«АРЗАНДАП» барамыз ба?

Оқырман   пікірі

Қазір  маңдайында  «арзан»  деген  жазуы  бар дүкендерді  көшеден  жиі  кездестіретін  болдық  соңғы екі-үш жылда.  Жауыннан  кейінгі саңырауқұлақтай  «қаулап өсіп», қаланың  әр бұрышында қаптап  бой  көтерді.

Алыстан еріксіз назарыңды аударып, менмұндалап шақырып тұрады. Сосын да шүлен таратып жатқандай, солай қарай ұмсынып, кіріп-шығып жатқан адам қарасы мол.

Нарық заманы болған соң дүкен сыртына не жазса да, «қазаншының» өз еркі. Сол нарықпен бірге ере келген «маркетинг» деген заманауи ұғым неғұрлым көбірек пайда тауып, адам тарту үшін қандай айла-шарғыға да бара беруге «пәтуа» қылады. Сондықтан біреуге пәлен деп пәлсапа соғуға моральдық, заңдық құқығымыз жоқ.

Дегенмен сол «Арзанның» ішіндегінің бәрі расымен арзан ба? Соған бас қатырып жатқан жан баласы жоқ. Арзан болған күннің өзінде сапасы сын көтере ме? Аты арзан екен деп, затына үңіліп жатқан тағы ешкімді көрмейсің. «Арзанның сорпасы татымайды» деп қазақ бекер айта ма?

Қазіргінің саудасы «алдап сатсаң да, арбап сатсаң да, қалай болғанда да мал тап» деген қағидаға сүйенеді. Содан да саудагерлер «арзан» деген сөзді қармаққа ілген жауынқұрттай құлшына пайдалануға құмар. Айналып келгенде, сол қармаққа түсіп жатқандардың көбі қалтасы жұқа, көңілі жүдеу қараша халық екені түсінікті. Ал ислам мәдениетінде сауданың өзі әділ, адал болуы қатты ескеріліп отырған. Тауардың қандай да бір кемкетігі болса, ол тұтынушыға міндетті түрде алдын ала мәлім етілген. Өкінішке қарай, біз сол ар-абыройды саудаға салмайтын дәстүрлі түп-тамырымыздан қол үзіп бара жатқандаймыз.

Жағдайы төмен ағайын бірді бірге жалғай алмай отырған соң арзан екен деп, иісі қолқаңды қабатын сапасыз, кейде тіпті саулығыңа қауіп төндіретін зиян дүниелерді тұтынуға мәжбүр. Ал мұның салдары талғамсыздыққа, жадағайлыққа, тексіздікке бастайтынын екінің бірі ұғып жатқан жоқ. Арзан деп сабылып жүріп, өзіміз де «арзандап» кетпесек екен дейсің…

Әбу   НАСЫР,

Орал  қаласы