31.10.2018, 20:13
Қараулар: 72
«БҚО партияның бастамашыл жобаларын жүзеге асыруда алда келеді»

«БҚО партияның бастамашыл жобаларын жүзеге асыруда алда келеді»

Бүгінде 34 мыңнан астам батысқазақстандық «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Соңғы екі жылда 3354 адам партияға қабылданып, жемқорлыққа жол берген  22  адам партия қатарынан шығарылған.

Бұл туралы кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті ХХІІ есеп беру-сайлау конференциясында мәлім болды.

Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партияның облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов, саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, облыстық мәслихаттың депутаттық фракцияларының мүшелері, аудандық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, облыстық атқару құрылымдарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе бойынша сөз алған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен облыстық филиал жанындағы Саяси кеңестің 2017-2018 жылдардағы жұмысын қорытындылады. Жиырма жылға жуық тарихы бар, шын мәнінде халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» партиясының Елбасы саясатын жүзеге асыруға бағытталған баянды бастамаларға қолдау көрсетіп, әрдайым экономикалық, әлеуметтік және саяси салалардағы істердің ұйытқысы болып жүргенін атап өткен Серік Кенжебекұлы партияның облыстық филиалы есепті кезеңде Елбасының Қазақстан халқына Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласының негізгі  бағыттарын, сайлауалды, жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асыру, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, қоғамдық қабылдаулар мен саясиқоғамдық шараларды  ұйымдастыруға басымдық бергенін жеткізді.

– Сайлауға түскен кезде «Нұр  Отан» партиясы бес жылға жоспарланған бағдарламасын құрды.

Онда нақты индикаторлар белгіленді. Осы мақсат-міндеттерді орындау үшін күш салып келеміз.

Сондықтан, облыста жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламаларда «нұротандықтардың» үлесі мен уәдесі барын ескеруіміз керек.

Жергілікті атқарушы құрылымдардың жұмысы облыстық мәслихаттағы 26 депутаттан тұратын фракция арқылы анықталып, қажеттілігіне қарай Саяси кеңесте немесе Саяси кеңес бюросында қаралып келеді.

Елбасы, Партия Төрағасы Н. Ә. Назарбаев қазіргі таңда еліміздің дамуына үлкен серпіліс беріп отырған «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырған болатын. Осы маңызы зор міндетті іске асыру мақсатында фракциялар жанынан құрылған комиссиялар облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан нысандарға үнемі бақылау жүргізіп отырады. 2017-2018 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 19 жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 24,7 млрд. теңге  және «Нұрлы жер» аясында 102 жобаны іске асыруға 31,2 млрд. теңге бөлінді.

Жұмыстардың барысы комиссиялардың бақылауында. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында Батыс Қазақстан облысында келелі іс-шаралар жүйелі іске асырылуда. Ұлт руханиятын түлетуге арналған тың жобалардың тиімді жүзеге асуы мен орындалуы «Нұр Отан» партиясының тікелей бақылауында. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтық жобалық кеңсесімен бірлесе «Туған жер», «Киелі жерлер географиясы», «100 жаңа есім», латын әліпбиіне көшу бағытындағы жұмыстар өз ретімен жүзеге асырылуда, – деді Серік Сүлеймен.

«Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес алдағы сайлауларда мәслихат депутаттары жекелей емес, партиялық тізім бойынша сайланады. Яғни, партиялар бәсекесі арта түседі. Жиында «нұротандықтар» келешекте партия атынан саяси додаға ұсынылатын партиялық резервтің сапасын арттырып, нақты құрамын жасақтау мәселесін талқыға салды. Бұл мақсатта «Партия кадрлары» бағдарламасы дайындалған екен.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жаңа 20 партиялық жоба да жүзеге асуда.

– Облыстық кәсіпкерлер палатасымен және уәкілетті мемлекеттік құрылымдармен үш жақты меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде, «Балалар үшін тегін IT-сынып» партиялық жобасы аясында өңірде 15 IT-сынып ашылып, оларда 1500 оқушы білім алуда. Келер жылы тағы 50 ІТ-сынып ашылмақ. Облыста 83 кітапхана «онлайн кітапхана» жүйесіне қосылған. Бүгінде цифрландыруға жататын 5290 кітаптың 3259-ы сандық форматқа аударылды. Қалған 2200 кітапты біртіндеп аударатын боламыз.

Партияның «Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында кітапханаларды қазіргі заманғы коворкинг және білім орталықтарына айналдыруды қолға алдық. Облыста жастарға арналған 7 коворкинг орталық жұмыс жасауда. Ауыл балаларына ағылшын тілін үйрететін 20 жазғы стационарлық лагерь ашылып, 2000-нан астам бала оқытылды. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты және «Болашақ» қауымдастығы «English for Jastar» жаңа жобасын жемісті жүзеге асыруда. Жоба аясында 10 студент еріктілерімен бірге ауылдық жерлердегі 600-ге жуық оқушыға ағылшын тілін үйретуде, – деді Серік Кенжебекұлы.

«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлмесі халық пен билік арасын жалғайтын сенімді тетікке айналып үлгерді. Есепті кезең ішінде 1 аймақтық және 13 аумақтық филиалдағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6038 тұрғын келіп жолықса, 2143 адамның мәселесі оңтайлы шешілген. Әсіресе, ішкі істер құрылымдарымен, облыстық  әділет департаментімен бірлескен «Жолда қабылдау», «Әділет кеңес береді» сынды акциялар, «7-20-25» бағдарламасының аясында өткен қабылдаулар қарапайым тұрғындар үшін өте тиімді.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев  партия мүшелерінің Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін бірден-бір күш екеніне тоқталып өтті.

– Халық Елбасы Жолдауындағы міндеттердің қашан және қалай жүзеге асатынын күтеді. Біз партияның рөлі осы жерде айқын аңғарылуы тиіс деп есептейміз. Жолдауды іске асыру жөніндегі жүзге жуық шара Президент Жарлығымен бекітілді. Нақты мерзімі мен жауапты құрылымдар да көрсетілген. Біз үшін осы нақты индикаторлар бақылау көздері болып табылады.

2016 жылдан бері партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысын, яғни халық алдында берген уәделердің орындалуын бақылап келеміз. Мәжіліс депутаттары басқаратын он екі комиссия, партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестер тоқсан сайын Жолдаудың орындалу барысын қарайтын болады. Екіншіден, 240-тан астам қоғамдық қабылдау бөлмесі бар, азаматтармен тікелей кездесулер өткізу барысында Жолдауда аталған нақты шаралардың орындалуы туралы ақпараттар жинақталады. Үшіншіден, ақпараттар өңірлер бойынша әлеуметтік мониторинг жүргізу нәтижесінде жинақталады. Стратегиялық бастамалар институты арқылы «Әлеуметтік мониторинг» жобасы жүзеге асатын болады. Астанада отырып, арнайы бағдарлама арқылы кез келген өңірде сауалнама жүргізе алатын деңгейге жетеміз. Төртіншіден, БАҚ пен әлеуметтік желілерді зерделей отырып, туындаған мәселелерді сараптаймыз. Сөйтіп, Жолдауға байланысты мәселелерді осы төрт бағыт бойынша бақылауды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Ауқымды қоғамдық бақылауды ұйымдастыруда партия филиалдарының әлеуетіне сүйенеміз. Батыс Қазақстан облысы  – партияның барлық бастамашыл жобаларын қолдап, бірден жүзеге асыруда алда келе жатқан облыстардың бірі, – деді Қаныбек Бекболатұлы.

Ең маңызды бастамаларды талқылау үшін «NurOtanTrends» және «NurOtanTalks» атты жаңа форматтағы пікірталас алаңдары құрылғаны мәлім. Оған қоса партия жұмысына PRINCE 2 басқару үлгісі енгізіліп, нұротандықтар жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшкен болатын. «Нұр Отан» партиясы жаңғыру аясында 20-дан астам жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде цифрландыру үдерісіне үлес қосуға бағытталған ІТ-сыныптар мен орталықтар ашу, партияның барлық қызметін цифрландыруға бағытталған «Цифрлы партия» жобасы да бар. Ал партиялық білім беру сапасын арттыруда Саяси менеджмент академиясы құрылды. Сонымен қатар жастармен белсенді жұмыс – басым бағыттардың бірі.

Конференцияда сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов цифрландыру аясындағы жобаларды «нұротандықтардың» ең алғашқы болып қолға алуы қажеттігін атап өтті. «Кейбір мәселелерді талқылауды онлайн дауыс беру арқылы шешсек, ал жиын уақытын сайлаушылардың  мәселелерін талқылау және нақты жоспарлар құру сынды ең өзекті сұрақтарға арнасақ, тиімді тұсы мол болар еді. Халықтың өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасы Жолдауы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасы алдымыздағы жаңа межелерді анықтап берді. Сайлаушылар бізден не күтеді, қандай сенім артады?

Осы мәселені ең басты назарда ұстауымыз қажет. Партияның облыстық филиалы алдында маңызды әрі жауапты жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр», – деді жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.