13 жылға бас бостандығынан айырылды

Күні , 78 рет оқылды

1997 жылы дүниеге келген Артур Елеуовтің өліміне айыпты деп танылған 2000 жылы дүниеге келген Евгений Земляковқа қатысты өткен аптаның жұма күні БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім шығарылды.

Үкімді оқыған аталмыш соттың судьясы Бақыт Ермахановтың мәлімдеуінше, 2000 жылы дүниеге келген азамат Евгений Земляков 11 маусым күні сағат 20.00 шамасында Орал қ., Еуразия даңғылындағы №21 мектеп тұсында өзі құралпы таныстарымен бірге сыра ішеді. Түнгі сағат 1.00 шамасында А. Елеуов үйіне қарай өтіп бара жатып, сыралатушы топқа жолығады. Артур Земляковты бұрыннан таниды екен. Жиналған жастардың ұсынуымен Артур да сыра ішеді. Сыра түнгі сағат үшке дейін ішілген. Жастар үйлеріне тараған кезде Артур мен Земляков оқшауланып қалып қояды. Олардың арасында әуелден келе жатқан келіспеушіліктер болған. Осы жолы да жанжал туындап, Земляков сол қолымен Артурдың оң жақ иығының тұсынан ұстап, кеуде тұсынан жеті рет пышақ сұғады. Елеуов сол жерде жан тапсырады. Ал Земляков оқиға орнынан бой тасалайды. Жарты сағат өткен соң таныстары Земляковтың үйіне барып, «Сен не істеп қойдың?» деп сұраған кезде «Мен өз әрекетіме өзім жауап беремін. Ағамның артынан кетемін» деген. Земляковтың туған ағасы да жазасын өтеу орнында екен. Екеуінің арасындағы келіспеушіліктің негізгі себебі – Земляков Елеуовтің достарымен жанжалдасып жүрген. Ал Елеуовтің бұл оқиғаға тікелей қатысы жоқ.

Ол ешкімді ұрып-соқпаған. Елеуовтің достары Таубаев және Кусманов «Alem Plaza» сауда үйінің қасында Земляковтың танысын бетінен шапалақпен ұрған. Оның алдында Земляков пен Таубаев бір-бірімен төбелескен. Сол кезде Таубаевтың айтуынша, оның көзіне Земляков газды баллон шашқан. Және қарсыластары үшеулеп жабылғандықтан, Таубаев қашып кеткен. Ал Земляков Таубаев оны травматикалық тапаншамен атып, денесіне жарақат салғанын айтады.

– Земляковтың жастығын, қылмысты алкоголь өнімдерін пайдаланып жасағанын, қылмыстың жасалу салдарын және жәбірленуші Елеуовтің жанұясында жалғыз ұл болғаны секілді барлық жағдайларды ескере келгенде, Земляковқа барынша қатаң жаза тағайындау ұйғарылды. 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, сонымен қатар материалдық және моральдық залал үшін жәбірленуші жанұясының пайдасына 4 миллион 831 мың теңге өндіруге үкім кесілді, – деді БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Аманбайұлы.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика