Нан қымбаттамайды

Күнделікті  тұтынатын  тауар  бағасын  негізсіз  өсіргендер  жауапкершілікке  тартылатын  болады.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтың төрағалығымен, өңірдегі нан өнімдерін өндіруші ірі кәсіпорындардың жетекшілерінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Басқосуда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіретін сұрыпты нан бағасын  бекіту  турасында  айтылды.

Аталған жиынға нан өнімдерін өндіруші «Антипов» ЖК, «Попков» ЖК, «Доценко» ЖК және «Желаев КХП» АҚ, «Белес Агро» ЖШС секілді ұн тарту мекемелері қатысты.

Өзекті мәселе талқыланған жиында ұн тарту кәсіпорындарында бірінші сұрыпты нан бағасын әр бөлкесінің құнын 70 теңге шамасында тұрақтандыру үшін ұн мөлшерінің жеткілікті екендігі айтылды. Бүгінде бірінші сұрыпты ұнның келісі 95-96 теңге шамасында. Аталған сала кәсіпорындарының басшылары нан бағасын қымбаттатпайтындықтарын  айтты.

Сондай-ақ «№1 нан зауыты» атынан жарияланған «Нан өнімдерін өндіруші барлық кәсіпорын нан бағасын өсіргелі жатыр» деген ақпаратты аталған кәсіпорын  басшысы  жоққа  шығарды.

– Бірінші сұрыпты нан бағасы 70 теңге көлемінде сақталады.

Басқа кәсіпорын басшылары атынан жалған ақпарат таратуға, өңір тұрғындарының тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін алыпсатарлыққа жол берілмейді. Өзара келісіп, бағаны негізсіз көтерген жайттар тіркелген жағдайда арнайы тексерістер жүргізіп, заң шеңберінде жауапкершілікке тартатын боламыз, – деді  Игорь  Стексов.

Айта кетейік, биылғы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6 пайызға арзандаған. Атап айтқанда, картоп 24 пайызға (105 теңгеден 80 теңгеге), пияз 10,5 пайызға (95-тен 85 теңгеге),  жұмыртқа 17 пайызға (231 теңгеден 190-ға), күнбағыс майы 1,2 пайызға арзандаған.

Сонымен қатар халық күнделікті тұтынатын тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 156 рет жәрмеңке өткізіліп, 480,7 миллион теңгенің  өнімі  сатылған.

* * *

Қараша айының алғашқы күні әлеуметтік желідегі тәуелсіз басылымдардың сайттарында Орал қаласында нан бағасы қымбаттағаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Жұма күні туындаған түйткілдің түйінін шешу мақсатында нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдымен өңірдегі нан өнімдерін шығаратын «Толецкий» жеке кәсіпкерлігінде болды. Кәсіпорын директорының орынбасары Антон Маркушиннің айтуынша, бүгінде нанның құны бұрынғысынша бірқалыпты бағада сатылуда.

– Біздің кәсіпорын өндіретін нан өнімінің бағасы биыл қымбаттамайды. Бүгінгі таңда бірінші сұрыпты нан 70 теңгеден, жоғары сұрыпты ұннан дайындалған нан  90 теңгеден сатылуда. Әрбір жеке кәсіпорын шығынға жұмыс жасамайтыны анық. Әзірге қоймадағы бар ұнды пайдаланудамыз.

Астықтың жаңа легін қандай бағамен алатынымыз әзірге белгісіз. Нан пісіруге қажетті қант бағасының келісі бұрын 180-190 теңге болса, қазір 122 теңгені құрап отыр. Оған электр  энергиясы, көгілдір отын, тасымал шығындары қосылады. Егер ұн бағасы биылғы жылдағыдай 10-15 теңгеге қымбаттайтын болса, нан бағасын осы қалыпта ұстап отырамыз деп еш кәсіпорын кепілдік бере алмайды, – дейді Антон Маркушин.

«Доценко» шаруа қожалығының құрылтайшысы Николай Трегубовтың айтуынша, нан бағасы жақын күндері қымбаттамайды. Себебі нан өнімдерін өндіруге қажетті астықты кәсіпорын өз егіс алқаптарында өсіреді екен. «Бүгінде қоймада астығымыз бар.

Қорымыз жеткен уақытқа дейін нан бағасын өсірмейміз. Бүгінде біздегі бір қап ұнның құны 4350 теңге тұрады. Наубайханада тәулігіне 1500-1800 бөлке жоғары сұрыпты, 1000-1100 дана бірінші сұрыпты нан пісіріледі», – деді Николай  Викторович.

Ал Орал қаласы әкімінің орынбасары Сергей Доляның айтуынша, әкімдік жанынан нан бағасын реттеуге байланысты арнайы комиссия құрылған. Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдері, қалалық әкімдіктің мамандарынан құрылған комиссия шаһардағы нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындарды аралап шығып, талдау жасаған. Сондай-ақ кәсіпорын басшыларымен де тілдескен. Бүгінгі таңда бірінші сұрыпты астықтан пісірілген нанның бөлкесі 70 теңгеден, жоғары сұрыпты нан 90 теңгеден артық қымбаттамайтын көрінеді. Барлық кәсіпорын бірқалыпты жұмыс жасап жатыр. Астықтың қоры  да  жеткілікті.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»