«61 жыл тұрған Мәскеумен қош-қайырласып, Ақ Жайыққа оралдым…»

Күні , 156 рет оқылды

Есікті бәкене бойлы, тұйғын денелі азамат ашты. Қимыл-қозғалысы ширақ. Тіп-тік бойына, жүріс-тұрысына  қарап, «Біз іздеп келе жатқан қарияның баласы шығар…» дедім іштей. Өйткені 90 жастағы қариямен кездесуіміз керек еді.  Жолақты,  жұқа матадан тігілген қысқа жең көйлегі де қыры сынбаған, мұнтаздай. Сыртта қыркүйектің қабағы қарс түйіліп, суық тамшылармен жылап тұрған. Шалқайта ашылған нән терезеден гулеген салқын ауа бөлме ішінде «ойнақ салып» жүр екен. Сөйтсек, 90-дағы  ақсақалымыз осы кісі болып шықты. Сырт киімімді шешіп едім, денем тоңази бастады. Азынақ желді қаперіне ілмей, «Қош келдіңдер, балалар, төрлетіңдер!» деп, бірде оң жағымыздан, бірде сол жағымыздан шығады әлгі пысық шал. Облысымызға белгілі азаматтар «Осы бір ағамыздың өмірі газеттеріңізге жазуға әбден тұрады, әрі бірер аптаның төңірегінде 90-ға толады» дегенде, жасырып қайтеміз, «Құлағы ести ме, көзі көре ме?» деп сытылып кетпекші болдық. «Ойбуй-й-й, масаның ызыңын естіп қояды!» Әрі қарай індетіп едік, тіпті елеңдетті. Мәскеуде 61 жыл тұрыпты… Сол Мәскеудің милициясында өмір бойы қызмет жасап, сол жерден опалы қызметі үшін абыроймен, марапат-мақтаумен доғарысқа шығыпты.

— Мұрзасенов Серікқалимын, — деді 90 жасты тақиямен ұрғалы тұрған қария тып етіп, арқалы орындыққа шаншыла отырып жатып. Сол отырғаннан екі сағат бойғы әңгіме-дүкенімізде не артқа шалқаймады, не алға еңкеймеді. Нән терезеден азынаған өтпе жел желкемізге шаншудай қадалып барады. Қария «сквознякқа» пысқырып отырған жоқ. Жасырмай айтсақ, ақсақал өзі туралы жазуымызға қарсы болды.

– Шырақтарым, мен Мәскеуде тұрғаным болмаса, министр немесе депутат, тіпті жоғары лауазымды қызмет атқарған жоқпын. Қаратабан колхозшының қарапайым баласымын. Тіпті сендерге не айтарымды білмей отырмын.

«Мәскеуге қалай барып жүрсіз?» болды алғашқы сұрағымыз.

— Мына Қазталовтың Березин (қазір Қайыңды) ауылының тумасымын, 1928 жылы 1 қазанда  дүниеге келдім. 7-сыныпты бітіргеннен кейін оқи алмадым. Соғыстың түтеп тұрған кезі ғой. Мал бағатын әкеме көмекші болып жүргенімде  колхоз бастығы шақырып алып, «Сен бала учетчик боласың» деді.

«Болайын» дедім. Болдым да. Сол учетчик маған өмір бойына керім пайдаға асты. 1949 жылдың көктемінде әскерге алындым. Ол кезде ақша дегенді көрмейміз. Колхоз еңбеккүн жазады. Оған тамақ береді. Әскерге аттанғанымда бір қарын май берді.

Мамыр айының кезі, пойызға отырғанымызда қарындағы май былқылдап, ери бастады. Сатпасам, бұзылып кететін түрі бар, әлгіні стансаларда күрешкелеп сатып, қаражат жинап алдым. Мәскеуге түстік. Ауылдың баласымыз, орысшаға жоқпыз. Бірақ командирлерімнің айтқанын қағып алып, бұлжытпай, уақытында олар талап еткендей  орындайтындығым, өліп бара жатсам да, өтірік айтпайтындығым орыс командирлеріме жақса керек, олар маған сеніммен қарады.

Араға айлар түскенде рота командирі шақырып жатыр деді. Бардым. «Сен гражданкада кім болып жұмыс істедің?» — деді. Есепші болғанымды мәлім еттім. «Ты, оказывается, специалист?» — дейді командирім. Сосын «снабженец боласың»  деді. Шошып кеткенімді жасырмаймын. Бірақ әскери тәртіпке төселе бастағанмын. Сымдай тартыла қалып, қолымды шекеге қойып, «Есть!» дедім. Сөйтіп, сонау Қазталовтың қырынан келген қойшының баласы ротаның «снабженеці» болып шыға келді. Құдай сақтасын, ол жұмыс дегеніңіз, мықты екен. Әскери аэродромның құрылысын салатын ротаның бүкіл құрылыс материалдарына жауап бересің және бәрі қолыңнан өтеді. Оны дөңгелетіп әкеттім. «Ешкімді алдама! Жасырма! Өтірік айтпа!» деген еді командирім. Алға озыңқырап айтсам, сол командиріммен бес жылдың ішінде бір туғандай бауыр басып кеттім. Бір-бірімізге кереметтей сендік. Ұятқа қалдырған жерім болған жоқ.

Әскерден босаған бойда Мәскеудің милициясына жұмысқа жолдама берді. Мәскеудегі Тимирязев аудандық ішкі істер басқармасына жұмысқа кірдім. 40 жыл 7 ай Мәскеудің милициясында қызмет еттім. Құдай қарасты ма, айналайындар, бұл бастан талай қауіпті жайт өтті ғой, солардың бәрінен аман қалдым… Біреуін ғана айтайын.

Бір күні шақырту түсті. Айтылған үйге қаруымды ыңғайлап, сақтықпен кірдім. Екі көзі ақиған біреу алдымнан шықты. Еденге көзім түсіп кетіп еді, судай аққан қан…

Және тап тамағынан қырқылған адамның басы жатыр. Әріректе теңкиген, басы жоқ, әйел адамның денесі жатыр. Екі көзі ақиып, ақыра ұмтылған әлгіні қолтығына кіре бере, жамбасқа салдым да, алып ұрдым. Кісенді де салып үлгердім. Арақтан «белая горячкаға» айналған алқаш өзінің анасын бауыздап тастапты… Талай қанішерді тұтқындауға тура келді, құрысын, қайсыбірін айтасың…

— Серікқали ағамыздың сонау 60, 70, 80-ші жылдарда, одан кейін де Оралдан, Қазталовтан барған адамдарға тигізген шапағаты көп, орасан көп, — дейді ауыл шаруашылығы және банк саласының ардагерлері Жеңіс Дүйсекешев пен Борис Ізбасаров ағаларымыз, жақсы көретін інілерінің бірі – Бекет Мырзахметов.

— Мәскеуге басы ауырып, балтыры сыздап, дәрігерге емделуге барған жандар ағамыздың үйіне түсетін. Оларды қонақ ретінде күтіп алатыны өз алдына, Серікқали ағамыз зыр жүгіріп жүріп, шаруаларын тындырып береді екен. Тіпті жиналысқа, курортқа, іссапарларға барғандар да осы үйге соқпай кетпейді екен. Бара-бара Қазталов ауданының шаруашылықтары бұл ағамызды өздеріне экспедитор ретінде пайдаланып, біраз көмегін көрді. Өйткені танысқан адамын орыс болсын, шүршіт болсын, өзіне жақын етіп алатын, тілін табатын асқан дипломат ағамыз шаруашылықтарға қажет шаруаларды солар арқылы ән сағатта орайластырып беретін. Шаруашылық басшылары, колхоз төрағалары Сәкең арқылы шаруашылықтарының мұқтаждарын шешіп отырды. Ал Сәкеңнің өзі елге келе қалса, қазталовтықтар төбелеріне көтеріп, қатты құрметтейтін. Соның ішінде мен де болдым, — деп Жеңіс Дүйсекешев ағамыз ағынан жарылады.

Серікқали ағамыз Мәскеуде қатардағы милиция қызметкері болғанымен, қазақтың талай жайсаңымен мидай араласқан. Орал обкомының бірінші хатшысы М. Ықсанов, обком хатшысы С. Тотанов, Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің жауапты қызметкері С. Жаданов, аупартком хатшылары Р. Сүйербаев, М. Ысқақов, «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы Ә. Жакетова, шаруашылық басшылары Ғ. Лұқпанов, С. Сәлімгереев, К. Хұсайынов, Ж. Хамзин, С. Даниялов, сот қызметкері Х. Жақыпов Сәкеңнің үйінде талай болған екен. Ал бұларға Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты С. Жақашева, И. Құтқожин, А. Қаналиев, Б. Есенғалиев, Қ. Абдрахимов, С. Төлеуішев және облысымыздың басқа да белгілі азаматтарын тағы қо-сыңыз.

Елімізге есімі кеңінен белгілі ұстаз Жақашева Сәндеш апамыз былай дейді:

— Серікқали замандасымыз жас күнінде өте сері жігіт еді. Ауылымыздағы қаракөз қыздарымызға бұйырмай, Мәскеу асып, сол жақта татардың сұлу қызының құрығына түсіп қалды. Жары жақсы адам еді. Ылғи араласып тұрдық. Сәкеңе таң қалатыным, Мәскеуде 61 жыл тұрса да, қазақшасы өз алдына, әлі күнге дейін қазақтың халық әндерін нәшіне келтіріп орындайды. «Елім-ай» мен «Сәулем-ай»ды құйқылжытатынын айтсайшы…

Мақал-мәтелдерді орнымен, сәнімен қолданып, әңгімесін құлпыр-тып айтады. Бір ауыз орысша араластырмайды. Жыр-дастандарды жатқа соғады. 90-ға келген жасына қарамастан, жаны сергек, көңілі ашық, аңқылдайды да отырады. Есте сақтау қабілеті керемет! Мұндай шалдар өте сирек қой!

«Жанұяңыз туралы да білгіміз келіп отыр», — дедік Серікқали ағамызбен әжің-гүжің әңгімеміз қызды-ау деген бір тұста. «Елден жырақ жүргесін бе, өзіміздің қазақ қыздарын кезіктіре алмадым. Басима атты татар қызына үйлендім. Обалы қайсы, жарықтық, жақсы жар, адал серігім болды. Төрт бала сүйдік. Өзі орыс ортасында, Мәскеуде өссе де, менің қонақтарымды жатырқаған жоқ. Күндіз-түні ағылып келіп жататын ағайындарды қабағын шытпай қарсылаушы еді-ау, жарықтығым-ай, — деп ағамыз кәдімгідей мұңайып қалды. – Жарым Басимаға екі дүниеде де ризамын. Ол кісі дүние салғаннан кейін алты жылдай жалғыз тұрдым. Ұл-қыздарым көмектесіп тұрды. Бірақ қартайғанда жалғыздық деген қиын екен. 6 жыл 60 жылдай болды.

Айттым ғой, бұл бастан қайғы да өтті. Екі әйелімнен, 2 баламнан айырылдым… Не істейсің, тағдыр ғой… Екі қыз-күйеу балам, 8 немере-жиенім бар. Олар Мәскеуде, Алматыда тұрып жатыр. Шүкір деймін Аллаға!..

Жақсы араласқан Сүйербаев Рахметолла інім елден әдейі іздеп келіп, «Сәке, балаларыңызды өсірдіңіз-өндірдіңіз, қамқорлығы-ңызды жасадыңыз. Енді елге оралмайсыз ба?.. Туған ауылыңызда тұрасыз ба, Оралға орналасасыз ба, қалағаныңызды жасайық. Ел өзіңіздікі. Талай көмектестіңіз, сізді бәрі таниды. «Әлтекенің Хрущеві» деп өзіңізге еркелейтін ауылдастарыңыз, Құдайға шүкір, бар. Оралдан екі жарты бір бүтін болатын жеңгеміз де табылып қалар», — деп әзіл-шынын араластырса да, шынын айтты. Жеңіс, Борис, Бекет інілерім де осы бағытта қолқалай бастады. Сөйтіп, жасым 85-ке қараған шағымда Ақ Жайыққа маңдай түзедім, анау інілерім көші-қон, үй-жай мәселесін зыр жүгіріп жүріп, тастай қылды».

Көп ұзамай, сол інілері Серікқали ағамыздың 36 жыл ұстаздық еткен, талай марапат иесі, ардагер ұстаз Баймұратова Клара апайымызбен отау құруына ұйытқы болады. Екі жақтағы балалар да еш қарсылық танытпайды. «1965 жылы марқұм күйеуіммен Мәскеуге барғанда ағаңыздың үйінде бол-ғанбыз. Сонда көңілде қалып қойған ғой», — деп баяғының бәйбішелеріндей мол пішілген Клара апамыз әзіл қыстырады әңгімесіне. Қақталған күмістей ақ жүзінде қызыл жалқын ойнайды. Күнінде аққұбаның ажары атқан таңдай әдемісі болғанынан әлі де ажырай қоймапты. Бір-біріне жарасып-ақ тұр! Жасаған Ие екеуіне бақуатты күндер сыйлағай!

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика