2.11.2018, 21:07
Қараулар: 13
Жатақхана «жыры» бітер уақыт таяу

Жатақхана «жыры» бітер уақыт таяу

Батыс Қазақстан облысында 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Оның 500-і  жоғары оқу орнында, 1750-і колледжде оқиды. Жастардың түйткілді мәселесіне орай Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» «… Бәрімізге белгілі, басқа қаланың жастары қаланың шетіндегі ескі үйлерді жалдауға мәжбүр. Осыдан кейін сапалы білім алу туралы сөз қозғау мүмкін бе?», – деген болатын. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысы жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне жатақхана салуды тапсырды. Соған орай өңірде қандай жұмыстар қолға алынды және қай оқу орындары жатақханамен қамтылмақ?

Өзекті   мәселенің   оң   шешімі

Жатақхана салу мәселесі бойынша облысымызға арнайы іссапармен келген «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың айтуынша, студенттерді жатақханамен қамту мемлекеттік тапсырыс және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге аспақ. Яғни жеке кәсіпкер меншігіндегі бос тұрған ғимараттарды, мәселен, мемлекет меншігінде, банкте кепілдікте тұрған мүліктер мен бұрынғы қонақүйлерді студенттер үйіне айналдыруға мүмкіндік беріледі. Егер жаңадан салынған құрылыс болса, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпкерге әр студент үшін 122 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал құрылыс қайта салынған нысан болса, 47 айлық есептік көрсеткіш бойынша өтемақы төленеді. Аталған жоба студенттердің жатақханаға деген сұранысын қанағаттандырумен қатар, кәсіпкерлерге де зор мүмкіндік тудырмақ.

– Жатақхана дегенде ешбір жағдай жасалмаған, тар бөлме емес, студенттің бос уақытын тиімді өткізетін, қажетті қызметті алуына мүмкіндік беретін студент үйі болуы керек. Қаржыны дұрыс бөліп, тиімді жұмсаған кезде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары өзін-өзі тез ақтайды.

Студенттер үйінде ғаламторға қосылған компьютер, жаттығу залдары және асхана, шаштараз, дәріхана болғаны дұрыс. Осы бағытта кәсіпкерлерді жобаға атсалысуға шақырамыз. Өйткені мұндай ұсыныс кәсіпкерлер үшін тиімді. Біздің орталық кәсіпкерлерге жаңа жатақхана құрылысын салумен шектелмей, дайын тұрған бос ғимараттарды студенттер үйіне айналдыруға қолдау білдіреді. Бұл үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарастырған. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң ғимаратты кәсіпкер өз үлесіне алуына немесе коммуналдық мекеме ретінде тіркетіп, келісімшартқа отыруына болады, – дейді Талғат Матаев.

500   орындық   жатақханалар

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың мәліметінше, Орал қаласында салынатын жатақханалар құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Мәселен, Орал қаласының А. Тайманов көшесі, 221-үй мекенжайында орналасқан Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің жанынан 500 орындық жатақхана бой көтермек. Жатақхана құрылысына арналған жер учаскесінің ауданы –  1,9 гектар.

Жобаның жалпы құны  32 986,0 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жобалаушы – «Газсервис и К» ЖШС. Жобалау мерзімі сегіз айға жоспарланған. Бұл екі тоғыз қабатты 500 орындық жатақхана жоба бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжіне, Құрманғазы атындағы саз колледжі және Орал қаласының газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі мен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенттеріне берілмек.  Сондай-ақ  Орал қаласындағы Еуразия көшесі, 238-үй мекенжайында орналасқан Орал политехникалық колледжіне 150 орынға шақталған бес қабатты жатақхана салу жоспарланған. Жатақхана құрылысына арналған жер учаскесінің ауданы – 0,212 гектар. Облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға 2500,0 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.  Сондай-ақ Бөрлі ауданында да студенттер жатақханасы салынбақ. Яғни Ақсай техникалық колледжіне тиесілі 150 орындық жатақхана құрылысының жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жатақхана құрылысына арналған жер учаскесінің ауданы – 0,38 гектар.  Жобаны «Газсервис и К» ЖШС жасауда.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – өңіріміздегі  іргелі оқу орындарының бірі. Аталмыш білім ордасының студенттері үшін келесі жылы тоғыз қабатты 500 орындық  жатақхана бой көтере бастамақ. Бүгінгі таңда университетте 1026 орынға арналған үш студенттік жатақхана бар. Бұл жатақханалар студенттер сұранысының  70  пайызын  қанағаттандырып отыр. Мұнда әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ көп балалы отбасынан шыққан студенттерге жатақхана бірінші кезекте беріледі және университетке қабылданған бірінші курстың студенттері мен «серпіндіктер» жатақханамен толық қамтылуда. Өңірдегі медицина мамандарын даярлайтын Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттеріне де 500 орындық жатақхана салу жоспарланғанын айта кетелік.

Жатақхана  салудың  әлемдік  тәжірибелері

Өзге мемлекеттерде жатақхана мәселесі қалай шешімін тапқанын білу үшін ғаламторды шарлаған едік. АҚШ, Англия, Германия секілді алпауыт мемлекеттерде студенттік жатақханалар құрылысын кәсіпкерлер мен жеке компаниялар өз демеушілігімен салады екен. Мемлекет өз тарапынан салыққа жеңілдік жасайды. Мәселен, АҚШ-та жеке кәсіпкер мемлекеттен жер алып, жатақхана салды делік. Сосын құрылысқа жұмсаған шығынын студенттердің төлемақысы есебінен қайтарып алады. Ондағы кәсіпкерлер жатақхананы көбіне қонақүй секілді салуға ниетті. Өйткені ғимаратты оқу жылы кезінде студенттер үйі есебінде, жазғы демалыста саяхатшылар үшін қонақүй ретінде пайдалануда. Шетелдік оқу орындарында өзге мемлекеттен келген студенттерге арналған арнайы бір бөлім жұмыс істейді. Онда студенттің оқу үлгерімі қаралып, сұранысқа орай университеттің жатақханасынан немесе оқу орнына жақын маңнан пәтер табуы-на көмектеседі. Сондай-ақ студенттің оқу үлгерімі қандай екенін тұратын жатақханасынан да аңғаруға болады екен. Нашар оқитындар қарапайым секциялы жатақханада орналасса, сабақ үлгерімі жақсыларына бассейні, фитнес залдары бар жатақхана бұйырады. Бұл студенттердің оқу үлгерімін жақсартуға  ынталандыру мақсатында жасалған жағдай көрінеді.

Осындай игі дәстүрлер өңірімізде жүзеге асып, заманауи  жатақханалар  салынса, білім қуып келген жастардың уайымы  сәл де болса,  бәсеңдер еді.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар