17.09.2018, 20:50
Қараулар: 136
Құрманғазының шәкірті Қалиді білесіз бе?

Құрманғазының шәкірті Қалиді білесіз бе?

Күй –  ертеден  келе  жатқан  музыкалық  ұғым.  Оның  аспаптық музыкаға  тән  атау  екені  он  төртінші  ғасырдан  бері  белгілі. Осы асыл  қазынамызды  алтын  қорға  жаздырып,  болашаққа табыстауға  үлес  қосқан  күйші  Алабастың  Қалиі   туралы  сөз  қозғамақпыз.

Ол күй атасы Құрманғазының тоғыз  шәкіртінің бірі атанған. Қалидің немересі Айсағалидың қызы Әсия Қалиеваның (1947 ж. т) айтуынша, Қали атасы күйші, емші, әрі сынықшы болған. Домбыраны сол қолымен тартқан. Жас кезінде тентексоқтау болып өскен. Әкесі еркелетіп «Сары»  деп  атапты.

Қали Алабасов 1864 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Қисыққамыс деген жерде дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап қолына домбыра ұстап, әйгілі Құрманғазыдан күй үйренеді.  Өз замандастары Дина (1861), Мәмен (1868)  күйшілермен қатар жүрген. Академик Ахмет  Жұбановтың 1975 жылы шыққан «Ғасырлар пернесі» кітабында (98-100-беттер) «Құрманғазының артында көптеген шәкірті қалды.

Олардың ішінде біздің тұсымызда өмір сүріп, күйшінің көптеген шығармасын біздің дәуірге жеткізіп бергендердің ішінде Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Мәмен Ерғалиев бар. Құрманғазының тікелей шәкірттерінен жоғарыда айтылғандардан басқа Көкбала (Түркеш Қалқаұлы 30 жасында дүниеден озған), Сүгірәлі, Меңетай, Алабастың Қалиі, Тоғайбай, Меңқара, Шора домбырашыларды айтуға болады. Олардың кейбіреуі Құрманғазының күйлерін таратушы шәкірттері болды. Мысалы, Сүгірәлінің шәкірттерінен Ұйқас, Дәуітәлі, Әжіғали, Қамза, Төреш, Нұрәлі, ал Көкбаланың шәкірттерінен Айтқұл, Жәнібек, Құрмаш, Қопаш, Мәмен шәкірттерінен Өтеш, Әру, Жәкіш, Мақаш есімді домбырашыларды айтуға  болады»  деп  жазады.

Аты аталған өнерпаздардың қатарына Қали Алабасовтың шәкірті деп Қали Жантілеуовті де қосуға болады. Қали Жантілеуов 1902 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының №10 ауылында, Қамыссамарда туған. Кедей шаруаның баласы. «Қали 5 жасынан бастап музыкаға әуестенеді. Бала кезінде жез легенді тауып алып, соны даңғырлатып, үй-ішінің мазасын алатын болған. Тіпті қалақ ағашқа қыл тағып, соны тартып, дыбысын тыңдаған. Қалидің үлкен шешесі: «Осы баламнан бір нәрсе шығады» – деп оған ащы ішектен домбыра ішегін иіріп береді. Қали кейін ірімшік араластыратын қалақты ұрлап далаға апарып, содан домбыра секілді аспап жасауға тырысады. Ішек тағып, кәдімгідей дыбысын шығарып тартып жүргенін көрген әкесі домбыра жасап береді. Тоғыз жасынан бастап домбыраны меңгереді. Жоғарыда аты аталған Алабастың Қалиі бірнеше күйді үйретеді» дейді Ахмет Жұбанов («Ғасырлар пернесі», 102-бет). Демек, Алабастың Қалиі Қали Жантілеуовке күй үйреткені рас болғаны. КСРО жоғары мектебінің үздігі, Қазақстан жоғары мектебінің еңбегі сіңген қызметкері, профессор Құбыш Мұхитов та өзінің естелігінде «Қалекең «Менің алғашқы ұстазым Алабастың Қалиі еді, бірақ алғашқы «Кеңес», «Көңіл ашар» күйлерін нағашым Нұртазадан үйрендім» дейтін» деп жазған болатын («Күйші Қали»  кітабы, 2002  жыл).

Қали Алабасов тек күйші ғана емес, шәкірт тәрбиелеген ұстаз екенін марқұм Қазақстанның халық әртістері Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шамелов, индерлік бард ақын Табылды Досымов растаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов қостап, оның сирек кездесетін күйлерді қорға жаздыртып, нотаға түсірткенін айтады. Күні кешеге дейін марқұм Тұқаң, Тұяқберді Шамелов Қали Алабасовтың домбырасымен сахнаға шығып жүрген екен.

Қали атамыз 1934 жылы 70 жасқа толғанына қарамастан, Ахмет Жұбановтың шақыртуымен Алматыға барып, сирек кездесетін бірнеше күйді нотаға түсіреді. Қазақ музыка өнерінің жолбасшысы, академик Ахмет Жұбановтың назарына ілігуіне қарағанда, Қ. Алабасов осал домбырашы болмағаны. Әттең, жасының келіп қалғанына байланысты сол кезде ұйымдастырылып жатқан (қазіргі Құрманғазы атындағы) оркестрге қала алмаған. 1939 жылы Ақпәтерге (сол кездегі Форт-Артурға), 1943 жылы Барбастауға келіп қоныс тебеді. Өз уақытында күйшінің неге кең түрде насихаттала қоймаған себебі түсініксіз. Мүмкін жасының ұлғаюына байланысты шығар. 1951 жылдың басында Ветелкин ауылына көшіп келеді. Айтушылар 102 жасында тың болғанын, атқа мініп жүргенін айтады.

1963 жылы 99 жасында Алматыдан келген өнер зерттеушісі экспедиция мүшелеріне сирек кездесетін күйлерді тағы да  үнтаспаға жаздырады. Арада үш жыл өткен соң Қали Алабасов 1969 жылы  105 жасында Зеленов ауданы Мичурин ауылында қайтыс болады. Орал қаласындағы «Нефтебаза» аумағындағы қауымға жерленген. Қазіргі уақытта Алабастың Қалиінің ұрпағы Орал қаласында, Ветелкин ауылында, Германияда, Ресейдің Саратов облысының Перелюб ауданында, Самара облысының Большая Глущиха ауданында тұрып жатыр. Рухани жаңғыру жылы ескерусіз қалған күйші Қали Алабасовтың жаздырған, нотаға түсірген күйлерін облыстық радионың алтын қорына алдыртып, келер жылы 155 жасқа толатын күйшінің есімін республика немесе аймақ көлемінде атап өтсе, артықтық етпес еді. Күйші атында байқаулар ұйымдастырса, өте жақсы болар еді. Күйшілердің бесігі атанған Жаңақалада туып, Зеленов ауданында бақиға аттанған ол – екі ауданға ортақ өнерпаз. Арыстарымызды лайықты ардақтай білсек, мәдениетіміз бен тарихымызға қосқан  үлесіміз  зор  болар  еді.

Серік  АБДРАХМАНОВ,

әнші,  өнертанушы,

Ғарифолла  Құрманғалиевтің  шәкірті

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар