Діни ахуал тұрақты

Күні , 105 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Өңірдегі діни ахуал және халықтың діни сауатын арттыру шаралары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

БҚО дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Төлепов аталмыш тақырып аясында баяндама жасап, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Азамат Нұғманұлының айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағындағы діни ахуал тұрақты. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 9 конфессияны құрайтын 78 діни субъект қызмет етсе, оның 46-сы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары. 19 православ шіркеуі, бір буддистік, бір католиктік, 11 протестанттық діни бірлестік бар. Діни бірлестіктердің саны өткен жылдармен салыстырғанда, дәстүрлі діни конфессиялар есебінен артқан. Облыс бойынша тіркелген 77 діни ғимарат бар.

Діни бірлестіктердің басым бөлігі (24 ДБ) Орал қаласында орналасқан. Облыс аумағында діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 16 арнайы стационарлық орын (Орал қаласында – 3, аудандарда – 13) белгіленген. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша алыс және жақын шетелден келген 5 миссионер бар (Египет Араб Республикасынан – 1, Украина Республикасынан – 1, Польша Республикасынан – 3). Олардың бәрі де есептік тіркеуден өткен.

Қазіргі таңда радикалды діни идеологияның таралуына тосқауыл бола алатын білікті теолог мамандарды, соның ішінде имамдарды даярлау қажеттілігі жоғары.

Өңірді білікті кадрлармен толықтыру мақсатында жыл сайын «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетіне оқуға түсуге ниетті талапкерлердің санын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуда. 2018-2019 оқу жылына өңірімізден аталмыш оқу орнына түсуге 25 адам ниет білдіріп, оның 16-сы мемлекеттік грантты ұтып алса, алтауы БҚО әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен исламтану мамандығы бойынша бөлінген грантты иеленген. Қазіргі таңда облыс бойынша «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде өңіріміздің 32 азаматы (2014 ж. – 1, 2015 ж. – 8, 2016 ж. – 13, 2017 ж. – 19, 2018 ж. – 22) білім алуда. Облысымыздан 62 адам еліміздегі медреселерде оқуда. Соның ішінде, «Орал медресесі» колледжінде БҚО аумағынан келген 17 шәкірт білім алуда. Басқа өңірлерден келіп оқып жатқан шәкірттердің саны – 6 адам.

2018 жылы діни қарым-қатынастар саласында облыс бойынша 8 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.

— Қазіргі таңда жастардың жаппай радикалдану үрдісі тоқтатылды және көшеде заңсыз діни әдебиеттер тарату фактісі азайды. Зеленов, Ақжайық, Сырым аудандарында дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың саны басым. Бүгінгі таңда олармен үкіметтік емес ұйым өкілдері тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуде. Тұрғындардың мұндай тобына теологиялық қана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік көмектер де берілуде, — дейді Азамат Төлепов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика