Төлеген СЕБЕПОВ: «Мол дүниеге ұмтылмағаным үшін өкінбеймін»

Жуырда Қаратөбе ауданының  құрметті  азаматы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі»  ордендерінің иегері, еңбек ардагері Төлеген Себепов  80 жасқа толды. Кезінде Қаратөбе аудандық  кеңесі атқару комитетінің төрағасы,  Тайпақ  аудандық   ауыл   шаруашылығы басқармасының  басшысы, Орал ет-консерві  комбинатында партия  комитетінің хатшысы, облыстық  асыл  тұқымды мал  бірлестігінің  директоры, өзге  де  бірқатар  жауапты қызметтерді  абыроймен атқарған  Төлеген  Себепұлымен жүздесіп,  оның  ғибратты өмір  өткелдері  хақында әңгіме  өрбітудің  сәті  түскен еді.

– Төлеген аға, алғаш рет еңбекке араласып, тәжірибе жинаған жеріңіз туралы айтып берсеңіз?

– Осы күнгі Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында Жұмашев дейтін кеңшар директоры болды. Оның баласы Алматыда бізден бір курс жоғары оқыды. Жұмашев 1959 жылы баласының тойын Алматыда жасады. Той үстінде менің фамилиямды естігенде қасына шақырды да, «Сен, осы Себептің баласы емессің бе?» деп сұрады. 1928-29 жылдары әкем екеуі Оралдың техникумында бірге оқыған екен. Содан ол мені алты айлық өндірістік тәжірибені «Егіндікөл» кеңшарынан өтуге шақырды. Мен бардым. Жұмашевтың астында «Қазбек» деген мықты аты бар екен. Бұрын «Қалдығайты» МТС-ында директор болған кезінде осы аты оны қатты бораннан адасқанда аман алып қалыпты. Жұмыс бабымен өзге кеңшарға ауысса да, сол атты қалдырмай алып жүреді екен. Ол уақытта веттехник, зоотехниктер фермаларды атпен аралайтын. Жұмашев менің астыма «Қазбекті» мінгізді. «Егіндікөлдегі» бірінші ферманың малдары Баянас, Тұщықара дейтін жерлерде бағылатын. Бірде Баянастан қайтып келе жатсақ, «Егіндікөлдің» қасындағы Қалдығайты өзені тасып жатыр екен. Қасымда үш-төрт кісі бар еді. Олар: «Осы «Қазбектен» мықты ат жоқ, сенің артыңнан жүреміз», – деді. Суға «күмп» етіп түстім де кеттім. Ағыс алып бара жатыр. «Қазбек» талмай жүзіп, 50 метрдей ығып барып, бір жарқабақтың тұсынан жағаға ытқып шықты. Қасымдағы кісілер өте алмай кейін кетті. Осындай жағдайда шаруашылықты ұйымдастыру, есеп-қисабын жүргізу жұмыстарымен айналысып, тәжірибе жинақтай бастадық қой. Оқуымды бітірген соң, «Қалдығайты» кеңшарындағы «Сталин жолы» деген бөлімшеге зоотехник болып жұмысқа тұрдым. Боз Бекмурзин деген бөлімше басқарушысы менің әкеммен бірге жұмыс істеген адам еді. Бір ғана бөлімшеде төрт мыңға жуық ірі қара, 33 мың қой, көптеген жылқы бар еді. Ал тұтас «Қалдығайты» кеңшарында 111 мың қой, 14 мың жарым ірі қара, бес мың жарымдай жылқы, 400-дей түйе, 200-дің үстінде қоян, мұның сыртында қаз-үйрек, тауыққа дейін өсірілді. Бөлімшеде 5-6 ай ғана жасағаннан кейін «Қалдығайты» кеңшарына зоотехниксұрыптаушы болып ауыстым. Бұл кеңшардың атағына Алматыда оқып жүрген кезімде-ақ қанық едім. Бірде Қой шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, Қыдырниязов деген ғылым докторы дәріс беріп тұрып, «Бүкіл Кеңес одағы бойынша ең арзан қой еті қай жерде екенін білесіздер ме?» деп сұрады. Қой шаруашылығымен айналысатын өңірлер көп қой, студенттер жер-жерден жамырасып білгендерінше жауап беріп жатыр. «Ең арзан ет Оралда, Оралдан келген жігіттер бар ма?» деді оқытушымыз. Бес-алты жігіт орнымыздан көтеріліп едік, «Ал осылардың ішінде Қаратөбеден келгендерің бар ма?» деді. Қаратөбеден келген үш жігіт бар едік. «Қаратөбе ауданында «Қалдығайты» деген кеңшар бар екен. Бүкіл Кеңес одағы бойынша ең арзан қой еті «Қалдығайтыда», – деді доктор. «Қалдығайтыда» жайылым жақсы, жем-шөпке көп шығын шықпайтын еді.

– Әрі  қарайғы еңбек  жолыңыз  қалай  өріліп  еді?

– 1962 жылы Қаратөбе ауданында «Қалдығайтыдан» бөлініп, «Шөптікөл» кеңшары құрылды. Енді осы кеңшарда бас зоотехник болып қызмет еттім. Алғашында «Шөптікөл» кеңшарының орталығы Қаратөбе ауданы орталығының ішіндегі ескі дайындау кеңсесінде болды. Содан Шөптікөл ауылын қай жерден саламыз деген мәселе көтерілді. Біреулері аудан орталығынан 20 шақырым жердегі Шөптікөл көлінің жағасынан салу керек десе, енді біреулері жақсы жер – Жусандыой, солай қарай бару керек, – дейді. Айналып келгенде, аудан орталығынан үш шақырым жердегі қазіргі Шөптікөл ауылы тұрған Елеусін деген жерден төрт үй тұрғызыла бастады. Сол алғашқы салынған төрт үйге қоныстанушылардың бірі менің жанұям болды. Осы ауылда қызмет қылып жүрген кезімде мені аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас зоотехник етіп ауыстырды. Бұл Қаратөбе өз алдына аудан болып құрылғалы жатқан 1966 жыл еді. Оған дейін Жымпитыға қараған болатынбыз. Содан 1967 жылы Қаратөбе ауданына қарасты «Саралжын» кеңшарында жем-шөп мәселесінен үлкен қиындық туындап, малдардың көбі көршілес Қызылқоғаға қыстауға жіберілді. Маған бас зоотехник ретінде осы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру жүктелді. Абырой болғанда, малды қыстан аман-есен алып шықтық. Осыдан соң 1968 жылы мені «Саралжын» кеңшарына директор етіп тағайындады. «Саралжын» алдыңғы қатарлы шаруашылық болды. 1969 жылы «Саралжын» кеңшары аудан бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды. Сөйтіп, 1969 жылдың қорытындысында бірқатар белді қызметкерлермен бірге мен де Еңбек Қызыл Ту орденіне ұсынылып, 1970 жылы осы марапатқа ие болдық.

– Қазақтың  ақиық  ақыны Мұқағали  Мақатаевтың «Саралжын» ауылына келіп, сол жердің сұлу табиғаты мен тарихына өлең арнағанын жергілікті жұртшылық жыр қылып айтады?..

– Иә, мен «Саралжын» кеңшарына директор болып тағайындалған жылы белгілі ақын-жазушылар Хамит Ерғалиев, Мұқағали Мақатаев және жерлесіміз Берқайыр Аманшин ел аралап жүріп, «Саралжынға» да келді. Сыйлы қонақтарды жақсылап қарсылап, шығарып салу бізге арнайы тапсырылды.

Қаратөбе жұртшылығы әуелден қонақжай халық емес пе, қонақтарды әбден ризалап күттік. Жазушылар қарттардың әңгімелерін тыңдады. Содан ертемен шаруашылықты аралап келсем, меймандар таңертеңгілік шай басында отыр екен. Хамит Ерғалиев: «Төлеген, айналайын, жақын маңда Мұхит бабамыздың кесенесі бар екен. Осы жерге келіп тұрып, ол кісіге бет сипамай кеткеніміз ұят болар. Зиратына барайық», – деді. Содан жеті шақырым жердегі Ақбақай деген көлдің жағасында тұрған Мұхит баба зиратына бардық. Ол уақытта Ақбақай көліне Жақсыбай өзені арқылы мол су келетін. Жақсыбай түу «Аққозының» сай салаларын, Сулыкөлді толтырып, табиғи арнамен ағып барып, Жайыққа дейін қосылып кетеді екен. Сонда зират басына барғаннан кейін Мұқағалидың шабыттанып тұрып айтқан  сөзі  былай  болатын:

«Ақбақай дейтін көл екен,

Айнала толы гүл екен.

Аялап атамекенін,

Қызғыштар қорып жүр екен.

Салттары да дүр екен,

Жігіттері де ірі екен.

Махамбет пенен Мұхиттар

Тірі екен, әлі тірі екен!» – деп бастап әрі қарай тағы бір-екі шумақ айтты. Бұл алдыңғы жолдар менің есімде қалғаны ғана. Зират басынан ауылға қайтып келген сәтімізде Мұқағали қатты сырқаттанды да қалды. Ол уақытта «Саралжынға» ұшақ қонатын. Ауданға келген санавиация арқылы тезірек ем алуы үшін Мұқағалиды жеделдетіп Оралға жөнелттік. Қалған қаламгерлерді «Аққозыға» қарай шығарып салдық. Содан Мұқағалимен жетпісінші жылы Алматыға үш айлық курсқа барғанымда тағы кездестім. «Қазақстан» қонақүйінде едім. Ол қонақүйден атақты партизан Қасым Қайсеновті де жолықтырдым. Бір күні қонақүйде жүрсем, біреу жарқын дауыспен «Төлеген!» деп дауыстады. Мұқағали Мақатаев екен. Қасында Шәмші Қалдаяқов бар. Екеуі де тым жақсы көңілді. Содан қазақтың асыл азаматтарын мейрамханаға апарып, жақсылап қонақ қылып жібергенім бар.

1972 жылы мені көршілес Тайпақ ауданындағы ауыл шаруашылығы басқармасына басшы етіп жіберді. Тайпақ та шаруашылық жөнінен облыс көлемінде ең алдыңғы қатарлы аудан болды. Тайпақта жүріп «Құрмет белгісі» орденіне ие болдым.

1975 жылы Мұстақым Ықсанов обкомға хатшы болып тағайындалды. Ұзамай Тайпаққа келіп, ұшақпен шаруашылықты аралады.

Мұстақым Біләлұлы «Орал» кеңшарының тұсында ұшып келе жатқанда бір отар қойды көрді де, сол жерге қонуға бұйрық берді. Ұшқыш жыртылған жерге қонуға болмайтынын айтып еді, обком хатшысы дауысын нығырлап қайтадан бұйырды. Содан сатыр-күтір етіп қондық-ау. Отарға жақындап келіп, «Ал, Себепов, ұсташы бір қойды», – деді маған Мұстақым Біләлұлы. Жас кезіміз ғой, бір қойдың сирағынан шап беріп ұстай алдым. Қойдың қоңын байқаған соң, етке тапсыруды қашан бастайтынымызды сұрады да, әрі қарай жүре берді. Содан кейін көп ұзамай мал тапсыру жұмыстарымен Атырауда жүрсем, «Ертең сағат тоғызға сені Ықсанов шақырып жатыр» деген хабар жетті. Түнімен жүріп, Атыраудан Оралға жетіп, бірінші хатшының алдына келдім. «Себепов, сен Қаратөбеден екенсің ғой?» деп бастады Мұстақым Біләлұлы әңгімесін. Қаратөбеде қандай қызметтер атқарғанымды сұрағаннан кейін «Қазір саған билет дайын тұр. Түс қайта ұшасың. Орталық партия комитетіне, министрлер кеңесіне барасың», – деді. Осылайша мені Қаратөбе аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындап жіберді. Содан 1984 жылға дейін осы қызметімді үздіксіз атқарып келіп едім. Бір күні Мұстақым Біләлұлы мені тағы шақырып алды да, қалауыма қарамастан, Оралдағы ет комбинаты ұжымының партия комитеті хатшылығына бекітті. Бірінші хатшы осыдан кейін бір жылдай уақыт өткенде мені және шақырып алды да, облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің директорлығына тағайындады. Бұл қызмет мамандығыма сәйкес болғандықтан, өзіме ұнады. Сөйтіп жүргенімде 1987 жылы жоғары басшылық мені түрлі себептерге байланысты әуелде еңбек жолымды бастаған «Қалдығайты» кеңшарына директор етіп жіберді. «Қалдығайты» кеңшары жақсы көтеріліп, Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарына ие болды. Осы шаруашылықты басқара жүріп, өзімнің де абыройым арта түсті. Тәуелсіздік алып, шаруашылықтар ыдыраған кезеңде шаруашылық басқарудағы айрықша нәтижелері үшін облысымыз бойынша төрт кеңшар директорына, яғни Шубин, Айтасов, Ғабденов, Себеповке «Өзі басқарған шаруашылықтың негізгі қорының 10 пайызы тегін берілсін!» деген қаулы шықты. Сонда 4 мыңдай қой, 350 ірі қара, 100 жылқы, 15 трактор, 15 автомашина мен пәленбай үй, қарайған қора-қопсы, 18 мың 700 гектар жер маған тегін берілмекші еді. Аудан басшысының қарттармен кездескен бір жиналысында қарттар маған «Әй, Төке, осы байлықпен қайда барасың? Шаруашылық дүрілдеп жүріп жатыр. Алсаң да, берсең де қолыңда емес пе?» деп кеңес берді. Содан жеке меншігіме бірде-бір малды алғаным жоқ. Өйткені ол халықтың мүлкі, халықтың еңбегі ғой. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққанымда астыма мініп жүрген бір «УАЗ-ды» үлесіме алдым да, балаларымның қасына қалаға, Оралға барып тұрдым. Бертін келе балалардың жұмыс жағдайымен Астанада тұрып жатқан жайымыз бар. Мол дүниеге ұмтылмағаным үшін еш өкінбеймін. Қазір балаларымның алды елуді орталап қалды. Екі ұл, үш қызым бар. Бәрі де жоғары білімді. Заманға сай ірі мекемелерде қызмет атқарып жүр. Оларға ризамын. Олардың кемпіріміз екеумізге айтатын бар шаруалары: «Папа, мама, демалыңдар.

Қайда барып демаласыңдар? Қаралыңдар, емделіңдер». Солар-дың айтуымен әр түрлі елдерді, түрлі шипажайларды аралап жүреміз. Немере, шөберелеріміз бар.

Бәйбішем екеуміздің отасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанымызға 55 жылдан асыпты. Енді кемпіріміз екеуміздің жасымыз ұлғайған шақта, біз үшін Астана да, Алматы да арман емес. Өзімнің туған жерім Қаратөбе. Ол жерде Тышқантай бейіті бар. Сонда әке-шешем,  өмірден озған ағайын, тума-туысқандарым жатыр. Енді Қаратөбеден үй алып, сондағы Тышқантайдың суын ішіп, қалған ғұмырымды сол жерде сүрсем де-ген ойым ғана бар…

Сұхбаттасқан Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»