7.11.2018, 21:36
Қараулар: 68
Саида ҚАЛЫҚОВА: «Өзімді өте бақыттымын деп санаймын»

Саида ҚАЛЫҚОВА: «Өзімді өте бақыттымын деп санаймын»

Бүгінде  Саида  Қалықованың  есімі  тек  елімізде  ғана  емес,  алыс-жақын  шетелдерде  де  кеңінен  танымал.  Ол  – тіпті  он  екі  мүшесі  сау  біраз  адамның  қолы жетпейтін  биік  белестерді  бағындырып,  музыкант,  көшбасшы  ретінде  талайларды тамсантқан  тұлға.  Көптеген  халықаралық  конкурстардың  лауреаты,  еліміздегі  жалғыз музыка  академигі,  мәдениет  саласына  қосқан  үлесі  үшін  «Жаншуақ»  сыйлығының  иегері,  «Болашақ»  бағдарламасының  түлегі  Саида  Қалықова  былтыр  «Қазақстанның  100  жаңа есімі»  жобасының  жеңімпазы  атанды.  Мүмкіндігі  шектеулі  жандардың  шын  мәнінде  шексіз  мүмкіндікке  ие  екенін  ісімен  дәлелдеп  жүрген  қаршадай  қазақ  қызымен  сұхбаттасудың  сәті  түскен  еді.

— Саида, күйсандыққа ең алғаш отырған кезіңіз есіңізде ме?

— Менің музыка әлемімен таныстығым Орал қаласындағы №1 саз мектебінде басталды. Біздің ауланың балалары өте тату болдық. Кішкентай кезімде өзімнен бірнеше жас үлкен ұл-қыздармен ойнағанды жақсы көретінмін. Бір күні 18 жасар көрші қыз саз мектебіне қызметке тұрғанын, алайда сыныбында әлі бірде-бір оқушының жоқ екендігін айтты. Алты жасар кішкентай қыз болсам да, ауладағы бойы да, жасы да өзімнен үлкен 15 баланы жинап, №1 саз мектебіне ертіп әкелдім. Бұл 1993 жылдың  1 қыркүйегі болатын.

Достарыммен бірге директордың кабинетіне кіріп, Баян Жанәлиеваның сыныбына келгенімізді және тек сол педагогтан ғана білім алғымыз келетінін айттым. Бәріміз түгелдей сол кісінің сыныбына жазылдық. Міне, осылайша мен музыка әлеміне қадам  бастым.

Өте арманшыл және белсенді бала болдым. Айналадағы нәрсенің бәріне үлкен қызығушылықпен қарайтынмын, бәрін білгім, үйренгім келетін. Үйімізге жақын орналасқандықтан, Сурет галереясына, «Мир» кинотеатрына, планетарийге жиі баратынмын. Үшінші сыныпта оқып жүргенде, домбыра сыныбына, би және қолөнер үйірмелеріне  жазылдым.

Бірақ тоғыз жасымда  жасалған  отаның салдарынан көру қабілетімнен айырылған соң, өмірім күрт өзгеріп сала берді. Өзге қызығушылықтарымның бәрінен бас тартуыма тура келсе де, музыкадан қол үзе алмадым. Музыка қараңғылықта қалған қаршадай қыз үшін жалғыз жарық сәуледей еді. Қиналғанда көңіліме демеу, жабыққанда жаныма сүйеу бола білді. Сол кезден бастап музыка менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Анам қолымнан жетелеп, алдымен қаламыздағы №3 саз мектебіне әкелді, кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түстім. Отбасым мен ұстаздарымның кеңесімен музыкалық білімімді Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде және «Болашақ» бағдарламасы арқылы Флоренциядағы Луиджи Керубини атындағы консерваторияда  (Италия)  жетілдірдім.

Өмір жолымда керемет ұстаздарды жолықтырғаным үшін өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Орта мектепте сабақ берген ұстаздарыммен әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Әсіресе, менің колледждегі оқытушым Наталья Свешникова — менің өнердегі бағымды ашқан асыл жан.

Әлі күнге кеңесін айтып, шығармашылығыма үнемі қолдау көрсетіп отырады.

— «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияның Флоренция қаласындағы атақты Луиджи Керубини атындағы консерваторияда білім алған тұңғыш қазақсыз. Еуропалық білім беру жүйесінің  ерекшелігі  неде?

— Керубини консерваториясында пианистерді алты деңгей бойынша бағалайды. Мен емтихан нәтижесінде бірден ең жоғары деңгейге өтіп, жеке орындаушы мамандығына еш қиындықсыз қабылдандым. Бұл — менің ғана емес, ұстаздарымның да тынымсыз еңбегінің жемісі. Өйткені бізде музыканттың туындыны меңгеруімен қатар сахна мәдениетіне, киім киісіне, көрерменді құрметтеуіне ерекше мән беріледі. Италияда рейтингтік концерт бергенде, италияндықтар менің сахнадағы өнерімнен кейін «Бізге дайын әртіс келді» деп таңғалды. Бір қызығы, италияндықтар өнерге саясат тұрғысынан қарайды. Яғни мемлекет қандай саясат ұстанса, музыкасы да сондай болады деген көзқарас қалыптасқан. Маған «Сен Ресейден келдің, демек, сен орыссың» дейтін. Мен болсам, «Жоқ, мен қазақтың қызымын, Қазақстаннанмын» деп айтатынмын. Әрине, Қазақстаннан барған алғашқы студент болғасын, мен арқылы бүкіл Қазақстанды бағалайтынын ұқтым. Сондықтан әр басқан қадамым үшін үлкен жауапкершілікті сезініп, үнемі үздік болуға, маған сенген жандарды жерге қаратпауға талпындым. Теориядан емтихан тапсырғанда, консерватория ректоры маған арналып жазылған аудиокітаптарды өзі әкеліп берді. Менің жағ-дайымды, Италияда да менің  жанымда болған анамның жағдайын ойлап, осылайша үлкен қолдау көрсетті. Бетховен мен Де-бюсси бойынша екі бірдей ғылыми жұмысты италиян тілінде қорғап, магистратураны «Laude» белгісімен тәмамдадым әрі музыка академигі  дәрежесін  алдым.

— Сіз әлемдік деңгейдегі сахналарда әйгілі композиторлардың туындыларын шебер орындап жүрсіз. Солардың ішінде жаныңызға жақыны қайсысы?

— Ең жақсы көретін композиторым – Фредерик Шопен, жаныма жақын туындысы «Бесік жыры». Бұдан өзге Дебюсси, Бах, Бетховен сынды композиторлардың шығармашылығы  ұнайды.

— Саида алғашқы төл туындыңызды 15 жасыңызда жазғаныңызды білеміз. Осы уақытқа дейін қанша шығарма  жаздыңыз? Жалпы, шабытты  қайдан аласыз?

— Саз мектебін бітірер жылы емтихандарға дайындалып жүргенде бір этюд орындағанмын. Этюдтың аккорды маған қатты ұнады. Сол аккордтан шағын шығармам шықты. «Жаңбырдан кейін» деп аталатын тырнақалды туындым кішкентай балаларға арналған. Қазіргі таңда барлығы жиырмаға жуық төл туындым бар. Менің шығармашылығымда анама арнаған «Ой толғау» және туған қалама арнап шығарған «Көлдегі таң» атты туындыларымның орны ерекше. «Асыл әжем» атты композиция да мені мейіріміне бөлеп мәпелеп өсірген, өнерге қадам басуыма өлшеусіз үлес қосқан нағашы Зүбәр әжеме деген алғысым әрі сағынышым іспетті. Шығармаларымның көбін Оралды сағынып жүргенде жазғанмын. Анам менің өте сезімтал жан екенімді жиі айтады. Кішкентай балаша тез қуанамын, кейде болмашы нәрсеге жылап та қаламын. Жалпы, бұлбұлдың сайрағаны да, жаңбырдың  жауғаны да маған ерекше шабыт сыйлайды.

— Жақында Оралда «Асыл қалам»  атты жеке концертіңіз өтті. Қазақстан, Ресей және Италия сахналарында  80-ге жуық жеке концерт беріп үлгердіңіз. Туған қалаңызда концерт беру оңай ма, әлде өзге сахналарда ма?

— Туған қаламда концертке дайындалу, бір жағынан, жеңіл, өйткені үйдемін, отбасымның, әкемнің,  бауырларымның қасындамын. Екінші жағынан, үлкен жауапкершілікті сезінемін. Мен үшін істеген жұмысымның нәтижесін көрсететін емтихан сияқты. Оның үстіне Оралдағы концерттерім ылғи да көрерменге лық толы болады. Тіпті залға сыймай қалып жатады. Шығармашылығыммен етене таныс көрерменнің алдында өнер көрсетудің өзі бір ғанибет.

— Сізді  қазір тек музыкант, композитор ретінде ғана емес,  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ретінде де таниды. Жерлестеріңіз өзіңізді мақтан тұтады. Аталмыш республикалық жобаның жеңімпазы атанғаныңызды білген кезде қандай сезімде болдыңыз?

— Мен сахнаға, халықтың ықылас-құрметіне үйренген адаммын. Сондықтан «100 жаңа есім» жобасы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлегенде аса қатты қобалжу болған жоқ. Елбасы кездесуге шаршап келді. Рас, мен оны бірден сездім. Бірақ  кездесу ол кісіге жақсы әсер етті, көңіл күйі жадырап сала берді. Мен италияндық  достарыма арнап жазған «Клементони» атты шығармамды орындап бердім. Президентпен бір залда отырсам деп бала кезден армандайтынмын. Ал Елбасының алдында тұрып, өмірбаянымды айтамын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірген емес.

Әрине, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атану үлкен қуаныш, мәртебе ғана емес, сонымен қатар қоғамның,  халықтың алдындағы зор  жауапкершілік  екендігін түсінемін.

— Бос уақытыңызда сүйікті ісіңіз музыкадан басқа тағы немен  айналысасыз?

— Тіл үйренуге қызығушылығым жоғары. Қазір қазақ, орыс, ағылшын, италиян, испан және француз тілдерін меңгергенмін. Бос уақытымда түрлі қайырымдылық шараларға қатысамын. Негізі, Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармонияда жеке орындаушы болып қызмет  істеймін. Алға қойған арман-мақсаттарым өте көп. Соған жеткізсін Құдай деп жүремін. Мен көп уақыттан бері бір мақсатқа ұмтылып келе жатырмын. Келесі жылы орындалады деп үміттене-мін. Әзірше ол құпия…

Сұхбаттасқан   Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.