«АҚЖАЙЫҚ» неге ерден ауды?..

Күні , 55 рет оқылды

…Әлқисса, сонымен, біздің облыстың футболдан премьер-лига командалары арасындағы  Қазақстан  чемпионатына үкілеп қосқан «Ақжайық» атты арғымағы жоғары топтан  тағы  төмен сырғыды. Маусым бел ортасынан ауғанша, тіпті соңғы турларға шейін Жайық жанкүйерлерінің басым көпшілігінде біздің команда тап биыл ерден ауады-ау деген күдік-күмән болмағаны анық. Алайда «Ақжайық» аяқдопшыларының көмбе таянған сайын кібіртектеуі, әлсін-әлсін сүрінуі тым жиіледі. Әсіресе, өткен айдың соңында ХХХІ турда «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін қауіп бұлты қоюлана түсті. Мұның ақыр аяғы чемпионат бітпей жатып, оралдық футбол клубының жоғары топпен қош айтысуына келіп тірелді. Біз мән-жайды  білмек болып, «Ақжайық» клубының басшылығына хабарласқанбыз, енді осы пікірлерге зер салып көргейсіз.

Сергей   ЗАЙЦЕВ,

«Ақжайық»  командасының бас бапкері:

– Маусымның соңына таман «Ақжайықта» деңгейі жоғары ойыншылардың тым аздығы қатты сезілді. Бұл енді батысқазақстандық футбол клубының бюджетіне тікелей тәуелді фактор. Әрине, премьер-лигаға бір ілігіп, бір шығып қалып жүргенше, ойын өрнегі тұрақты  команда  қалыптастырған жөн. Бірақ «Ақжайықтың» қазіргі  қаржылық  жағдайымен  әлгіндей команда қалыптастыру қиын болып тұр…

Артур  АВАКЯНЦ,

«Ақжайық» командасы бас бапкерінің ассистенті:

– Біз әлі биылғы чемпионаттың нәтижесіне жан-жақты талдау, түбегейлі сараптама жасай қойған жоқпыз. Әзірше айтарым, тура биыл бірінші топқа түсіп қаламыз деп ойламап едік. Өйткені, күні кешеге дейін көш соңында келе жатқан командалардан ұпай жағынан әжептәуір алда  болдық. Меніңше, бізді өзімізге деген тым сенімділік құртты.

Мейрам  САПАНОВ,

«Ақжайық»  командасының  капитаны:

– Тым жақсы келе жатыр едік… Тіпті «Астананы» «үйде», ал «Қайратты» түзде,  өз алаңында ұтып, «айды аспаннан бір-ақ шығарып», жанкүйерлерімізді ұлан-асыр қуанышқа да бөлегенбіз. Осындай керемет сәттіліктерден кейін, өз-өзімізге орынсыз тым сенімді болып кеттік-ау, шамасы…

Арнайы  заң  керек-ау,  осы…

…Жайық жанкүйерлерінің жылдар бойы көріп келе жатқаны осы. Яғни жергілікті бапкер мен жергілікті жігіттер «Ақжайықты» арқа еті арша, борбай еті борша бола жүріп, жоғары топқа алып шығады. Сосын шеттен бапкер келіп, ол аннан-мұннан қағылған-соғылған біраз легионерді жинап алып, күні кеше ғана «Ақжайық» үшін жан алып, жан беріскен жергілікті футболшылардың денін кәдеге жаратпай, шетке ысырып тастап, іске «қызу кіріскендей» түр байқатады. Сөйте  тұра,  маусымның соңында команда баяғы таз қалпына түсіп, бірінші топқа сырғып, келесі жылы жасыл алаңда жергілікті жігіттер Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар командасын қайтадан премьер-лигаға шығару үшін екі иықтарын жұлып жеп, жанталасып  жүреді…

Жалпы, отандық футбол шаруашылығының «ауру-сырқауы» көп. Солардың бірсыпырасын назарыңызға ұсынайық. Мәселен, «Сырт көз – көреген» дегенге сайсақ, бізге Астана мен Алматыдан, шалғай облыстардан, әсіресе, аудан-ауылдардан футбол дарындарын іздеп-іріктеу, яғни  селекциялық жұмыс атаулы жүйелі түрде сауатты жүргізілмейтіндей көрінеді. Сосын біздіңше, допты ұршықша иіруге қабілетті қазақтың қарадомалақтарына жанашырлықпен қарайтын Талғат Байсофыновтай ұлттық бапкерлер толқынын үздіксіз қалыптастырып отыру мәселесі де күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Ал бұл шаруаны ҚР Футбол федерациясы әлі күнге дейін қолға алмағандай әсер қалдырады. Неге? Кең байтақ Қазақстан бойынша аяқдопқа қатысты инфрақұрылым жүйесін күрт жақсарту керектігі кім-кімге де түсінікті болса керек. Ендігі бір екпін түсіріп, астын сызып айтатын мәселе, премьер-лигадағы командаларға бас-көз жоқ легионерлерді топырлатып, олардың басынан төмен қарай ақша құюды доғару керек! Осы мәселе былтыр еліміздің ең жоғарғы заң шыға-рушы құрылымы – Парламентте әжептәуір әңгіме бола бастады да, неге екені белгісіз, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан спортында бүгіндері легионерлерге арқа сүйеу белең алып барады. Бұл керітартпа әдет, әсіресе, командалық спорт түрлері бойынша әбден кең етек жайған. Мысалы, футболдан премьер-лигадағы командаларды қараңыз, келімсектер өріп жүр. Тіпті еліміздің бес дүркін чемпионы (!) «Ақтөбе» командасының қазіргі капитаны, сербиялық легионер қорғаушы Александр Симчевич. Шайбалы хоккейден Астананың «Барысының» құрамына назар аударып көріңіз, шетелдік спортшылардан көз сүрінеді.

Егер мұны азсынсаңыз, «Астана» баскетболшыларына зер салыңыз, еуропид нәсілділерді айтпағанда, зіңгіттей-зіңгіттей зәңгі жігіттер төбеңізден төне қарап тұрады… Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, «Жаман әдет жұққыш келеді» дегендей, бүгіндері күрес, ауыр атлетика сықылды командалық емес спорт түрлерінде де Қазақстан азаматтығын күні кеше қабылдап, осыдан 27 жыл бұрын ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақ елінің ұлттық құрамасына кешелі-бүгінді енген шыққан тегі шетелдік спортшылар-дың қарасы қоюланып барады… Сонда деймін-ау, қазақтың спортқа ден қойған қыз-жігіттері «қайда барып күн көреді?..». Демек, жағдай біржола ушықпай тұрғанда, меніңше, құрамына шетелдік легионерлерді көптеп қабылдауды шектейтін «Командалық спорт түрлері туралы» арнайы заң керек-ау,  осы…

ТОСЫН  ПІКІР

Газет  бетінде  өзінің  аты-жөнін  көрсетпеуді  сұраған  жанкүйердің  пікірі:

– Маған сенімді дереккөздерінен мәлім болғандай, біраз жылдан бері «Ақжайық» футбол клубы үшін қазынадан жыл сайын 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлінетін көрінеді. Бұл көп емес. Мәселен, Қызылорданың «Қайсарының» бір жылдық бюджеті 3,5 млрд. теңге көрінеді. Көрдіңіз бе, «Қайсардың» қаржылық әлеуеті біздің командадан бірнеше есе жоғары. Сондықтан да қалталы футбол клубтары команданы өрге сүйрейтін легионерлерді өз қатарына тарта алады. Ал ақшаға байланысты «Ақжайықтың» әлгіндей мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті оған бөлінген қаржы-қаражат құмға құйған сумен тең. Оның үстіне біздің облыс орталығының өзіндегі футболға қатысты инфрақұрылым сын көтермейді. Соның кесірінен «Ақжайық» жаңа маусымға даярлықты бірнеше апталап, бір-екі айлап Түркияда пысық-тауға мәжбүр. Ал бұл дегеніңіз, қыруар ақша!

Орал қаласында балалар мен жасөспірім футболшылар, сондай-ақ жас футболшылар күн суықта жаттығатын басыбайлы жабық зал атымен жоқ.

Мекемелік спортзалдар әр түрлі мекеме-кәсіпорындардың ұжымына коммерциялық негізде бекітілген кесте бойынша жыл сайын жалға беріліп, балалар мен жастар футболы үшін еш босамайды. «Ақжайық» футбол клубы жанынан облыстың бірқатар аудандарында футбол орталықтары ашылғанымен және аудан-ауылдардағы жасөспірім дарынды футболшыларды облыс орталығына тартқанымызбен, әзірге олар емін-еркін тұратын интернат жоқ. Ағайын-туысының үйінде бірер ай жатып, қаланың әр қиырынан күн суықта тоңып-шашырап біраз уақыт жаттығуға келіп жүреді де, жағдай болмағаннан кейін барлығы дерлік қолын бір-ақ сілтейді. Өздеріңізге мәлім, біздің өңірде қыс айларын айтпағанда, көктем мен күздің біраз бөлігін суық әрі жауын-шашынды күндер құрайды. Осы жағдайдың өзі-ақ сақадай-сай жаттығу базасы жоқ команда үшін ілгері басқан аяғын кері тартатын фактор. Міне, осындай елеулі факторларды елеп-екшеп келіп, өз басым екі-үш жылға «Ақ-жайық» командасын таратқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жан-күйер қауымға соттың суық үкіміндей естілері сөзсіз. Бірақ сабыр сақтап, салқын ақылға жүгінейік. Мысалға, «Ақжайық» футбол клубын екі-үш жылға тараттық делік, енді жыл сайын оған бөлінетін 900 млн. теңгеден астам қаржыны тікелей облыстың футболдық инфрақұрылымын күрт жетілдіруге жұмсайық. Екі-үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады, есесіне, футболдық инфрақұрылымды қарқынды түрде дамытып, сықитып аламыз.  Керемет  емес  пе?!

Бауыржан   ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал   өңірі»   


Тегтер: , , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика