5.11.2018, 21:45
Қараулар: 19
Баланың   тілі  неге   жай   шығады?

Баланың   тілі  неге   жай   шығады?

Соңғы  кездері «балам  әлі  сөйлемей  жүр,  сәбиім  ата-әже  деп  үшке  келген  соң  айта  бастады» деген  сыңайдағы  әңгімелерді  жиі  еститін  болдық. «Баланың  тілі  неге  жай  шығады?  Себебі  неде  екен?»  деген  мәселеге  байланысты  зерттеу  жүргізген  едік.

Байқағанымыз, қазіргі таңда кей сәбилер өз  аналарының әлдиімен емес, Төреғали Төреәлі, Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Қуандық Рахым сынды әншілердің «әлдиімен» ұйықтайды екен. Бір жас ана Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әні шырқалып жатқан ұялы телефонды сәбиінің құлағына тосып қойыпты. Өзі  «Өскенде балам патриот болсын, ән құлағына сіңе береді ғой» деп қояды.

Ал осыдан кемі 20-30 жыл бұрын аналар сәбиінің көзіне қарап отырып, бесік жырын айта тын. Оның кәдімгі ауыз әдебиетіндегі бесік жыры болуы маңызды емес. «А-а-ай, әлди, әлди ақ бөпем» немесе «Әй-әй бөпем, әй бөпем» деп әуезді ырғақпен әндетіп, бесікті жай тербетіп ұйық тататын. Әжелеріміздің айтуынша, қарапайым ғана нәрсе болғанымен, бұның да өз сыры бар. Өйткені қайталанатын дыбыстар арқылы сәбидің миында сөйлеудің алғашқы үлгілері қалыптаса бастайды. Анасы айтқан әннің ырғағы да бала жадында сақталады. Кейіннен сәби екі-үш  айлық болғанда, уілдей бастағанда «а-а-а, у-у-у» деген дыбыстарды қайталайды. 5-6 айлығында «А-та, ә-же, а-на, ә-ке» деп, бір жас жарымда «Су беш, нәм-нәм жим» деп былдырлап, сөз, сөз тіркестерін айта бастайды. Екі жасында баланың сөздік қоры кеңейіп, қоршаған ортаға назар аударуға дағдыланады. Егер бала сөйлемесе, бірден мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Әдетте дені сау бала ай сайын жетіліп, дамып, көп нәрсені білуге талпынады. Өкініштісі, көп ата-аналар «Қазіргі балалар үш жасқа дейін сөйлемейді екен, төрт-бес жасқа келген соң сөйлейді ғой» деп алаңдамай, уақыт өткізіп алады. Кейіннен баласы мектепке барар кезде ғана «Психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес» беретін орталықтың немесе өз емханасындағы дәрігерлердің көмегіне жүгіне бастайды. Ал мамандар «Әр ана өз сәбиінің даму кезеңіне мұқият көңіл бөлге-ні дұрыс. Егер де бала дамуында тежеліс бар екенін байқаса, бірден мамандардан кеңес алуы қажет. Ерте жастан анықталған диагноздың бала өмірі үшін маңызы  зор»  екенін  айтады.

Бала  тілінің  жай  шығуының  себептері  қандай?

Біз осы сұрақпен Оралдағы «Психологиялық,  медициналық, педагогикалық кеңес» беретін орталыққа табан тіредік. Орталықтың меңгерушісі Гүлбаршын Рахымжанқызының айтуынша, аналар жүкті кезінен бастап құрсағындағы сәбидің дамуына ерекше көңіл бөлгені жөн.

– Бала тілінің жай шығуына әр түрлі факторлар әсер етеді. Анасының жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулармен жиі ауыруы, сонымен қатар қан аздық, бүйрек жұмысының әлсіздігі, жүректегі ақаулар баланың сөйлеу тілінің дамуына өз кесірін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ сәбилердің босану кезінде әр түрлі жарақаттар алуы, асфексиялық аурулар (баланың өз кіндігіне оралып туылуы), босану барысында немесе босанудан кейінгі нәресте миының зақымдалуына байланысты орталық жүйке жүйесінің бұзылуы бала тілінің жай шығуына алып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайлар да кері әсерін тигізеді. Кейбір ата-аналар нәрестенің өз уақытындағы даму кезеңдеріне мән бермейді. Соның салдарынан сөйлеу тілі дамымайды. Отбасында екі тілде сөйлесу, ата-анасы баланы еркелетіп сөйлесу кезінде сөздерді бұзып сөйлеуі  де  балаға  кері  әсерін  тигізеді.

– Қазіргі күнде қалалық «Психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес беру» орталығында тіл кемістігімен 816 бала есепте тұр. Олардың елу пайыздан астамы 0-6 жас аралығындағы балалар. Негізі ата-ана мұндай баланы ерте жастан алып келгені дұрыс. Мектепке дейінгі ұйымдарда 9 инклюзивті кабинет, 16 арнайы топ бар. Сондай-ақ мектептерде 43 логопедтік бекет жұмыс жасайды. Біздің мекеме облыстық денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыста. Орталықта психолог, логопед, әлеуметтік педагог, дефектолог және дәрігерлер жұмыс жасайды, – дейді Гүлбаршын Аристанова.

Айнұр атты кейіпкеріміз кішкентайының сөйлейтін сәтін төрт жыл күтіпті. Төрт жасына дейін сөйлемеген соң, сәбиін  арнайы мамандарға алып барады. Бірақ осы жолда ол біраз қиындыққа тап келгенін жасырмайды. Ең алдымен, «бәлкім, құлағы естімейтін шығар…» деген оймен лор дәрігерге ақылы қаратады. «Баланың екі құлағында ірің толып тұр» деп жас ананы шошытқан дәрігер оны тағы бір ақылы аппаратқа түсуге жолдайды. Ол кабинетке ақшасын төлеп, аппаратқа түсіріп шыққанында, ол жердегілер «Баланың құлағы таза, естуі қалыпты» деген анықтама береді.

Одан әрі бар ақшасын жұмсап, арнайы дәрігерлердің есігін қаққан жас ана: «Біріне бірі сілтеп, бір-біріне ақша түсіруді көздейтін» беймәлімдеу «жүйені» байқап қалады.  Содан соң таныстарының жол сілтеуімен Ресейдің  Самара қаласына жол тартады.

– Самарада баламды мұқият қараған дәрігерлер бірден ем тағайындады. Сол жерде екі аптадай жатып, арнайы ем алдық. Бірінші күні-ақ баламның беті бері қарай бастағанын байқадым. Қазір тілі жайлап шығып келеді. Балабақшаға да  барып жүр. Бағымызға орай, тәжірибелі, жақсы тәрбиешіге жолықтық. Қазір түстерді ажыратады, тақпақ айтады. Аз ақша жұмсаған жоқпын. Ең бастысы, баламның дені сау болып, сөйлеп кеткені мен үшін маңызды, – дейді жас ана.

Немере бағып отырған Нұрлыгүл әже балалардың тілінің кеш шығуына бөтелке, емізік, телефон теріс әсер етуде деген пікірде.

– Қай үйге барсаң да телефонға телмірген келін, өз-өзімен жүрген сәбилерді байқайсыз. Ол жылай бастаса, ауызына емізікті тығып қойып, телефонына үңіледі. Бесікте жатса, бөтелкемен сүт береді. Осының бәрі баланың тілінің дамуын тежейді.  Бұрын әжелеріміз балаға сүйек мүжітетін. Құрт сорғызатын. Ондағы ойы – бала шайнап үйренсін, тісі қатайсын дегені. Қазір жілік мүжімек түгіл, ет шайнайтын бала жоқтың қасы. Шайнаудың да  бала тілінің дамуында атқаратын өз рөлі бар, – дейді Нұрлыгүл әже.

Мамандар   не   дейді?

Гүлфайруз   БӨЛЕКБАЕВА,  логопед:

– Қазіргі  кезде  баланың тілі жай дамитын болды. Оның түрлі себептері бар. Біріншіден, баланың дұрыс дамуы ана құрсағында жатқан кезден басталады. Жүктіліктің өту барысы, жеңіл босануы, баланың түрлі жарақаттармен туылуы – бәрі әсер етеді. Екіншіден, бұрын балалар қарындашпен сурет салатын, жүгіріп доп, асық ойнайтын. Қазір олардың орнын гаджеттер алмастырды. Сондықтан да балалардың ұсақ, жалпы моторикасы дамымайды. Ал мұның бәрі баланың тілінің дамуына әсер етеді. Үшіншіден, ата-аналардың балаға қарайтын, онымен сөйлесетін уақыты жоқ. Бәрі асығыс. Қарапайым баланы серуенге алып шығып, тротуарлармен жүргізсе, жүгіртіп ойнатса, бала тепе-теңдікті сақтауға үйренеді. Жалпы моторикасы дамиды. Бұлшық еттері қатаяды. Екі айлығында бала уілдемесе, 4-5 айлығында былдырламаса, сәбидің  ата-анасы алаңдай бастағаны дұрыс. Балалары сөйлемегесін, ата-аналар «Жақсы логопед керек» деп мамандар іздей бастайды.

Бірақ логопедке келмес бұрын, олар ең бірінші невропатолог дәрігерге баланы көрсетуі қажет екендігін біле бермейді. Невропатолог диагноз қойып, дәрілерін тағайындаған соң, біз баламен жұмыстанамыз. Алдымызға күн сайын түрлі диагнозбен балалар көп келеді. Балдырғандармен алғашында ойын арқылы жұмыс жасаймыз. Тіл жаттығулары, ойын арқылы баланың тілін дамытуға көңіл бөлеміз. Кейіннен дыбыстар қоямыз. Бір дыбысты қоюға баланың қабылдау мүмкіндігіне қарай 5-10 сабақ өткіземіз. Бұл кезде де ата-ананың көмегі қажет.

Біз қойған дыбысты ата-ана үйде баламен қайталауы керек. Невропатологтың рұқсатымен кей балалардың бетіне, тіліне, диагнозына қарай логопедиялық массаж жасаймыз. Қазір баланың ұсақ моторикасын, жалпы баланың зейінін дамытатын ойыншықтың түрі көп. Соларды алып берген дұрыс. Егер ойыншық сатып алатын мүмкіндік болмаса, қағаз қиып, ермексазбен жұмыстанып, баланың саусақтарын қимылдата беру керек.  Содан соң әрбір ата-ана бүлдіршінін «Анау қызыл допты әкеліп берші, су алып келші» деп баланы жұмсап, әрі сөйлесіп, әрі түсті ажыратып, әрі не жасап жүргенін ұғынуға үйреткені тиімді. Сөйлей алмайтын балалар ашушаң, ызақор болып келеді. Бұл жерде логопедпен қатар, психолог, дефектолог мамандар бірігіп  жұмыс  жасаса,  жақсы  нәтиже  болады.

Жанар   ҚАРАШЕВА,  дефектолог:

– Бала тілінің жай шығуының ең басты себебі – ата-аналардың жұмысбастылығы. Кішкентай балақан ең алғаш сөйлеп бастаған кезде көп нәрсені білгісі келеді. Ең алғаш «Әже», «Ата» деп сөйлеп бастаған кезде оның сөйлеуге қызығушылығы мол болады. Сол уақытта көрген, ұстаған, жеп отырған тамағының атауын айтып үйретсе, баланың сөздік қоры біртіндеп молая береді. Бірақ жұмыстан шаршап келген ата-аналардың басым бөлігі балаға назар аудара бермейді. Тағы бір себебі, қазір түсініксіз мультфильм көп. Баласына дыбыссыз мультфильмдер қосып беретін ата-аналар да кездеседі. Ал бұның бәрі баланың дамуында тежеліс тудырады. Бір жарым, екі жастағы бала сюжеттік ойындар ойнай бастайды. Ер бала машинасына жүк тиеп, оны келесі жерге түсіріп, машинаның дыбысын шығарып ойнаса, бұл қалыпты жағдай. Ата-ана да баласының осындай ойындар ойнауына ықпал етіп, жағдай туғызуы қажет. Өйткені бала ойын арқылы дамиды. Өз тәжірибемде байқағаным, баласы жас жарымда «Мама» деп айтпаса, өзге ұлттар бірден дабыл қағады. Біздер кішкене 4-5 жасқа дейін жүріңкіреп қаламыз.  Бала психикасының дамуында сөйлеу тілінің орны ерекше, ол зейін, ойлау, есте сақтау сияқты психикалық үрдістермен етене байланысты. Егер сөйлеу тілінің кешеуілдеуі байқалса, баланың ақыл-ойының дамуы жасы-на сай болмайды. Сондықтан баланың дамуына барлық психикалық үрдістің  жасына сай дамуы бала тілінің шығуына өте маңызды рөл атқарады. Сөйлеу тілінің дамуына немқұрайлықпен қарауға болмайды.

Бала тілі 3 жасқа дейін шықпаса, ата-аналар бірден дәрігер және арнайы мамандардың көмегіне жүгінуі тиіс. Алдын ала шешім қабылдап, істі құрдымға тастамау керек. Тіл кемістігі бар балалардың дәрігердің назарында болғаны жөн. Мамандардың ұсынған ем-шараларын қатаң сақтаған кезде ғана қойылған мақсатқа жетуге болады. Атап айтқандай, невропатолог маманның тағайындаған курстық емі мен логопед маманның жұмысы үнемі байланыста болғаны  тиімді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

– Облыс бойынша тіл кемістігімен 1366 бала есепте тұр екен. Көбіне  0-3 жасқа дейін ата-аналар келмейді, тек мектепке барар кезде ғана бізді іздей бастайды, – дейді мамандар.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар