17.09.2018, 20:51
Қараулар: 167
Қасым Оралдан неге кетті?

Қасым Оралдан неге кетті?

Газетіміздің өткен санында туған жеріне тағзым ете келген белгілі актер-драматург Кеңес Жұмабеков туралы мақала жарық көргені мәлім. Әңгіме барысында актер бізге белгілі ақын Қасым Аманжолов туралы көпшілік біле бермейтін  әңгіме айтып берген еді. Әсерлі әңгімені дәл сол күйі оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– 1982 жылы анам мені Жайық бойына нағашыларыма алып келді. Сонда Шолохов атындағы кеңшарда Қуанышкерей деген екі көзі бірдей көрмейтін зағип ақсақал болды.

«Қарағандыда қызметтемін» дегенімде «Қасымның елінен екенсің ғой» деп, маған Қасым Аманжоловтың Оралдан қалай кеткені туралы әңгімелеп, еш кітапқа енбеген өлеңін оқып берді. Ақсақалдың айтуынша, шамамен 1935-36 жылдары Қасым Аманжолов Жұмат Шаниннің қарауында домбыра оркестрін басқарған. Бірде педагогикалық институтта үлкен концерт өтетін болып, оркестр дайындалады. Бірақ концерт басталар алдында партком мен проректор оркестрмен айтылатын әндердің қысқарып қалғандығын айтып, «Бір күй, бір ән орындайсыңдар» дейді. «Жарайды» деп  сыр бермеген Қасым жігіттерін жинап, «Бес нөмірді де орындаймыз» деп келіседі. Сөйтіп  сахнаға  көтерілген  ақын:

Ән бар ма, біздің әндей жатқан бұрқап,

Аламыз дауылдатып шырқап-шырқап.

Күй бар ма, біздің күйдей жатқан жосып,

Тас балқып, тыңдағандай тал таңырқап.

Өлеңнің өлкесіміз өткел бермес,

«Сөзді қой, өлеңге бас, жырмен сөйлес»

Деп өскен қазекеңнің ұрпағымыз,

Өлеңсіз өмір бізге өмір емес, – дегенде оркестр ойнап келіп жібереді. Сөйтіп бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмір кезегімен кетіп жатады. Алдыңғы қатарда отырған партком мен проректор екі жақтан оркестрді тоқтату үшін сахнаға жүгіреді. Осы сәтте бесінші нөмір «Адай» күйі де екпіндеп, шалқи жөнеледі. Бесінші нөмір бітіп, зал толы көрермен шапалақтап, шымылдық жабылып жатқанда, Қасым ақын алға жүгіріп шығып, мына өлеңді оқыпты:

Бұл – менің шарықтаған жастық шағым,

Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.

Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,

Жайғандай еркеназым жар құшағын.

Бұл – біздің қасиетті дастанымыз,

Шалқыған айдын көлдей жас шағымыз.

Алға ұстап адал жүрек махаббатты,

Ән салған біз қазақтың жастарымыз! – деп жасындай жарқылдаған жас ақын сол кездегі қазақ өнерін тұншықтырғысы келген Кеңес өкіметінің саясатына осылай қарсылық танытыпты. Осы оқиғадан кейін Қасым ақын Оралда қала алмай, Алматыға кеткен көрінеді. Мен Қуанышкерей нағашымнан естіген осы әңгімені жас ұрпақ білсін деген ниетпен жүрген жерімде айтып жүремін, – деді тебірене өлең оқыған  актер-драматург  Кеңес  Жұмабеков.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

guleke111979@mail.ru

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар