31.10.2018, 22:01
Қараулар: 116
«Ел тарихын тұлғалар жасайды»

«Ел тарихын тұлғалар жасайды»

«Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»

(ҚР Президенті Н. Ә.  НАЗАРБАЕВТЫҢ  «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан)

Сейсенбі күні Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерінің игілігі үшін жарқын істерімен танылған өңір меценаттарын «Жомарт жүрек –  2018»  сыйлығымен  марапаттау  форумы  өтті. Шара барысында биылғы жылы меценаттардың көмегімен «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан және болашақта іске асырылатын Орал қаласы, сондай-ақ 12 аудан әкімдіктерінің әлеуметтік  жобаларының  көрмесі  ұсынылды.

Форумға облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала және аудан әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

– Ақ Жайық – ата дәстүрінен айнымаған, салтына берік, ұлттық құндылықтарды қадір тұтатын қасиетті өңір. Бізде елдің қамын өз мүддесінен биік қойып, атамекеннің  абыройын асқақтатып жүрген азаматтар аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтіп, нақты міндеттер жүктеді. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Ақ Жайық өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жеткілікті. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – адамзатқа тән мейірімділік пен кеңдіктің көрінісі. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, алты арнайы жоба, алты кіші бағдарлама арқылы жүзеге асырылуда. Аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Осы уақытқа дейін облыс бойынша 60 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Әсіресе, өңір меценаттары спорт, денсаулық, білім салаларына көбірек көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда облыстағы әрбір елді мекенде спорт кешендері мен балалардың ойын алаңдары, мектептерде арнайы кабинеттер жабдықтап, материалдық-техникалық әлеуетті жаңарту, аудандық музейлерді тың дүниелермен толықтыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер орнату секілді шаралар атқарылуда. Бізге сонымен қатар республикалық қорлардың да көмегі тиюде. «Самұрық Қазына Траст» ұлттық қоры мен «Асыл мирас» қайырымдылық қоры облысымыздағы спорттық-әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамуына зор үлес қосты. Биылғы жылы да «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 134 меценаттың қатысуымен 166 жоба жүзеге асырылып, түрлі деңгейде шаралар өтті. Оның 138-і ауылдық округтерде, 20 жоба аудандық деңгейде, сегізі облыс орталығында жүзеге асты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы бесінші қазандағы халыққа Жолдауында да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы одан әрі жалғасатынын атап өтті. Аталған бағдарлама аясында өңірімізде іске асырылған қайырымдылық және әлеуметтік маңызды шараларға жұмыла қатысқандарыңыз үшін  сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Алтай Көлгінов. Содан соң облыс басшысы өңірдің, ауыл-аймақтың дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар меценаттарға «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыс етті.

«Жыл меценаты» аталымымен «Автокомбинат» ЖШС-ның директоры Валерий Голоухов, «Жылдың әлеуметтік жауапты ұйымы» аталымы бойынша «Uniserv» ЖШС-ның бас директоры Нұрғазы Сәтбаев, «Алтын ұя» аталымымен «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов марапатталды. Ал «Туған өлке» аталымы бойынша «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно, «КТК» ЖШС-ның директоры Сержан Айтжан, «БелесАгро» ЖШС-ның директоры Мұрат Жәкібаев, «Батыс Пауэр» ЖШС-ның директоры Жасұлан Жақыпов және Батыс Қазақстан облысының  этномәдени  бірлестігі  марапатталды.

Валерий Голоухов басшылық ететін «Автокомбинат» ЖШС «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен «Әмбебап дүкеннің» маңында тынымбақ салып, қала күніне тарту жасады.

Кәсіпкер бұл жұмысқа 58 млн. теңге жұмсаған. Ересектердің тынығуы мен балалардың ойнауына арналған тынымбаққа арықтар тартылып, су құбыры жүргізіліп, жасыл  желек  пен  екпе  шөп  егілді.

– Бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде.

Өз  ісін дамытамын деген жанға түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер  қарастырылған. Соның қайтарымы ретінде өңірдегі әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға, мәдениет пен спорт, білім саласын дамытуға жеке кәсіп иелері де атсалысу керек. Біз ар-ұятты, отансүйгіштікті, өз елін, жерін, қаласын шынайы сүйетін өскелең ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, –  деді кәсіпорын басшысы Валерий Голоухов. Сонымен қатар шара барысында өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген 14 батысқазақстандық облыс әкімінің ал-ғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында «ГазПромПроект» ЖШС-ның директоры Михаил Кульпин, ақжайықтық «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев, Бөрлі ауданындағы «АқсайБизнесСтрой» ЖШС-ның бас директоры Анвар Агаев сынды бір топ жомарт жандар бар.

Айта кетейік, аталған форумда облыс бойынша үздік деп танылған 29 меценатқа 11 аталым бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталған болатын. Сахна төріне көтерілген облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, өлкетанушы, елге сыйлы қария Жайсаң Ақбай құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар меценатты «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттады.

Биылғы жазда «Асыл мирас» орталығының бастамасымен Орал қаласында аутизм дертіне шалдыққан балаларға жәрдем беруге арналған көпбейінді орталық ашылған болатын. Орталық 15 жасқа дейінгі аутистік спектр дертіне шалдыққан балаларды қабылдайды. Орталық әдістемесі халықаралық зерттеулерге негізделген. Ғылыми кеңесшілер ата-аналарға ақпараттық және психологиялық қолдау көрсетеді. Осындай игі бастаманы қолға  алған «Асыл мирас» орталығының негізін қалаушы Болат Өтемұратов «Жүректен жүрекке» аталымы бойынша марапатталды.

– Қайырымдылық танытып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырғандығыңыз үшін өңір тұрғындары және өз атымнан зор алғыс айтамын. Сіздердің азаматтық ұстанымыңыз бен ұлтжандылығыңыз, жанашырлығыңыз көптеген қазақстандықтарға үлгі болмақ, – деді меценаттардың бірін марапаттаған Ақұштап Бақтыгереева.

Ал «Әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін» аталымын иеленген «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы  550 миллион теңгеге 11 спорт қалашық салды. Сол игі бастаманың нәтижесінде 20 мыңнан астам батысқазақстандық заманауи жабдықталған спорт алаңдарында жаттығуға мүмкіндік алды.

Маңызы зор шараға арнайы шақырылған еліміздің танымал әншілері Айгүл Иманбаева мен Қазбек Қасымның орындауындағы әндер мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Медхат ҚАМБЕТОВ,

БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы, «Туған өлке» аталымының иегері:

– Біздің  облыста  53  этномәдени  бірлестік болса, соның 16-сы облыс орталығында орналасқан. Бірлестіктер күнделікті жоспарлы жұмыстарынан тыс туған ел мен жерге жақсылық жасаудан тартынған емес. Биылғы жылдың көктемінде Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылдық округінің Өркен ауылына «Достық» бағын сыйға тарттық. Бұл жұмысқа шаһардағы барлық этномәдени бірлестіктер жұмыла атсалысты. Өз қаржыларына салынған баққа 360 түп ағаш отырғызылды. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл берекелі іс ынтымақтың, бірліктің арқасында жүзеге асқан игілік.

Роберт ИРМЕНОВ,

«Орал Полимер» ЖШС директоры, «Әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін» аталымының иегері:

– Біздің компания ұзақ жылдан бері көп қабатты тұрғын үй салумен айналысады. Бүгінге дейін өз қаражатымыздың есебінен облыс орталығында 20-дан астам көп қабатты тұрғын үй салдық. Соңғы жылдары жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ескі үйлердің орнына жаңа көп қабатты тұрғын үй салумен айналысудамыз. 2016 жылы қыс мезгілінің қарсаңында Орал қаласындағы төрт пәтерлі тұрғын үй өртеніп кеткен болатын. Панасыз қалған тұрғындарға көмек қолымызды созып, өртенген үйдің орнына су жаңа баспана салып бердік. Еңбегіміз еленіп, осындай марапатқа ие болғанымызға қуаныштымын.

Нұрдәулет АЙБОЛАТОВ,

Қазталов ауданы Қошанкөл ауылындағы Ғ. Бегалиев атындағы мектептің оқушысы, «Батыл жүрек» аталымының иегері:

– Мен ата-анаммен Қошанкөл ауылында тұрамын. Әкем Асқар Аткешев – жеке шаруа. Анам Гүлжан Сисенова – мектепте мұғалім. Үйдегі үш ұлдың кенжесімін. Биылғы 5 мамырда тоғанға батып бара жатқан үш жасар баланы құтқарып қалған едім. Сол себепті бүгін үлкен марапатқа ие болдым. Өте қуаныштымын. Бірақ мен ол кезде мақтану немесе марапат алуды мақсат тұтқан жоқпын. Бар ойым сол баланың өміріне араша түсуде болды. Ол жерде менің орнымда болған әрбір жан сәбиді құтқаруға бел буатыны анық. Дегенмен, менің аз да болса, ерлігімді ескеріп, марапатқа ұсынған аға-апаларыма ризамын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.