31.10.2018, 21:13
Қараулар: 3
Ешкімнің нұсқауынсыз жұмысшыларын қуантты

Ешкімнің нұсқауынсыз жұмысшыларын қуантты

Елбасы  «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының  өсуі:  табыс  пен  тұрмыс  сапасын  арттыру»  атты  Жолдауында  отандастарымыздың  әл-ауқаты,  ең   алдымен,  табыстарының  тұрақты  өсімі  мен   тұрмыс  сапасына байланысты  екендігін   атап   көрсетті.  Үкіметке  2019  жылдың  1  қаңтарынан  бастап  ең  төменгі  жалақыны  1,5 есе,  яғни  28  мыңнан  42  мыңға  дейін  өсіруді  тапсырды.  Сонымен  қатар «Бұл  барлық  сала  бойынша түрлі меншік  нысандарындағы  кәсіпорындарда жұмыс істейтін  1  миллион  300  мың   адамның  еңбекақысын  тікелей  қамтиды», – деп  айқын көрсетіп берді.  Бұл  бастаманы  Ақ  Жайық өңіріндегі  ірі  мекеме-кәсіпорындар  бірден  іліп  әкетті. Солардың бірі  «Желаев  нан комбинаты»  АҚ  басшылығы  ешкімнің  нұсқауынсыз,  өз  бастамаларымен  ең   төменгі  жалақы  мөлшерін  көтеруге  шешім  қабылдады.

Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ ұжымында  560 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Аталмыш АҚ-ның директоры Эдуард Федорченконың айтуынша, Елбасының тапсырмасына орай алдағы 2019 жылды күтпей-ақ, ең төменгі жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын 10%-ға көтеруге шешім қабылданған. Қазіргі уақытта комбинатта ең төменгі жалақы мөлшері – 50 мың теңге болса, ондай көлемдегі жалақыны 26 адам алады. Олар негізінен техникалық қызметкерлер, аула сыпырушылар,  асхана  қызметкерлері.

– Акционерлік қоғам басшылығы жыл сайын еңбеккерлердің жалақысын өсіріп отырады. Мысалға, 2017 жылы ұжымдағылардың жалақысы 20%-ға өсті. Биыл тағы 10 пайызға көтеріп отырмыз. Жыл соңына таман және құрылтайшылардың жиналысынан кейін 2019 жылға жалпы қызметкерлердің жалақысын өсіру мүмкіндігі қарастырылмақ. Жылма-жыл еліміздің, өңіріміздің және комбинаттың игілігі, өркендеуі жолында тер төгіп жүрген еңбеккерлеріміздің табысын молайтып, қолдап отырамыз, – деді аталмыш АҚ-ның директоры Эдуард Федорченко.

Бүгінде Желаев комбинаты макарон өнімдерінің 20-дан астам түрін өндіреді. Макарон өндірісі желісінің қуаттылығы айына 4 мың тоннаны құрайды. Желаев астығы өзінің сапасымен ертеден танымал. Оны өндіру қуаттылығы айына 7,5 мың тонна шамасында. Комбинаттың  өнімдері өз елімізде, қала берді Ресейде үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ оралдық комбинаттың өнімдері Түркіменстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға  экспортқа  шығарылуда.

Биылғы жыл басында кәсіпорынның №3 макарон фабрикасында қуаттылығы сағатына 2 мың келі өнім шығаратын жаңа италияндық «РАVАN» желісі орнатылды.  Қазір жаңа құрылғы қуатын толықтай пайдалануға жетісті. Онда жылына 14 мың тоннадан астам макарон өнімдері шығарылуда. Аталмыш фабрикада 80 адам жұмыс істейді. Э. Федорченко жаңа макарон цехын салуда мемлекеттің көмек-қолдауы болғанын, яғни цех құрылысына және ондағы құрал-жабдықтарды орнатуға жұмсалған шығын мемлекет есебінен өтелгенін айтты. Ендеше, Желаев комбинаты иелерінің бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі, өз қызметкерлерін  қамқорлауы  да  көңілге  қонымды.

– Тыңнан қосылған цехта сапалы астықтан макаронның жаңа 12 түрі өндіріледі. «Мартин», «Честная цена» және өзге де сауда белгісімен сағатына 2 тонна, бір күнде 30 тоннаға дейін өнім өндіреміз, төрт ауысыммен жұмыс істейміз. Елбасының тапсырмасымен жалақымызды өсіріп жатыр, қуаныштымыз. Табысыма көңілім қанағаттанады, – деді №3 макарон фабрикасының ауысым технологы Шынар Шүңірекова. Әріптесінің сөзін ауысым шебері Леонид Гехт та қолдады. Өйткені табыстың, яғни жалақының тұрақты өсімі  әр жұмысшыға қуаныш сыйлап, оның отбасының тұрмыс-тіршілігін жақсарта  түсері  анық.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар