Жаңа қосымша іске қосылды

Облыстық  ақпараттандыру, мемлекеттік  көрсетілетін  қызметтер  және  архивтер басқармасының жаңа орталығы қыркүйек  айында ашылған  болатын. Бейсенбі күні облыс әкімі  Алтай  Көлгінов аталған  орталыққа  арнайы келіп, онда қызмет ететін  мамандармен тілдесті.

Басқарма басшысы Сәкен Нұртазаевтың мәлімдеуінше, мұндағы барлық қызмет ашық форматта жүргізіледі. Орталықта әзірге 15 ІТ-маман қызмет етуде.

Алдағы уақытта кадр санын көбейту мақсатында жергілікті жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылыпты. Осылайша жастар арасында жаңа технологиялар насихатталуда.

– ІТ Hub кіші индустриялық аймағында түрлі стартаптар ұйымдастырамыз. Ол жерде ұсынылатын тың идеяларды жүзеге асыратын боламыз. Бүгінде орталық қызметкерлері елуге жуық ІТ-жобамен жұмыстануда. Астана қаласындағы Назарбаев университетімен байланыс орнаттық. Жалпы, мамандар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға дайын. Мәселен, өңір экономикасының барлық саласын цифрландыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен «Smart city» жобаларын дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырудамыз, – дейді Сәкен Рүстемұлы.

Жаңа орталықтың қызметімен танысқан облыс басшысы ІТ-мамандар тарапынан ұсынылған тың жобалар ескерусіз қалмайтынын  айтты.

– Қаламызда цифрландыру бойынша бірнеше жоба іске асырылуда. Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру ниетімен Оралда «Смарт Орал» орталығын аштық. Енді  2020 жылға дейін шалғайда орналасқан жүзге жуық елді мекенге талшықтық-оптикалық байланыс желісін, яғни ғаламторды жеткізуіміз керек. Мұның барлығына тек цифрландыру арқылы қол жеткізе аламыз. Сондықтан сіздердің кез келген тың идеяларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бастысы, ұсынатын жобаларыңыз қолданушыларға ыңғайлы әрі түсінікті болуы керек. Жуырда ашылған ІТ-лицейде білім алып жүрген жас жеткіншектерге барып, дәріс оқып, оларды жаңа технологияға баулыңыздар. Ақпараттық технологиялар саласында бәсекеге қабілетті болу маңызды,  – деді Алтай Сейдірұлы.

Кездесу барысында жаңа «Смарт Орал» қосымшасы қолданысқа ұсынылды. Енді смартфон қолданушылары «ақылды қалаға» арналған қосымшаны «Play market» арқылы телефондарына жүктеп, пайдалы ақпараттарға қол жеткізе алады.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»