9.10.2018, 12:34
Қараулар: 84
Туған жерге тағзым – перзенттік парыз

Туған жерге тағзым – перзенттік парыз

Хамза Есенжановтың туғанына 110 жыл

Жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығы Теректі ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Алдымен аудан орталығындағы мәдениет үйінде «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы болды.

Тұңғыш рет жүзеге асып отырған шара Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өрбіп, көпшіліктің басын қосты.

Форумды аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов ашып, құрметті қонақтарға «Қош келдіңіздер» айтты. Сонымен бірге ауданда кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асқан бірқатар жұмысты тілге тиек қылды.

Мән мен маңызы зор шараға арнайы келген танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық  әдеби сыйлығы және  «Құрмет» орденінің иегері, БҚО-ның құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тәрбиесі, мәдениеттілік турасында әңгіме өрбітті. «Туған жерге деген махаббат сәби шақтан баланың санасына сіңіп, тәрбие арқылы жетілуі тиіс» деген ақын кіндік қаны тамған өлкесін жырға қосты.  Теректі халқы  аяулы ақын қызына құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыс етсе, жастар арасынан Д. Есеналиева және С. Құлмұханова ақын өлеңдерін оқыды.

Ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин ауданда дүниеге келген тұлғаларға ерекше тоқталып, барлық салада елге аянбай қызмет жасап жүрген теректіліктерге алғыс білдірді. Еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, «Тоғыз толғаныс» кітабының авторы Дәурен Сағынғалиев білікті педагогтердің қоғамдағы рөлі, ұстаздар мәртебесі хақында сөз қозғады.

Форум спикерлері ауданда жасалып жатқан жүйелі жұмыстарға жақсы баға беріп, осындай шараны ұйымдастырған аудан басшылығына  алғыс  білдірді.

Одан соң «Жомарт жүрек – 2018» сыйлығының иегерлері марапатталды. Бұл сыйлықты табыстаудың басты мақсаты – бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру, қайырымдылық, мейірбандылық секілді қасиеттерді насихаттау. Ел мүддесін биік қояр азаматтарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов құттықтап,  алғыс білдірді.

«Жыл меценаты» аталымын Сағидолла Еркебаев, «Туған өлке» аталымын Ибрагим Жақсымбетов, Қатауолла Ашығалиев, Валерий Голоухов, Арман Ғаббасов, Қайрат Садықов, Ұлықпан Мұхамедяров, Тілекқабыл Жұмағалиев, Александр Овченник, Жұбан Шиназбеков, «Жүректен жүрекке» аталымын Мирхат Жұмашев, Виктор Галкин, Руслан Лұқпанов, Роллан Бектеміров алды. Юрий Махметов «Әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқаны үшін», Сержан Идиятов, Аманғали Бөкенбаев «Жылдың қайырымды адамы» аталымымен марапатталды. «Әйел. Қоғам. Болашақ» (жетекшісі – Гүлмира Төлегенова) «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы» деп танылса, «Алтын ұя»  аталымында Надежда Бисалиева жеңімпаз болды. Екі балғынды суға батып бара жатқан жерінен құтқарып, ерлік жасаған Юбилейный ауылының тұрғыны Миржан Қуанышқалиев «Батыл жүрек» аталымы бойынша марапатқа ие болса, «Жыл адамы» аталымына Зәуреш Шатикова лайық деп танылды.

Меценаттар форумы «Теректі ауданының құрметті азаматы» атағын табыстаумен жалғасын тапты. Мұндай атаққа ие болғандардың ішінде Ерғали Бекетов, Мәпу Біләлов, Өтеген Ғайнуллиев, Хамидолла Ғайсин, Сәлімбай Мәдиев, Федор Савичев, Хамит Салахиев, Марат Сарбөпеев, Шәрапи Шотанов бар.

Данқты жазушының мерейтойына арналған шаралар легі орталық алаңда өрбіді. Атаулы күнде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ауданымыздың түкпір-түкпірінен келген тұрғындар кештің өте жақсы өтуіне өз үлестерін қосты.

Орталық стадионда әр ауылдық округ халқы ақшаңқай киіз үйлерін тігіп, бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болды. Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнді әуелетіп, көрерменнің көңілін көтерді. Ауданымыздың әр ауылынан келген әжелер ансамблі өнерлерін жұртшылыққа паш етті. Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де өткен болатын. Стадионға жиылғандар концертті тамашалап, керек азық-түліктерін алып, бір марқайып қалды.

Салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған қазақ күресі, асық ату, қой көтеру, қол күресі сынды сайыстарға қатысушылардың қарасы көп болды. Қол күрестен І орын федоровтық Н. Қыстаубаевқа бұйырса, подстепныйлық Мұрат Баубеков «Түйе палуан» атағын жеңіп алды. 51 рет қой көтерген Бақытжан Қойланов қой көтеруден жеңімпаз атанып, көтерген қойын қанжығасына байлады. Асық атудан І орынды Ө. Мүбарак (Федоров) иеленді.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы