4.10.2018, 12:15
Қараулар: 194
«Ақылды технология» далаға да келді

«Ақылды технология» далаға да келді

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округіндегі қожалықтар «Электр бақташымен» мал бағуды  қолға алды.

Ауылдық округ орталы-ғынан 50 шақырым жердегі  Жүндіқұдық  қыстағындағы шаруалар 2014 жылдан бері мал шаруашылығымен айна-лысып келеді. Көршілес Атырау облысы Индер ауданынан қоныс аударып келген Кенған Шененов ұлдары Рүстем, Ерлан және Бақтыжанмен кеңесе отырып, қос бірдей, яғни «Дария» және «Заңғар» атты қожалықтар құрған. Сөйтіп, жылқы мен ірі қара өсіруде. Көшіп келген жылдары әуелі жайлы үй салып, сосын мал басын көбейтуді құнттаған. Өткен жылдар жемісін берді де.

Жайлы үй деп отырғанымыз сол, онда не керектің бәрі бар. Күн сәулесі арқылы қуатталатын батареялар арқылы ток алып тұрған үйде мұздатқыштар, теледидар жұмыс жасап тұр. «OTAU TV» жерсеріктік «тәрелкесіне» де күн панельдерінің қуат-күші жетеді. Осындай берекесі бар баспана сайын даланың ортасынан көз тартады.

Енді олар мал бағуды оңайлату үшін ұзындығы 8 шақырымға дейін созылатын, ені 4 шақырымды құрайтын аумаққа екі қожалыққа ортақ «Электр бақташыны» орнатты. Бұл үлкен құрылғы да күн панелі арқылы қуаттанып, қоршау сымдарына әлсіз ток береді. Мал осы сымға жақындап кетсе, оны ток үркітеді. Сөйтіп, қоршаудан ешқайда «аттап» баспауға үйренеді. Әлсіз ток ірі қараға ешқандай зиян тигізбейді. Жүндіқұдықтағылар енді осында 100-ден астам бойдақ ірі қараны қар түскенше ұстамақ. Әрине, бұл орын жыл сайын ауысып тұрады, себебі, жайылым тиісті мезгілінде жаңарып  тұруы  керек.

Шененовтің «Дариясында» 134 асыл тұқымды ірі қара бар. Оның төртеуі – аталық. 230 қылқұйрық бағылуда. Оның 110-ы – бие, 70-і  – құлын, 25-і – айғыр, 20-сы – байтал. Осы малды қыстату үшін олар биыл 1000-ға жуық тайланған шөп жинаған. Бір трактор, бір жеңіл көлік арқылы бүкіл шаруасын шырқ үйіріп отырған қыстақтағылар алты ай қысқа қапысыз қамданған.

Ал Гүлсім Шененова жетекшілік ететін «Заңғар» шаруа қожалығында 25 ірі қара, яғни  13 аналық, 10 бұзау, 2 аталық, 40 бие, 25 құлын, 4 түйе жайылып жүр.

Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген Кенағаң – бүгінде жапырағы жайылған бәйтерек, шаруаның «ай-қайшысы». Атырау облысының Есбол ауылында туып-өскен ол жастайынан малға жақын болады. Әкесі Мұқанжан көп жыл есепші қызметінде болса, атасы Шенен атырапқа белгілі малшы болған. Мектепті тәмамдағасын Кенағаң жоғары оқу орнынан тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығып, еңбекке араласып, кейіннен өндіріс жұмыстарына ауысады. Яғни көптеген жыл Теңіз ауданындағы компанияларда қауіпсіздік техникасы бойынша инженер қызметінде болған. Сол жерлерде жүргенде денсаулығы нашарлап, қан қысымы жиі мазалапты. Осыны ойлаған ұлдары Кенған ағаға тез арада тыныш әрі ауасы таза жер керегін ойлап, Тайпаққа қоныстануды ойластырған. «Көптеген зауыт жұмыс жасап тұрған аумақтың лас ауасын жұтудай-ақ жұттық. Оның үстіне қан қысымым жоғарылап, маза бермейтін. Орал өңірінің саф ауасымен тыныстап, қожалық жұмысына араласқасын, денсаулығым бір ретке келді. Күнделікті мал-дың қамы, қимыл-қозғалыс өміріме, денсаулығыма оңды өзгерістер әкелді», – дейді Кенған Мұқан-жанұлы.

Зайыбы Гүлнәр Мусина да отағасымен осындай шаруаның басында жүргеніне дән риза. Ол көршілес облыста көп жыл  әр жерде бухгалтерлік қызмет атқарған.

– Ауыл шаруашылығына байланысты мемлекет тарапынан болатын жеңілдіктерді пайдалану ойымызда бар. Қыр төсіне келіп, хал-жағдайымызды үнемі біліп тұратын Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленовке ризамыз. Мал шаруашылығымен айналысу бүгінде өте тиімді болып отыр. Жылда болатын ұрлық-қарлықтың, ит-құстың кесірінен келетін бірен-саран мал шығынын есептемегенде, ырысымыз бар. Соған  шүкіршілік етеміз. Ана өсіп жатқан немерелердің құты ғой әрі. Еркек малды Тайпақ ауылының маңындағы тұрғындарға, Атырау облысына саттыққа шығарып тұрамыз. Болашаққа ауқымды жоспарымыз бар. Келер жылдан бастап тағы бір үлкен қора салып, мал бордақылауды қолға алмақпыз. Дейтұрғанмен, адам күші жетпей жатыр. Жұмыссыз жігіттер қырға келіп, мал бағуға құлықсыз. Тілек білдірушілер болса, әділ түрде ақысын төлейміз  ғой, – дейді  Кенған  аға.

Бізді бастап барған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов Шененовтердегі аудандағы алғашқы «Электр бақташы» «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы өзгеріс екенін, мұндай «ақылды технологиялардың» мал шаруашылығын өркендетуге зор жеңілдік әкелетінін айтты. Ауылдарымызда инвестициялық салымдар тарту арқылы жыл басынан Ақсуат, Алмалы, Ақжол, Мерген ауылдық округтеріндегі 9 шаруа қожалығы модульді гибридті су тарту стансасын, 4 шаруа қожалығы күннен қуат алатын батареялар орнатқан. Бүгінде 50-ге жуық шаруа қожалығында баламалы электр стансасы бар. Бұл оң өзгерістердің барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға, соның ішінде шаруа қожалықтар жағдайының жақсаруына зор септігін тигізері сөзсіз.

Тайпақ ауылдық округінде соңғы санақ бойынша 5 634 ірі қара, оның 2 285-і – аналық, 1 828-і – төл, 21 629 ұсақ жандықтың 11 836-сы –  аналық, 9 423-і – қозылақ, 2 101 жылқының  954-і – бие, 430 құлын бағылады. Сонымен қатар мұнда «Рысалды-Б», «Нұралы-Р-Мұса», «Ырыс-Ет» ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жандануда. Уақыт өткен сайын осындай еңбек ұжымдары, Шененовтердің шаруа қожалықтары сияқты мақтаулылар қатары қалыңдай түсері кәміл.

Бекболат   ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы