5.11.2018, 21:51
Қараулар: 135
«Ақжайықтың» келешек келбеті 3D арқылы жобалануда

«Ақжайықтың» келешек келбеті 3D арқылы жобалануда

Орал  қаласында жаңадан салынып  жатқан  «Ақжайық» шағынауданының  жобалары жаңа  технология  негізінде, яғни  3D  жобалау  бойынша жасалуда.

Ел экономикасының даму қарқынын жеделдету әрі халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы құрылыс саласына да дендеп еніп келеді. 3D жобалау әдісі де цифрландыру жүйесінің құрамдас бір бөлігі іспетті. Облыстық құрылыс басқармасы берген мәліметке қарағанда, тапсырыс беруші 3D жобалау арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілгенге дейін жобалық-сметалық құжаттармен танысып, ғимараттың моделі арқылы құрылыстың құрылымын бағалап, ғимараттың ішкі интерьерінің ұсақ бөлшектерін де көре алады. Яғни компьютерлік графика дизайнерлік жобаларды үш өлшемде қарастырады. Соның арқасында құрылысы жүріп жатқан немесе жоспарланған нысандардың негізгі түрін де көруге болады.

Құрылысы жүріп жатқан «Ақжайық» шағынауданын жарықпен, газбен, сумен қамту және кәріз желілерінің моделі 3D жобалау арқылы  жасалған.

– Орал қалалық әкімдігі «Ақжайық» шағынауданындағы 150 құрылыс нысанының визуалдық 3D макеттерін былтыр ұсынған болатын. Биыл аталған жобаны жалғастырып жатырмыз. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің қағаз түріндегі жобалық-сметалық құжаттары электронды, яғни 3D форматындағы жүйеге енгізілуде. Бұл – қалалық  әкімдік бастаған құрылыс саласын цифрландыру бағытында қолға алынып жатқан алғашқы жобалардың бірі. Алдағы жылдары да Зашаған кентінде, қаланың солтүстік-шығыс жағындағы құрылыс нысандарын да осы жүйеге енгізуді жалғастырамыз, – дейді Орал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы  Мирас  Мүлкәй.

Жалпы, әлемде 15-тен астам мемлекет ұлттық цифрландыру бағдарламаларын іске асыруда екен. Олардың қатарында Қытай, Сингапур, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея және Дания сықылды мемлекеттер ұлттық экономикасын цифрландыру бойынша алда келеді. Елбасы ұсынған цифрландыру бағдарламасы да «ұзақ мерзімді келешекте ел экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасауды» мақсат етеді. Құрылыс саласындағы жаңашылдықтың бірі – BIM (building information modeling) технологиясы екенін де айта кеткен жөн. Бұл технология салынып жатқан құрылыстың толық ақпараттық сипаттамасын жасауға мүмкіндік береді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі сайтында  «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, «Finnish Business Hub» және «Col-laprime» фин компаниясымен өткен кездесуде тұрғын үй және әкімшілік ғимараттарды салуда BIM технологиясын енгізу бойынша бірлесіп жұмыс атқару жолдары талқыланғаны айтылған. Бас-қосуда «Финляндияның BIM технологиясын толыққанды пайдаланып келе жатқанына шамамен 30 жыл болды, біз Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде, яғни 2020 жылға қарай көшуді жоспарлап отырмыз. Осы мақсаттағы бірлескен жұмыс BIM технологияларын енгізуде финдердің жіберген қателіктерін Қазақстанда қайталамауға мүмкіндік береді, – дейді Finnish Business Hub директоры Мұхтар Манкеев. Сала мамандарының айтуынша, құрылыс саласын BIM технологиясына көшіру компаниялардың шығынын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді екен.

– Қазақстанда BIM технологиясына ден қойған мекеме-кәсіпорын аз. Бұл технологияны біздің облыста қолға алу үшін жобалаушы мекемелерге қажетті құрал-жабдықтар қажет. Жаңа шағынауданды жобалауда қолға алған 3D жүйесі осы BIM технологиясына жетелейтін бірінші қадам деп ойлаймын, – дейді бөлім басшысы  Мирас  Рүстемұлы.

«Смарт сити» жобасымен заманауи үрдіске ден қойған Орал шаһарында құрылыс қарқыны белең алды. Мәселен, «Болашақ-Т» ЖШС өздері салып жатқан тұрғын үй құрылысы жобаларының сызбаларын электрондық түрде планшет арқылы қолдануда. Бұл құрылыс алаңында сызбалардың қағаз түрін өзімен алып жүрмей, кез келген уақытта керекті жобаны планшет арқылы көруге мүмкіндік береді.

– Құрылыс нысанының жобаларының электронды нұсқасын пайдаланғалы бері жұмыстың жеңілдегенін байқап жүрміз. Прорабтар бұрынғыдай бес-алты папкі сызбаны қобыратып тасымайды.

Олар да, құрылысшылар да қажетті сызбаларды жұмыс жасап жатқан жерлерінде тұрып-ақ планшеттен қарап алып, жалғастыра береді. Сонымен қатар біздің компания салып жатқан екі нысанға бақылау камерасын қойдық. Құрылыс компаниясы басшылары да, тапсырыс берушілер де жұмыс орындарында отырып-ақ құрылысты бақылай алады. Көзбояушылыққа, құрылыстың жүру барысы жөнінде өтірік ақпарат беруге мүмкіндік жоқ. Құрылыс басында ұрлық жасаушылардың да жолы кесіледі, – дейді «Болашақ-Т» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Асқар Қосжанов.

Айта кету керек, бүгінде еліміздегі құрылыс компанияларындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында құрылыс басына бақылау камераларын қою қолға алынды. Яғни цифрландыру нәтижесінде бақылау жүйесі автоматтандырылады деген сөз. Бұл жұмысты жеңілдетіп, жеделдетіп әрі сапалы  орындауға  да  себеп  болмақ.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар