31.10.2018, 21:06
Қараулар: 45
«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Сөйтіп, бір  айға  жуық  ел аралаған сапарымыз  аяқталды. Сапар  деп  отырғанымыз, «Жайық Пресс»  медиахолдингінің  өз  оқырмандарымен кездесуге  арнайы  шыққан  іссапары  ғой. Он  екі  ауданды  көктей  өткен  бұл  ұзақ  іссапар өзінің  нүктесін  Тасқала  мен  Зеленовта  қойды.  Талай  кездесулер  мен  емен-жарқын пікірлесуден  тұрған  осынау  бұрын-соңды  болмаған  жобаның  журналистерге  де,  оның  патша  көңіл оқырмандарына да пайдасы зор болғанын  бастан кешіп,  жан-тәнімізбен сезіндік.  Газеттен  қол үзбеген, келешекте де іргесін аулақ салмайтын жанашырларымызды көріп, жүздесіп, тілдесіп қуандық. Ықыластарына тебірендік. Оқырманның  сын-ескертпелерін  жадымызға  түйдік.  Қаламымызды қайрап, тың  тақырыптарға,  соны мәселелерге шабыттандық.

Сонымен,  ұзақ  сапарда  шала ұйқы,  жолсоқты, шаршаңқы  болсақ та, «Жол мұраты – жету» деп жаңа  жобаның  мақсатына  жеткеніне риза болдық.

Зеленовқа қайтар жолда соғармыз деп бірден Тасқалаға тарттық. Ойпырмай-ай, жол деп соны айтыңыз! Өткенде Қаратөбеге сапарымызда жолдың жайлығы сондай, қаладан тауықтың алғашқы шақыруында шыққан біз, Жымпитыдан аса бере ұйқыға бас қойғанбыз. Бұл жолы ұйықтағанымыз өз алдына, түс көріппіз. Түсімізде Тасқаланың іргесінен қос етек көйлек киген, бұраң бел, қолаң шаш бойжеткендер қарсы алып жатыр екен. Ояна келсек, түсіміз өңімізге айналып жүре берді. Ақ пен бауырсақ ұсынып, «Қош келдіңіздер, қонақтар!» дейді бір шоғыр болып қарсы алуға шыққандар.

Көп ұзамай кезінде Шыңғырлау ауданын басқарғанда соңында жарқын із, жасампаз іс қалған, бүгінде Тасқаланың тізгінін ұстаған Алдияр Сансызбайұлы Халеловтың қабылдауында отырдық. Емен-жарқын әңгімеде әкім аудан өмірінен біраз сыр тарқатты. Армандарын да жасырмады. Газ, су, жол бар. Енді тек еңбектену қажет, тер төгіп жұмыс істеу керек. Халықтың жаманы жоқ, тек оны ұйымдастыра біл. Бие байлап, қымыз саууды жолға қоюды армандайды. Бір үйдің баласындай тату-тәтті бірліктің берекесін ойлайды. Тасқаладан кейін көрші Ресей басталады, барыс-келіс жыл өткен сайын көбеймесе, азаймайды. Қазақстанның құйттай бір бөлшегі Тасқаладан қазақ жері басталады, шекара іспетті.

Әріден алсақ, сонау Еуропадан әрлі-берлі сапарлаған өзге жұрт үшін Қазақстанның қақпасы десеңіз, қателеспейсіз. Өзге қонақ-жұрт сыншы келеді. Сол жолаушылар бұл тұстан өткенде Тасқала түрленіп, нұрланып тұрса, шіркін! Ол үшін ең алдымен тазалық керек, жайқалған тал-терек керек. Анау ұзын жолдың бойында демалып, тынығып, ауқаттанып аттанатын кафе, мейрамханалар, қонақүйлер, кемпингтер көз тартып, шақырып тұрса?.. Сол іргеден өтетін жолдың бойынан не керектің бәрін көтерме бағамен қопара сататын қоймалар салса?.. Одан тасқалалықтармен қатар, ресейліктер де Оралға бармай-ақ, керегін саудалап жатса.. – Талай қиын кездерден өттік қой. Қазір заман жақсарды, тұрмыс та түзелді. Енді ойда жүрген армандарға армансыз ұмтылатын күндер келді, – дейді аудан әкімі. Алдияр әкім осы армандарын ардагерлермен кездескенімізде де бүгіп қалмады. Тағы бір арманы  – ауданда Тасқаланың арғы-бергі тарихын тарқататын музей-мұрағат жоқ.

Тасқалаға табаны тиген қонақтарға ұялмай көрсететін, оны тезірек жасақтап, өз алдына ғимаратқа айналдырса деген арман әкімге әзірге тыныштық беретін түрі жоқ. Айтпақшы, ардагерлермен кездесуіміз аумағы атшаптырым жайылған шай дастарқандағы мамыражай әңгіме үстінде қызды. Жұбанышалиев Серік ағамыз: – Сіздер бюджеттен қаржыландырылмайсыз ба? Газеттеріңізге құттықтау, хабарландыру берейік десек, ақылы ғой.

Оларды тегін беруге болмай ма? – деді. Бұл сұраққа «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов: – Бюджеттен жалақыға, қағазға ғана қаржы бөлінеді. Серіктестік ретінде қалған шығындарға кететін қаржыны өзіміз табуымыз керек, – деді. Бас директордың сөзінің жаны бар, әу баста газет құттықтау, түрлі хабарландыруларды тегін бере бастаған. Сол  сол-ақ екен, құттықтаулар мен хабарландырулар жауып кетті.

Олардың бәрін беретін болсақ, газеттің беті жетпейтін болды.

Содан басылым ондай қызметтерін ақылы жүйеге көшірген. Оның үстіне, «әншейіннің әкесі өлген» нарық заманы ғой, газет те одан қашып құтыла алмады.

Өлкетанушы Ғалым Хисаметдиновтің  пайымдауынша, Тасқалаға алдағы жылы 250 жыл толмақ. Ауданның тарихын жан-жақты ашып жазатын материалдар керек дей келіп, ақсақал аудан әкімінің жанына батып жүрген музей жасақтау мәселесін тағы қозғады. Облыстық, аудандық газеттің редакцияларына ылғи елеңдеп отыратын бұрынғы сәулетші Дамир Яфаров «Бізге құрылыс тарихынан мақала жазып беріңізші» деген өтініштерді күтіп жүретінін айтты. Ондай тапсырыстар болып жатса, қаламы «ерттеулі». Баяғыдағы жалындаған комсомол жастардың бригадаларын неге ұмыттық? Жастар жарқылдап жүріп сенбіліктер өткізетін. Тамаша еңбегімен аудан, облыс аумағында аттары аңызға айналған озаттар болып еді ғой… Соларды бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етіп, дүркін-дүркін жазып тұрсын журналистер. Осы арада аудан  әкімі  Алдияр Сансызбайұлы:

– Иә, ағалар, дұрыс айтасыздар. Тасқалада да тастүлек, жалындаған жастар баршылық. Мен оларға бір көшені алыңыздар да, құлпыртыңыздар, жайнатыңыздар дедім. Ауық-ауық ақсақалдармен ақылдасып тұрыңыздар деп жүрмін. Сіздер де көрген-білген, ойға түйгендеріңізді айтыңыздар деп, әңгіменің шоғын көседі. Ет пісірім уақытқа созылған әңгіме-дүкенде ақсақалдар армансыз ақтарылды. Мұнда да бұған дейінгі кездесулерімізде өзге аудандарда көтерілген бала тәрбиесі, жастар мәселесі, еңбек ету, ауыл тазалығы сияқты өміршең мәселелер көтерілді.

*   *   *

Аудандық мәдениет үйінде атағы алысқа кеткен «Ақ тілеу» әжелер ансамблімен кездесуіміз көкейдің төріне көрікті бір мезет болып қонақтады. Гәкку ғұмырдың әні мен жыры болып шалқып жататын мәдениет ошағының табалдырығынан аттай бергенімізде, шалқыта салған ән келді құлағымызға. Ақ текемет пен қалы көрпенің үстінде қалқып отырған әжелеріміз бізді әнмен қарсы алды. Әнебір жылдары Елбасының өзін әнмен қарсы алған аяулы ансамбль бұл! Кезінде осы ауданның отымен кіріп, күлімен шыққан, қара жұмыстың қандайын да  атқарған, еңбеккер әжелер. Бүгінде ән шырқап қана қоймай, жаңа түскен келіндерге баталарын беріп, жастарға ақылдарын айтып, қазақы жөн-жосықты құлақтарына құйып отыратын қазыналар ғой бұл аналар. Дастарқан басында қырғыздың, қазақтың әндері кетті әуелеп. Әжелермен кездесуімізді өзі де әжелердің өкшесін басып жүрген  Майра  ханым жүргізіп отырды.

Төлегеннің, Мұқағалидың, Қадырдың, Есениннің өлеңдерін өзі шығарғандай нәшіне келтіріп, оқығаны қандай… Аққұба өңінен сәуір сәуле саулап, осы кеше ғана түскен келіндей сызылып, әжелерді  таныстырғаны  қандай…

Қыз күндері мен келіншек кездері «Қош, аман болға!» баяғыд-а-а бұрылса да, сынын жоғалтпаған қайран біздің әжелер! Ақ торғынға малынып, айналасына  ақ нұр төккен, жүздерінен иман мен мейірім қатар тараған сіздердің орындарыңды енді бір  20-30 жылдан соң  кімдер басар екен, шіркін-ай?!

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген, әжелермен де әзіліміз жарасып жүре берді. Қарап отырмай, «Газетімізге хабарландыру беріп, сіздерге әнші қарттар тауып берейік» дедік-ау. Әжелеріміз мәз болды. Тап осы сәтте үстімізге аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы кіріп келгені: – Ойбуй-й-й, маған музей уайым болып жүрсе, әжелерге шал уайым, – деп бәрімізді  ду  күлдірді.

*   *   *

Тасқалада делегация мүшелері Ешкітаудың басына шығып, аңқылдай соққан желге кеуделерін тосып, айналаны шолды. Алақандағыдай алдарына келген тау сілемдерінің қойнауына көз қыдыртып: – Шіркін, көктемде келсе, көркіне көз тоймайтын  жер ғой, бұл! – деп тамсанды. Ақтау ауылындағы Ақбұлақтың басына барып, тасты жарып ағып жатқан кәусардың суымен таңдай жібітті.

Тасқаланың тамашасын түгендегенімізде, барлық шаралардың бас-аяғында қасымызда аңқылдап сөйлеп, жарқылдап күліп, арасында ән бастап, сонысымен баяғыдан журналистердің өз адамындай болып кеткен, аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызы  жүргені  бір  көрім  болды.

Кешкісін «Жайық Престің» шаралары аудандық мәдениет үйінде жалғасты.

Айтпақшы, оқушылардың қалам қарымын сарапқа салған байқауда Қ. Сәтпаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Алина Жалқатова (жетекшісі Айымкөз  Шакирова), Атамекен мектебінен 11-сынып оқушысы Камила Мұратова (жетекшісі Гүлшат Сағатова), Ақтау мектеп-балабақша кешенінің 11-сынып оқушысы Гауһар Татаханова (жетекшісі Кенжеғали Аспандияров) облыстық байқауға жолдама алды.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында ауданымызда «Туған жер» этномәдени іс-шаралар кешенін ұйымдастыра келген меймандарды аудандағы лауазымды тұлғалар қарсылап алды.

Алтын дәнді өлкенің қонақжайлығын сезінген меймандарға облыстық ақындар айтысының жүлдегері, белестік мұғалім Естеміс Мұқамбетов жырдан шашу шашты.

Бұдан кейін медиахолдинг ұжымын аудан әкімі Асхат Шахаров қабылдады.

– Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын халыққа насихаттау мақсатында атқарып жатырған еңбектеріңіз жемісті болсын!  – деді Асхат  Берлешұлы.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов өз кезегінде аудан басшы сына атқарып отырған жұмысына  толайым  табыс  тіледі.

Қабылдаудан кейін бас директор Рауан Сәбитұлы мен «Орал өңірінің» арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев аудан ардагерлерімен, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Қ. Аманжолов атындағы мектепте мұғалім қауыммен, ал «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова аудандық орталық  аурухана  ұжымымен  кездесті.

Кездесулер барысында оқырман мен медиахолдинг арасындағы көпірді нығайтуға байланысты орынды ұсыныс-пікірлер айтылды.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде «Өрімтал» жас тілшілер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды.

– Туған жер – аясы кең ұғым. Барлық жақсылық осы туып-өскен өлкеден басталары анық. Сондықтан әр азамат өз туған еліне немқұрайлы қарамай, бар ниетімен нақты көмегін көрсетсе, ол сауапты іс. Бүгінгі шара жерлестерімізге үлгі боларлық жоба деп білемін. Ізгілікті шараны ұйымдастыра келген «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымына ризашылығымды білдіріп, қолға алған осындай шараларыңыз алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табады деген сенімдемін, – деді аудан әкімі Асхат Шахаров салтанатты  шарада.

Бұдан кейін сөз алған «Жайық Пресс» медиахолдинг директоры Рауан Сәбитов аудан әкімі бастаған ұжым мен тұрғындарға өз  ризашылығын  білдірді.

– Құрметті алтын дәнді өлкенің тұрғындары, біздің патша көңілді оқырмандарымыз, жас достар, баршаңызға бүгінгі кешімізге қош келдіңіздер дейміз. Журналистер қауымының ел арасында көп жүретіні өздеріңізге мәлім. Бірақ біздің бүгінгі сапарымыздың жөні бөлек. Біріншіден, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды насихаттау мақсатында ел арасына шығуды жөн көрдік. Мемлекет басшысы мақаласында туған жерге ерекше тоқталады. Өйткені, әр адамның жүрек төріне қонақтайтын ең қастерлі ұғым – туған жер. Біздің бүгінгі шарамыздың туған жер аталуының  себебі  де  осы.

Екіншіден, жергілікті жерлерде оқырмандарымызбен қауышып, ой-пікірлерін білу мақсатымен келіп отырмыз, –  деді Рауан Сәбитұлы.

Айта кету керек, екі облыстық және он екі аудандық басылымның басын қосқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы бұған дейін он бір ауданда болып, оқырмандармен  жүздескен  болатын.

Шара барысында Рауан Сәбитов аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген оннан астам ауылдық округ әкімдері,  аудандық басылымға жан-жақты және қаржылай-материалдық қолдау көрсетіп жүрген аудан кәсіпкерлері «Асан Ауыл» ЖШС-ның жетекшісі  Бейбіт Асанов, «АСФА» ЖШС-ның жетекшісі Иван Енютин, аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген аудандағы мекеме басшылары, олардың ішінде Переметный мектебінің директоры Мәлік Өтешов, Зеленов колледжінің директоры Александр Бақтыгереев, Достық жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Светлана Голубева, Қ. Аманжолов атындағы мектеп директоры Роза Тасанова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов, аудандық орталық аурухана директоры Тимур Мұсағалиевты алғысхаттармен марапаттап, сый-сияпаттар  табыс  етті.

Сонымен қатар аудандық басылымды оқырмандарға уақтылы жеткізіп жүрген пошта қызметкерлері Макаров ауылдық округінің пошта торабының басшысы Ақмарал Телжанова мен Мичурин ауылдық округі пошта торабының пошташысы Гүлшат Сейтімоваға  сыйлықтар  ұсынылды.

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы аудандық басылымға тұрақты түрде сапалы мақалалар  жазып жүрген газеттің штаттан  тыс тілшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Ешниязоваға (Егіндібұлақ ауылдық округі), еңбек ардагері Майдан Жұбандықовқа (Көшім ауылдық округі), Жанерке Ерболқызына (Мичурин ауылдық округі), еңбек ардагері Николай Анципровичке (Переметный ауылдық округі), Достық жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ернарын Ғиылмановқа «штаттан тыс  тілші»  куәлігін   табыс   етті.

«Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова аудандық басылымға тұрақты түрде тырнақалды өлең-мақалаларын жазып жүрген мектеп оқушылары Ділназ Жәнібекова (Егіндібұлақ мектебінің оқушысы), Ришат Шәріпов (Қ. Аманжолов атындағы мектептің оқушысы), Бақтыбай Тәжімұратов (Қ. Аманжолов атындағы мектептің оқушысы), Ғасыр Серікұлы (Достық мектебінің оқушысы), Нұрасыл Ізбасаровқа (Достық мектебінің оқушысы) аудандық «Ауыл тынысы» қоғамдық-саяси газетінің «Жас  тілшісі»  куәліктерін  табыс  етті.

Ал «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев «Өрімтал» жас тілшілер байқауының жеңімпаздарына жолдамалар табыс етті.  Олар: Ғасыр Серікұлы (Достық мектебінің оқушысы, жетекшісі Ернарын Ғиылманов), Мәдина Ибрагим (Дариян мектеп-гимназиясының оқушысы), Ернияз Ерсайынұлы (Дариян мектеп-гимназиясының оқушысы, жетекшілері Ақтілек Нұритденова).  Енді бұл оқушылар қараша айында өтетін облыстық байқауда бақ сынайтын  болады.

Шара шеңберінде аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған бір топ азаматқа облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», аудандық «Ауыл тынысы» басылымдарына 2019 жылға жазылғандығы жөніндегі түбіртектер  салтанатты  түрде  берілді.

Мерекелік шара аясында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері, халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаттары әннен шашу шашып, мереке көрігін қыздырды.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Ертай   БИМҰХАНОВ,

Нұрлыбек  МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Тасқала – Зеленов