке бөленіп, арзан атақ-даңққа ұмтылмаған, парасатты да, текті ұстаз менің өмірімдегі жол көрсететін шамшырағым сияқты болады да тұрады. Ал шәкіртке шамшырақтай жол көрсету – үлкен ерлікпен тең.

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстан  Республикасының    еңбек  сіңірген қайраткері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар