Қара бақсы Тәжбен

Күні , 84 рет оқылды

Бұл қиял-ғажайып ертегіге бергісіз, тылсымға толы хикаяны Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Меңдібике Сәлімгерееваның баяндауынан жазып алған едік. Оның анасы Қаншым әжей де ертегі біткенді жырдай қылып, майын тамыза айтатын әңгімешіл адам болған екен.

Бала күнімде аяқ-қолым қап-қара, домаланған ірі болдым. Әжемнің қасында ер бала секілді еркін өстім. Кей жағдайда анам «Өй, осы қыз Тәжбен нағашысына ұқсап, денесіне дейін іп-ірі. Осы ренжімесінші, ренжісе болды, екі көзі қып-қызыл болып кетеді» деп отыратын-ды. Тәжбен —  шешемнің немере ағасы екен. «Қара бақсы» атанған.

Қаратөбенің Аққозы жағында шешемнің әкесінің есімімен аталатын «Ділмәмбет гурті» дейтін қыстақтың орны бар. Тәжбен нағашымыз сол маңайды мекендепті. Көшкенде Атырау бағытына ұзап кетеді екен. Ол кісілер Алашаның Қарабура — Божан руынан. Тәжбен нағашымның бақсылық қасиетін білетіндер оны ат жіберіп жиі алдырады екен. Тәжбеннің қарындасынан туған 16-17 жас шамасындағы жиені болған. Сол жиен бір күні шешесіне: «Ойпырым-ай, нағашымның аруағы масқара көрінеді. Осы кісіні бір сынамасам» депті. Шешесі: «Әй, буылып қаларсың, жәйыңа жүр, нең бар?» демей ме. «Өй, аяғы құмға батпайды дейді ғой, көрейін мен оны» деп бала да дегенінен қайтпапты. Көп ұзамай, он шақырымдай жердегі көрші ауыл нағашымды бақсының ойынын салдырмаққа шақырады. Әлгі жиені тайға мініп, нағашыма ілеседі. Тәжбен нағашым барған жерінде қона жатып ойын салады. Таңға таяу жиені мініп келген аттарды арқан-тұсаудан босатып, айдап жібереді. Нағашым асықпай тынығып, түскі шәйдан соң, ауылына қайтуға рұқсат сұрайды. «Атымды әкеліңдер» десе, ауыл жігіттері әрі-бері шапқылап, аттарды таба алмайды. Сонда нағашым жайбарақат жымиып, «Табылар. Ауыл арасы қашық емес. Мына бала шаршамаса, жаяу жүре берерміз. Алаң болмаңдар» депті. Сөйтіп нағашылы-жиенді екеу жаяу жолға шығады. Біраз жолды еңсергесін қызыл құмды шағылға кезігеді. Күн қызып тұр. Бала аяғын құмнан алып жүре алмай, шөлдеп, әбден титықтайды. «Нағашы, шаршап өліп барамын» деп жалынғандай болғанда, Тәжбен жиеніне «Кел, арқама мін» депті. Нағашының арқасына мініп алып, аяғына көз салса, қалың құмның бетімен жеп-жеңіл, желпіте аяңдап келеді екен. Бір мезгілде бетін шыптамен жауып қойған ағаш шелекті шеген құдықтың қасына жетеді. Су ішіп, жуынғасын шапандарын жастанып, тыныстап алмақ болады. Сәлден соң аттың дүбірі естілгендей болады. Жиені көзін тігіп қараса, Шайтантөбе жағынан бірдей қара сәйгүлік мінген қос аттылы келе жатыр екен. Нағашысы басын көтерместен жата береді. Аттылы кісілер құдыққа келіп тоқтайды. Бала барып сәлем берсе, әлгілер үн қатпайды. Жылқыларының құйрығына байлаулы келген ағаш астаулары бар екен. Су құйып, аттарын суарады да, астауларды жылқылардың құйрығына қайта байлайды. «Нағашы, мыналар саңырау ма, соқыр ма, неге тіл қатпайды?» дейді жиені аң-таң болып. Нағашысы «Бала, бері келіп жат» депті. Бала айтқан тілді алмайды. Онысымен қоймай, ат құйрығына байланған астаудың біріне отырып алыпты. Сонда Тәжбен «Әй, бала, ана кісілердің аяғына қарадың ба?» депті. Бала көзін салса, аяқтарының ұшы теріс қарап тұр екен. «Ойбай, нағашы, мыналар шайтан ба, пері ме, мені алып зытып барады» дегенде, Тәжбен нағашым «Ай, сені де…» деп шапанын қағып, екінші ас-тауға мініп алады. Сол зулағаннан зулап отырып, Шайтантөбеден былай түскенде бір ауылға тап болады. Бала «Мұндағы адамдардың аяқтарының бәрі бірдей неге теріс бұратылып кеткен?» деп нағашысынан таңдана сұрай беріпті.

Бақса, перінің ауылында қыз ұзату тойы болып жатыр екен. Перілер бұларды емес, бұлар перілерді бірінші болып көреді. Бала қызықтап ананы да, мынаны да, ұзатылып жатқан қызды да түртіп қалады. Түрткендері шетінен ауыздары көпіріп, бақшаңдап құлай береді. Перілердің ішінен біреуі келіп, бірдеңе оқыған болады. Бірақ бұларға түк те болмайды. Әлден уақытта аттың дүбірі естілгендей болады. Бала жабындыдан қараса, манағы қара сәйгүлік мініп, қара киінген қос аттылы ерттеулі ақбоз атқа мінген біреуді орталарына салып алып келеді екен. Кідірмей-ақ, басына үлкен ақ жаулық ораған кемпір ақбоз аттан түсе бергенде Тәжбен: «Ал, бала, сақ бол, менің артымнан жүр. Мына кемпірдің қамшысының ұшы тимесін. Тисе бізді аластап тастайды» дейді. Кемпір кіріп келіп, қамшысын сойдақтатып әрлі-берлі жүргенде бала: «Ойбай, нағашы, мынаның сүдіні жаман екен» деп Тәжбенге тығыла беріпті. Кемпір олай да былай екі үш рет айналғаннан арғысын бұлар білмей қалады. Бір уақытта Тәжбен нағашымыз көзін ашса, күн батып барады екен. Жиені екеуі Шайтантөбенің етегінде, аяқтарының астында қос аттың қу басы, қойындарында шиден жасалған қыз-келіншектің кейпіндегі қуыршақ жатыр екен. Бұларды аластап, көшіріп тастапты. Балаға тұр-тұрласа, әлсіз ыңыранып, былқ-сылқ жата береді. Тәжбен баланы иығына салып, құдық басына апарып жуындырады. Сөйткенше, ауыл адамдары да аттарын жетектеп жетеді. Баланы Қара молда деген пері оқуын білетін кісіге апарып, он күн оқытқанда ғана қалпына келеді. Кейін жиені «Тәжбен нағашы, сен күштілігіңмен Қара бақсы атансаң да, екеумізді қосып аластап тастады-ау» деп қалжыңдағанда нағашысы «дүбірді естігенде-ақ, тас төбем шымырлап оқуының күштілігін сезіп едім. Айтып едім ғой, қамшысының ұшы тигенде біз ешнәрсені білмей де қалдық» депті. Сол сол-ақ екен, бала «Алла сақтасын, жының да өзіңе, өзің де өзіңе» деп Тәжбенге жуымай кетіпті. «Тәжбен нағашың толық, ірі, қасы қалың, қара кісі болды. Ішке кіріп келгенде жүзінің сұстылығынан бала түгіл, үлкен кісінің өзі қаймыққандай еді» деп шешем айтып отыратын.

Жазып  алған Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика