9.10.2018, 11:51
Қараулар: 262
Алыптар ұшқан алтын ұя

Алыптар ұшқан алтын ұя

Биыл  Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылдық округінде орналасқан М. Жүнісов атындағы ЖОББ мектебіне 150 жыл толды.

Ғасыр жарым тарихы бар мектептің тамырлы тарихына үңілер болсақ, 1868 жылы Бөкей ордасында жеті мектеп ашуға Патша жарлығы шыққан екен. Сол жылы 29 қазанда жеті мектептің біреуі болып Қамыс-Самар қисымындағы  Глинянский елді мекенінен бір кластық Қамыс-Самар мектебі ашылған. Аталмыш мектепте  алғашқы мұғалім болып Шинкин деген қазақ оқытушысы болған. Кейін 1871 жылы Орынбор генерал-губернаторының келісімімен бұл жерде Новая Казанка ауылы құрылды. Алғашқы кезде  Қамыс-Самар мектебіне 1890 жылға дейін жергілікті бай балалары оқуға тартылған болса, кейін 1894-1895 жылдары қарапайым шаруа қазақтар мен татарлардың балаларына да оқуға мүмкіндік туды. 1911-1915 жылдары Қазақ ССР-ның халық ағарту ісінің үздігі Ақжан Ишанов Орданың екі кластық училищесін бітіріп келіп, шәкірттерге дәріс берді. 1916-1917 жылдары Нарын және Қамыс-Самар мектептері ірілендіріліп, оқу орыс мектебі үлгісінде жүргізіліп, оған 50 шәкірт тартылды. Қазақтың қайраткер қызы Алма Оразбаева осы мектепте еңбек жолын бастады. Ал Сейітқали Меңдешев кейін Қазанның мұғалімдер семинариясын бітіріп келіп, осы мектептің алғашқы ұстаздарының бірі болды. 1922-1923 жылдары аудан бойынша әр үйдің бір  бөлмесі алынып, он шақты баладан сауат ашу мектептері ашыла бастады. Кейін ол Дәулет есімді байдың екі қабатты ағаш үйіне жинақталып «коммуна приют» деп аталды. Коммуна приютте кедей балаларына бір киер киім, ыстық тағам беріліп, қайырымдылық жасалып, халық – ел қамқорлығына бөленді.

150 жыл толған мерейлі мерекені жаңақазандық жұртшылық пен мектеп ұжымы үш күн бойы дүрілдетіп атап өтті. Дүбірлі тойдың алғашқы күні, яғни Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында М. Жүнісов атындағы ЖОББ мектебінің 1996 жылғы түлектері ауылға кіреберіс қақпа орнатып, туған жерлеріне және өздері тәлім алған білім ордасының мерейтойына тарту жасады. Кіреберіс қақпаның ашылу салтанаты одан әрі дала қызықтарына жалғасты. Бұл жерде мерекеге жиналған жұртшылық тай жарысы, ат жарысы және аламан бәйгені қызықтап, спорттық ойындарды тамашалады.

Екінші күні мектеп оқушылары  Қазақстанның құрметті журналисі  Тихон Әліпқалиұлы, Ербол Ғұмарұлы және тағы да басқа елге танымал осы мектептің  түлектерімен  «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты дөңгелек үстелде кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әдемі әңгіме өрбітті. Сонымен қоса бұл күні мектептің мерейтойына орай ұйымдастырылған Сатым Әбуұлы атындағы жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир оздырылды. Халықтың қанын қыздырып, делебесін қоздырған додалы жарыс әрмен қарай мектеп ұжымы мен түлектерінің гала-концертіне ұласты. Мектептің мерейлі тойына арналған гала-концертте еліміздің үлкен-үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген мектеп түлектері келіп, алтын ұя мектептеріне ән мен биден тарту тартты.

Ал думанды тойдың соңғы күнінде қазақ даласына танымал болған аталмыш мектептің түлектері өздеріне қанат бітіріп, үлкен өмірге жол көрсеткен білім ордасында бас қосты. Сонымен қоса облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының 3-шақырылымының депутаты Рашит Ахметов, 2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған, жерлесіміз,  генерал-лейтенант Оқас Сапаров, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нәсіпқали Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Жасқалиева  және ұзақ жыл лауазымды қызметтер атқарған зейнеткер Ғабдірашит Қарменов жиынның құрметті қонағы болды. Олар алдымен осы мектептен түлеп ұшқан Жұмалиевтер әулеті 2 млн. теңгеден астам қаражатына жасақтап берген мәжіліс залының ашылу салтанатына қатысты. Бұл жерде алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов қазақ даласында ашылған алғашқы мектептердің тарихына шолу жасай отырып, тарихы терең М. Жүнісов мектебінің түлектері мен ұжымын аталмыш мерекелерімен құттықтады. Ал ардагер-ұстаз Нұрсұлу Галимуллина мектеп тарихын еске алып, заман талабына сай, бүгінгі таңда білім жүйесіндегі цифрландыру үрдісіне орай, мектеп оқушыларының білімдерін арттыруға өз септігін тигізетіндей тамаша мәжіліс залын жасақтап беріп отырған Жұмалиевтер отбасына алғысын білдірді. Одан әрі қонақтар жергілікті бюджеттің 7 млн. теңгесіне жасақталып, жаңартылған мектеп мұражайының ашылу салтанатына жиналды. Мектептің, қала берді ауылдың тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалаған үлкендер, өткен өмірлеріне бір сәт саяхат жасағандай әсер алды. Сонымен қоса мереке қонақтары мектеп ауласына бюджеттің 9 млн. теңге қаржысына салынған жаңа үлгідегі шағын футбол алаңының ашылуына қатысты. Мерекеге орай Ленин орденінің иегері, осы мектепте ұзақ жыл биология пәнінен сабақ берген Ғұмар Салықовтың ұлы Ербол Салықов игі іс жасауда әке жолын қуып, өз мектебінің 150 жылдығына 150 түп тал тарту етті.

Сол талдарды отырғызып, мектеп ауласын абаттандыруға өз үлестерін қосқан қонақтар одан әрі ат басын ауылдың мәдениет үйіне тіреді. Мәдениет үйінде аталмыш мерекеге орай «Тарихы шежіре, тағылымы мол оқу ордасы» атты салтанатты жиын өтті.

Нұрғали   ҒАББАС,

Жаңақала   ауданы