9.10.2018, 11:47
Қараулар: 148
Бұралқы ит-мысықтың бітпейтін «жыры»

Бұралқы ит-мысықтың бітпейтін «жыры»

Орал  шаһарындағы  кейбір  аулалардан  мысықтың кіп-кішкентай марғауларын жиі көретініміз  жасырын емес. Көбінесе ойын алаңдарына жақын жүретін мысықтармен балалардың  ойнағысы да келеді. Ал бұл бүлдіршіндердің денсаулығы мен өміріне қауіп тудыруы әбден мүмкін.

Тұрғындар арасында аулада жүрген мысықтардың ыдыс-аяғын дайындап, ас-суын беріп тұратындар да бар. Осындай жағдай Түрік елінде де кездеседі екен. Бірақ оларды тамақтандыру заманауи әдіспен жасалады. Сол елдің  Pugedon компаниясы Стамбул қаласына пластик бөтелке жинайтын ерекше автомат орнатып жатқанын естіген едік. Егер де аталған құрылғыға пластик бөтелке тастаса, автомат  төменгі жағына орналасқан ыдысқа қаңғыбас жануарлар жейтін тамақ салып береді. Бір қарағанда, аулаларда жүрген мысықтарды қаңғыбас деп айтуға аузың бармайды. Алайда қастарында иелері не мойнындағы қарғы баулары көрінбеген соң, оларды бұралқы демеске лаж жоқ. Өйткені бекітілген қағида тілімен айтқанда,  қоғамдық орындарда иесіз жүрген, сондай-ақ адамның қарауынсыз қалған немесе жартылай еркін топ болып құрылған, адамның қадағалауынсыз көбеюге қабілетті иттер мен мысықтар қаңғыбас аталады. Атауы «қаңғыбас» болған соң, олардың адамзат үшін қажетсіз екені даусыз.

ҚР «Ветеринария туралы» заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ветеринарлық стансалардың міндетіне жатады. Орал қалалық ветеринарлық стансаның басшысы Абылай Мұқаевтың айтуынша, шаһардағы көше кезген ит-мысықтарды аулау  тұрғындардан не мекемелер тарапынан түскен шағымдарға байланысты жүргізіледі. Арнайы құрылған үш бригада бұралқы үй жануарларын құрықпен аулайды. Оған ұстатпаса, ұйықтататын дәрімен оқталған пневматикалық қарумен атып алады. Ал ұсталған жануарларларды жою үшін эвтаназиялау әдісі қолданылады. Яғни оларды өлер алдында қинамай, ізгі әдістермен жансыздандырады. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар  олардың кімге тиесілі екендігі анықталғанша уақытша ұстауға арналған мамандандырылған мекемеге жеткізіледі. Мұнда оларға клиникалық тексеру, тіркеу жүргізіліп, жануардың түр-түсі, жынысы, ерекше белгілері туралы мәліметтер арнайы журналға енгізіледі.

Облыстық ветеринария басқармасы берген мәліметке қарағанда, биыл өңір бойынша бұралқы ит-мысықтарды аулап-жоюға жергілікті бюджеттен 56 044,2 мың теңге бөлінген.

Бүгінде Орал қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюға 28 286,0 мың теңге қаражат бөлініп, 12 889 ит және 869 мысық жойылған. Ал өткен екі жылға көз жүгіртсек, облыс бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюға жергілікті бюджеттен 2016 жылы 53 266,9 мың теңге қаражат бөлініп, қаңғыбас 19 909 ит пен 1 316  мысық, ал 2017 жылы бөлінген 51 188,6 мың теңгеге 21 232  ит пен 1 154  мысық ауланған.

 Ал жануарларды аулау және жоюға арналған қаражатты белгілеген кезде әрбір аудан мен қала ерекшелігін ескере отырып қарастырылады (кестеде көрсетілген). Яғни көлік шығындары, қызметкерлердің еңбекақысы, құралдарды сатып алу және тағы да басқа шығындары есепке алынады.

Енді үйдегі ит-мысықтарды күтіп-ұстауға арналған тәртіпке тоқталайық. Бұл жануарлардың вете-ринариялық мекемелерге тіркеліп, ветмаманның төлқұжатын алуы және қоғамдық орындарда «тәртіпті» болуы да басты шарт. Әсіресе, ертеңгілік және кешкі мезгілде серуенге шығатын иттердің, негізінде  иелерінің  ескеретін ережелері бар. Мәселен, иттер мен мысықтарды аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі мекемелердің учаскелерінде, мектеп алаңдарында, емдеу-профилактикалық және медициналық денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, тынымбақтарда серуендетуге болмайды. Ал ит-мысықтардың үйлердің кіреберістерінде, баспалдақ алаңдарында, спорттық және ойын алаңдарында, тротуар мен саябақтарда қалдырған нәжісін иелері дереу жинап алулары керек. Ережеге сәйкес, ит-мысықтар жеке аулалардан шықпағандары жөн. Ит асырайтын  жер үй тұрғындары қақпасына ит барын ескертетін тақтайша іліп қоюлары қажет.

Бұл талаптар Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген «Жануарларға қарау қағидаларымен» және облыстық мәслихат бекіткен «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларымен» реттеледі. Осы қағидаларға сәйкес, иесіз иттер мен мысықтарды аулаумен айналысатын қызметкерлердің сот шешімінсіз немесе учаскелiк полиция инспекторының қатысуынсыз пәтерлерден, жеке үйлердің ауласынан, дүкен, дәріхана және басқа мекемелердің маңына иесі уақытша байлап кеткен жануарларды алып кетуіне рұқсат жоқ.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал  өңірі»

 

Аумақтық бөліністердің атауы

 

Ит-мысықты жою үшін бюджеттен бөлінген қаржы

 

Бөрлі ауданы

 

9 044,0 мың теңге

 

Зеленов ауданы

 

5 567,0 мың теңге

 

Сырым ауданы

 

2 226,0 мың теңге

 

Тасқала ауданы

 

2 188,0 мың теңге

 

Теректі ауданы

 

1 736,0 мың теңге

 

Ақжайық ауданы

 

1717,0 мың теңге

 

Шыңғырлау ауданы

 

1 200 мың теңге

 

Жәнібек ауданы

 

1 000,0 мың теңге

 

Қазталов ауданы

 

1 000,0 мың теңге

 

Жаңақала ауданы

 

750,0 мың теңге

 

Қаратөбе ауданы

 

700,0 мың теңге

 

Бөкей ордасы ауданы

 

630,2 мың теңге

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар