2.11.2018, 21:44
Қараулар: 1
Асқақ армандар мекені

Асқақ армандар мекені

Баланың  ұлттық  дәстүр  мен  өнегелі  мұраларды  бойына  сіңіріп  өсуіне жанұясы мен өскен ортасы міндетті түрде әсер ететіні түсінікті.

Ал жетімдер үйінде отбасы құндылықтары тиісті деңгейде дәріптелмеуі мүмкін. Сондықтан ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға қолұшын беру ниетімен құрылған «Бөбек» қайырымдылық қоры еліміздің әр аймағында отбасы үлгісіндегі балалар ауылын ашты. Осылайша он бес жыл бұрын Орал қаласында да балалар ауылы құрылған болатын. Мұндағы қызметкерлер ашылған күннен бастап бүгінге дейін бірнеше буынды тәрбиелеп шығарды. Ұяларынан түлеп ұшқан 148 баланың әрқайсысы өз алдына отау құрып, еліміздің дамуына үлестерін қосып жүр. Балалар ауылының басты мақсаты – тәрбиеленушілердің бір-біріне деген бауырмалдық сезімдерін дамытып, үй шаруасына бейімдеп, оларға кәдімгі отбасылық жағдай  туғызу. Газетіміздің «Бір күн» айдары арқылы оқырмандарымызды  тыныс-тіршілігімен таныстырмақ оймен аталған ауылға  барған болатынбыз.

АУЫЛ  АЙНАСЫ

Он бір үйден және бір әкімшілік ғимараттан құралған ауылдың айналасына көз салдық. Аула мұнтаздай. Бір-біріне қарайлас үйлердің арасынан әкімшілік ғимаратты бірден аңғарып, алдымен сонда бет алдық. Балалар ауылы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Кенесаринаның мәлімдеуінше, ауылда 73 ұл-қыз тұрса, оларды педагогикалық білімі бар сегіз «ана» тәрбиелейді екен. Балалардың басым бөлігі Орал қаласындағы №20, 30, 13 және 22 мектептерде білім алады.

Сонымен қатар облыстық есту қабілеттері бұзылған және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектептерде оқитындары да бар. Мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы атанып жүрген жасөспірімдердің жарқын жетістіктері  де  мол.

«КӨП БАЛАЛЫ  ОТБАСЫ»

Әкімшілік ғимаратқа ең жақын орналасқан үйдің есігін қақтық. Есікті кішкентай сүйкімді қыз ашып, жымиып амандасты да, ішке қарай жүгіріп кетті. Алдымыздан шыққан Шынар Хамзина өзін осы шаңырақтың анасы ретінде таныстырып, үйдің ішін аралатты. Ғимараттың кәдімгі үйден еш айырмашылығы жоқ. Асүйде қайнап жатқан сорпаның дәмді иісі танауымызды қытықтай жөнелді. Үйдің іші кең. Қыздарға, ұлдарға және олардың аналарына арналған  бірнеше  бөлме  бар.

Шынар Хамзина осы үйде тоғыз бала тәрбиелеп отырған «көп балалы ана» екен. Төрт ұлы ала таңмен сабаққа кетіпті. Бес қыздың үшеуі де мектепте  болса керек. Тек Зарина мен Гүлназ есімді екі қыз қонақ бөлмеде теледидардан «Балапан» арнасындағы бағдарламаны тамашалап отыр. Үйдің үлкені Гүлжәнел №30 мектептің 11-сыныбында оқып жүр. Екінші қызы Кәмила да аталған мектептің 10-сыныбында. Валера мен Жандос 8-9-сынып оқушылары болса, Ростислав, Гүлназ, Дмитрий үшеуі 7-сыныпта оқиды екен. Ал кенжелері Зарина мен Альбина екінші және үшінші сыныпта оқып жүр.

«ҚҰДАҒАЙ»

Жәудір көздердің бәріне бала бақытын сыйлап, бар мейірімін төгіп жүрген Шынар Ғабдісаматқызы балалар ауылы ашылған алғашқы күннен-ақ өз  қызметін осында аптасына алты күн, тәулігіне 24 сағат бойы беріле атқарып келеді.

– Бұған дейін оннан астам баланы ұядан ұшырдым. Менің тәрбиемде болған балалардың барлығы да сабақтарын жақсы оқыды. Өйткені оқу үлгерімдерін қатты қадағалаймын. Сонымен қатар қыздарым да, ұлдарым да үй шаруасына осал емес. Балаларымның алды жоғары оқу орындарын аяқтап, үйлі-күйлі болып отыр.

Ата-енелері мені «құдағай» деп сыйлап жатады. Түрлі тағдырмен келген сәбилердің мінездері де сан алуан болады ғой. Барлығын тәрбиелеп, өсіру оңай емес. Туған аналарындай бола алмасам да, өздерімен сырласып, ақылымды айтып, жақын тартуға тырысамын. Барлығының болашағы жарқын болғанын қалаймын, – деген «көп балалы ананың» сөзі көңілімізге  қонды.

АРМАНЫН  АЯЛАҒАН  ҚЫЗ

Түскі асқа таяу оқушылар сабақтарынан орала бастады. Қарсы алдымыздан бойжетіп қалған Гүлжәнел шыға келгенде, оның табиғи сұлулығына таңғалдық. Бірақ бізді баурағаны ақкөңіл мінезі еді. Риясыз әңгімесін айтып, өзінің ең үлкен арманымен бөлісті. Гүлжәнелдің туған әпкесі мен ағасы бар екен. Аналары өмірден өткен соң, әкелері қайғыдан ішкілікке бой ұрған. Үйдің үлкендерін басқа отбасылар асырап алыпты. Ал кенже қызы Гүлжәнелді әкесі ешкімге бергісі келмеген. Алайда көп ұзамай әкелік құқығынан айырылып, Гүлжәнел екінші сыныпта оқып жүрген кезінде балалар ауылына орналастырылған.

– Болашақта өз нанымды тауып, жей алатын мамандық иесі болуым керек.

Сондықтан ҰБТ-ға мықтап дайындалып жүрмін. Адал жолмен жүріп, ерінбей қызмет етсем, жолым өзінен-өзі ашылатынына бек сенімдімін. Кейін арнайы бағдарламалар арқылы Оралдан үй алып, әкемді жаныма көшіргім келеді. Егер мен оны бағып, жағдайын жасасам, ол теріс әдеттерінен арылуы мүмкін, – деген Гүлжәнел көзіне жас алып, аз ғана бөгелді. Осы тұста оқушы қыздың әр сөзін салмақтап айтатын, дұрыс шешім қабылдай білетін мінезін анық аңғарып, іштей көңіліміз  марқайды.

ТҮЙІН

Жеткіншектердің  ата-аналары мен  туыстары  ара-тұра  келіп, жағдайларын  біліп  кетеді  екен. Патронатты тәрбиеге  асырап  алушы  отбасылар  да ұшырасады.  Сонымен  қатар  жергілікті  кәсіпкерлер әр  үйге  сый-сияпаттарын жасап,  әрдайым  демеушілік  көрсетеді.  Яғни  балалардың  тиісті деңгейде  дамып,  тұлға  ретінде  қалыптасуларына барлық  жағдай  жасалған.  Біз  кетерде  балалар араның  ұясындай  гуілдеп  түскі  астарын  ішіп жатты.  Олар  әдеппен  қоштасып, жымиып  қала бергенде,  әлдене  жүрегімізді  ақырын-ақырын шымшығандай  еді. «Мына  жалған  өмірде өз балаңа  ата-ана  бола  білу  де  үлкен сын  екен» деген  ойды  түйіп  шықтық…

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар