17.09.2018, 21:10
Қараулар: 91
«Ақжайық» «Қайраттан» айласын асырды

«Ақжайық» «Қайраттан» айласын асырды

Ел біріншілігінің ХХVІ турында ең тосын нәтиже Алматыда тіркелді.  Өткен жексенбіде «Қайрат» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын»  қабылдады.

«Астанамен» чемпиондық атаққа таласып келе жатқан алматылықтар үшін бұл ойын маңызды еді. Ал оралдықтарға соңғы орындарға түсіп қалмау үшін ұпай ауадай қажет болатын.

Украиналық маман Сергей Зайцев жаттықтыратын батысқазақстандықтар ресейлік Андрей Аршавин сынды кілең ығай мен сығай ойнайтын қарсыластарынан ыға қойған жоқ. Бір қызығы, қос команданы байланыстыратын деректер бар еді.

Биылғы біріншілікті «Ақжайықтың» құрамында бастап, сұрмергенге айналған украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың жазда «Қайратқа» ауысқаны белгілі. Сол секілді Орал футболының түлегі Стас Покатилов (оның сыңары Владимир Покатилов осы бәсеке соңында «Ақжайық» сапында алаңға шықты) алматылықтардың  қақпасын  қорғады.

Бірінші тайм басында қонақтар белсенді болғанымен, көп ұзамай алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Дегенмен оралдықтар да қарап қалмай, қарымта шабуылға шығып отырды. Әсіресе, оң қанаттан Азат Ерсәлімов асырған пастан кейін сенегалдық шабуылшы Малик Маненің допқа аяғы дұрыс тимей қалды.

Ойынның екінші кезеңінде алматылықтар жиі шабуылдады. Осындай сәттерде украиналық қақпашы Евгений Боровик «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан мен А. Эсеоланың аса  қауіпті соққыларын қайтарып, екі мәрте  сейв  жасай  білді.

Матч аяқталуға 15 минуттай уақыт қалғанда, оң қапталдан А. Ерсәлімовтің берген добын Еркебұлан Нұрғалиев баспен қақпаға дәл түсірді. Бұдан кейін алматылықтар қанша тырысқанымен, есеп өзгерген  жоқ.

Ең бастысы, бұл кездесуде оралдықтар сауатты ойын өрнегін көрсетіп, тәртіп бұзбауға тырысты. Есесіне «Қайраттың» футболшылары үш мәрте ескерту алып тынды.

С. Зайцев чемпионаттағы үзіліс кезінде Ұлттар лигасында Латвия құрамасының сапында қос бірдей матч өткізіп келген Артур Карашаусксті бірден ойынға қосқан жоқ. Ол тек екінші таймда ғана М. Маненің орнына шықты. Ал Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, жартылай қорғаушы Иван Антипов анасының өмірден озуына байланысты бәсекеге қатыса алған жоқ. Соған қарамастан, «Ақжайық» күтпеген жерден 1:0 есебімен «Қайратты» ұтып, тарихи жеңісіне қол жеткізді. Яғни премьер-лига аясында алматылықтарды сырт алаңда алғаш рет тізе бүктірді.

«Біз бұл жеңісімізді орны толмас қайғыға тап болған Иван Антиповқа арнағымыз келеді. Ко-манда барлық тапсырманы ойдағыдай орындады», деді «Ақжайықтың» бас бапкері Сергей Зайцев кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында.

Бұл турда «Қайсармен» өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнаған елордалықтар да ұпай жоғалтты. Қазір алматылықтардың бірінші орындағы «Астанадан» төрт бірдей ұпайы кем. Ал 29 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Дегенмен батысқазақстандықтарға босаңсуға болмайды. Олар ХХVІІ турда 23 қыркүйек күні өз алаңында ел чемпионы «Астананы»  қабылдайды.

Айта кетейік, өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарынан» 0:1 есебімен ұтылып қалған Павлодардың «Ертісі» соңғы орыннан көтерілер емес. Қарағандыда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңген «Шахтер» 10-сатыда келеді. Алғашқы үштіктен үміткер «Тобыл» мен «Жетісу» командалары Қостанайда 2:2 есебімен тең тарқасты. Шымкентте «Ордабасы» – «Ақтөбе» кездесуінде де 0:0 есебі тір-келді.

Ғайса  БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар