17.09.2018, 22:27
Қараулар: 82
«Ешкітау етегіндегі еңселі ел»

«Ешкітау етегіндегі еңселі ел»

Өткен аптаның соңында Тасқала ауданының 85 жылдығы салтанатты жағдайда тойланды.

«Ешкітау етегіндегі еңселі ел» атты мерейтойлық басқосуға жиналған  жерлестер мен қонақтардың қарасы көп болды.

«Құрмет тақтасы» ашылды

Шара қонақтары алдымен Тасқала ауылының кіреберісіндегі «Азалы ана» ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Содан соң «Қазпошта» мекемесі ғимаратының жанында бой көтерген «Құрмет тақтасының» ашылуына қатысты.

— Құрметті тасқалалықтар мен аудан қонақтары! Баршаңызды ауданның мерейлі тойымен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде көптеген жетістікке қол жеткіздік. Біздің басты байлығымыз ел ішіндегі тыныштық, ұлттар арасындағы ынтымақ-бірлік  және экономикалық даму екені белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа-ласына орай ауданымызда түрлі шаралар жүзеге асуда. «Туған жер» бастамасы аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдау тапты. Жомарт жүрек азаматтар ауылды көркейтуге белсене атсалысуда. Бүгін тұрғындардың игілігіне берілген «Құрмет тақтасын» жерлесіміз, жеке кәсіпкер Замир Сәрсенбаев өз қаражатына жасап берді. Тақтаға ауданымыздың көркеюіне, дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының есімдері  жазылды. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болсын, — деді аудан әкімі Алдияр Халелов шараның ашылу салтанатында. «Құрмет тақтасында» Тасқала ауданының өркендеуіне, әсіресе, мәдениет, білім, өнер саласының дамуына үлес қосқан Рабиға Зайнуллина, Меңдіғали Қалмұрзин, Әйіп Сүлейменов, Бақтығұл Тасмағамбетов  секілді 20-ға жуық тасқалалықтың аты-жөні жазылған.

ЖЕРЛЕСТЕР  БАС  ҚОСҚАНДА

Ауданның мерейін асқақтатқан шаралар легі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Рухани  жаңғыру» залы ашылып,   «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы мен «Жомарт жүрек – 2018»  шарасы өтті. Туған жерге зор сағынышпен жеткен тасқалалықтарға ауданның бүгінгі тыныстіршілігі туралы бейнефильм көрсетілді.

17 мың тұрғынның құтты қонысына айналған аудан қазір дамудың даңғыл жолына түскен. Ауданның жалпы аумағы 8 мың шаршы шақырымнан асады. Мұнда тоғыз ауылдық округ пен 28 елді мекен бар. 900-ге тарта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың басым бөлігі – шағын бизнес өкілдері. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен жүйелі айналысып келеді. Қазір ауданда 31 мыңнан астам ірі қара, 9 мыңға жуық жылқы, 7 мыңнан астам қой-ешкі бар екен. 339 шаруа қожалығы тіркелген. Оның тоғызы асыл тұқымды мал шаруашылығын өрбітумен айналысуда. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің саны артуда.

Егін шаруашылығын да қаперде ұстаған тасқалалықтар биыл 19,08 гектарға жаздық дақыл, 4,70 гектар танапқа күздік дақыл еккен. Аудан тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көптеп көре бастаған. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде аудан да көркейіп, жол салынып,  жаңа нысандар бой көтеруде.

Жерлестер форумын Ж.  Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, осы өңірде туып-өскен Светлана Бақышева жүргізді. Шарада аудан әкімі Алдияр Халелов 85 жылдық белесті артқа тастаған аудан тұрғындарының еңсерген қиыншылықтары мен жеткен жетістіктері туралы айтты. Оның мәліметінше, 2017 жылы ауданды көркейту мақсатында құны 5 млн. 300 мың теңгенің жеті жобасы жүзеге асса, биыл 30 млн. теңгеге 16 жоба орындалмақ. Қазіргі уақытта 13 млн. теңгенің жеті жобасы жасалып, тұрғындардың игілігіне берілген. Ал облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов  туған жерден жыраққа кеткен жерлестердің басын қосатын аталмыш форумның тиімділігі мен маңызына тоқталды.

Әр мекеннің өзіндік ерекшелігі болады. Тасқала ауданында ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың мекендегенін «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров былайша түсіндірді.

— Бірде Тасқала ауданына қарасты Бірлік елді мекенінің маңында орынборлық жас ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жандарына барып жөн сұрасам, тас дәуіріне тән жәдігерлердің табылғанын айтты. Содан облыс орталығына хабарласып, біздің мамандарды шақырттық. Олар да келіп, тың жәдігерлерді облыстық өлкетану музейіне тапсырды. Осылайша тас дәуіріндегі адамдардың  Тасқала ауданы аймағында өмір сүргені дәлелденді.

Бұл ауданда кезінде кеңестік саясатқа орай бір ғана қазақ мектебі болатын. Ол Оян ауылында ғана еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл олқылықты жою үшін ауданда қазақ тілінен сабақ беретін тоғыз-он айлық курстар ашылып, мектеп директорлары мен ұстаздар оқытылды. Нәтижесінде орыстануға айналған ауданның жеткіншектері қазақы тәрбие мен білімді саналарына сіңіре бастады.

Біз туған жерімізді мақтап жүрсек, рухымыз көтеріледі. Рухымыз биік болса, патриоттық сезіміміз оянып, елге қызмет еткіміз келеді — деді Табылғали Сатқалиұлы.

Форум барысында жеке кәсіпкер, «Катэк» ЖШС-ның директоры  Құндыз Нупов Тасқала ауданының өркендеуіне 2 миллион теңгенің  сертификатын табыстады.

— Жақсылық жасау үшін әрқашан себеп табуға болады. Бұл ауданда туып-өспесем де, қарашаңырағым осында тұрды. Әке-шешем 1999 жылы Тасқалаға көшіп келген еді. Сондықтан бұл аудан маған ыстық.

Қолдан келсе, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан жөн. Ауданның мерейтойы болғандықтан, құр қол келмей,  тың істердің бастамасына деп ақшалай сыйлығы-мызды алып келдім, — деді Құндыз Шамахұлы.

ЖОМАРТ   ЖҮРЕКТЕР

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Жомарт жүрек – 2018» байқауы көпшіліктің қолдауына ие болып келеді. Аталмыш шараның аудандық кезеңі мерейтой күні Тасқала ауылында ұйымдастырылды. Өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қолұшын созған тасқалалық  Атымтай жомарттардың аттары аталып, марапаттарға ие болды. Байқауда «Жылдың үздік меценаты» аталымы Әлібек Сыдықовқа, «Туған ауылының жанашыры» аталымы Дәурен Нұрмағанбетовке, «Жылдың үздік азаматы» Замир Сәрсенбаевқа, сондай-ақ «Жылдың үздік қоғамдық бірлестігі» аталымы аудандық «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігіне бұйырса, Серік Кәрімов «Жылдың батыл азаматы» атанды. Ал танымал әнші Мұрат Әмірханов Тасқала ауданының құрметті азаматы атанды.

ДАЛАДАҒЫ  ДУМАН

Ауданның мерейтойына арналған мерекелік шаралар сенбі күні дала қызықтарымен жалғасты. Қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ұлттық спорт түрінен аламан бәйге мен топ бәйге өтті.

Аламан бәйгеде кіл жүйріктің арасынан оза шапқан шыңғырлаулық Т. Бисенбаевтың тұлпары бірінші келіп, 1 млн. теңге жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Тасқаланың Мерей ауылынан келген С. Мұхамбетрахимовтың тұлпарына (500 мың теңге), үшінші орын Ақжайық ауданынан келген  Е. Сәтпаевтың сәйгүлігіне бұйырды. Сондай-ақ отызға жуық қыл-құйрық жарысқан топ бәйгеде бірінші болып тасқалалық М. Аяпбергеннің тұлпары келсе, екінші ақжайықтық С. Ахметовтің, ал үшінші қаратөбелік К. Ысмағұловтың арғымағы келді. Қой көтеру жарысынан тасқалалық Самат Юсупов жеңімпаз атанса, қол күресінен 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде Жасұлан Бектібаев, 70 келіден жоғары салмақ бойынша Алғадай Жамбыл үздік шықты.

Даладағы думан аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауым шат-шадыман күймен тарқасты.

Айта кетсек, аудан мерейтойына келген қонактар қатарында Ғайсағали Сейтақ, Айтқали Нәріков, Дариға Мұштанова, Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова  сынды танымал тұлғалар болды.

Мерейтойдың келесі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып этноауыл жасақталды. Онда тасқалалық әжелер жүн түтіп ұршық иіруден шеберлік өткізді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»