8.09.2018, 11:30
Қараулар: 232
Қуаныш АМАНДЫҚОВ: «Театрымызға шетел тәжірибесін енгізіп жатырмыз»

Қуаныш АМАНДЫҚОВ: «Театрымызға шетел тәжірибесін енгізіп жатырмыз»

Театрдың  жаңа  маусымы  жағымды  жаңалықтарға толы  болмақ.  Биыл  Ақ  Жайықтың  танымал  тұлғалары,  белгілі  ақын-жазушылар  Хамза  Есенжанов,  Қадыр Мырза Әлиге  арналған  қойылымдар  көрерменге  жол  тартпақшы. Бұл  туралы Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ   драма  театрының  директоры  Қуаныш  Амандықов  әңгімелеп  берді.

– Қуаныш Сайлауұлы, ең алдымен театр маусымы қандай қойылыммен басталатынын білгіміз келеді?

– Театр маусымын белгілі жазушы, драматург Сәбит Досановтың «Мәншүк» қойылымымен жапқан едік. Алла бұйыртса, 7 қарашада дәл осы спектакльмен ашпақ ниеттеміз. Жалпы, көрермен бұл премьераны жақсы қабылдады. Өйткені батыр қыз  Мәншүк туралы қойылымдар бұрын-соңды  еш жерде қойылмаған. Көрермендеріміздің көпшілігі көріп үлгерген жоқ. Әрі бұл қойылымның өзіндік ерекшеліктері бар. Қойылымда дүрсілдеген, тарсылдаған соғыс бейнеленбейді. Отан үшін от кешіп,  20 жасында майданға аттанған батыр қыздың ішкі иірімдері, жан дүниесінде болған тол-ғаныстар, елге деген сағынышы көрерменге көркем түрде жеткізіледі. Осы тұста қойылымның режиссерлері Асхат Маемиров пен Әлия Баймаханова би жанрын әдемі қолданған. Қысқасы, әлі көріп үлгермеген көрермендерге қойылым жақсы әсер қалдырады деген сенімдемін.

– Театрдың бүгінгі бағыт-бағдары, тыныс-тіршілігі, жаңа маусымдағы жоспарларыңыз туралы кеңінен тарқатып әңгімелеп берсеңіз? Премьераны дайындауға қанша уақыт қажет?

– Театр ұжымы қарқынды жұмыс жасап келеді. Өткен жылы жеті, одан бұрынғы жылы сегіз қойылымды көрермен назарына ұсындық. Әртістеріміз еңбек демалысынан шыққан соң бізде қайнаған театр тірлігі басталады. Бір премьераны дайындап шығару үшін кем дегенде бір ай, ай жарым уақыт керек. Актерлардың әр күні шағын жоспарлаудан кейін бой қыздырумен басталады. Премьераға бекітілген 30 әртіс жүгіріп, секіріп, жаттығулар жасап, бой қыздырып алған соң, пьесамен танысады, оқиды,  сіңіреді. Осының өзі бір апта, он күнге созылады. Әрі қарай репетиция басталады. Бізде көбіне үлкен сахнамыз әр түрлі шаралардан босамай жатады. Сондықтан олар кіші сахнада дайындалады. Әрі біз екі премьераға қатар дайындаламыз.

Бұл әртістер арасындағы шығармашылық бәсекелестік үшін қажет. Пьеса әбден ширығып дайын болған соң, оны көркемдік кеңестен өткіземіз. Көркемдік кеңесте барлық ұсақ-түйекке мән беріледі. Осылай бірнеше кезеңнен өтіп, әбден піскен премьера көрерменге жол тартады.

Жаңа маусымда былтырғыдай межеде премьера дайындаймыз.

Биыл Ақ Жайықтың танымал тұлғалары, белгілі ақын-жазушыларымыз Хамза Есенжанов, Қадыр Мырза Әлиге арналған қойылымдар көрерменге жол тартпақ. Ең басты жаңалығымыз – Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали, Нұрғиса» драмасы болмақ. Бұрын еш жерде қойылмаған, керемет жазылған дүние. Одан бөлек, Фариза апамызға арналған поэзия бағытындағы қойылым шығармақшымыз. Мұның бәрі жыл бойы көрермендерімізді рухтандыратын дүниелер болады ғой деген сенімдеміз.

– Егер құпия болмаса, бір қойылымға қанша қаражат жұмсалады?

– Кей қойылымдарды сахнаға алып шығу үшін көп қаражат керек болады. Ал кей премьераларға жаңағы қаражаттың  қалдығы да жетеді. Кейбір үлкен қойылымдар 4-5 миллионға, ал кей қойылымдар 400-500 мың теңгеге шығып жатады. Көбіне режиссерлер  актердің жан дүниесін пайдаланып, жоқтан бар жасап, алып шығуға тырысады.

«Қазір бізде пьеса жазатын драматургтар жоқтың қасы. Сондықтан режиссерлер прозалық бағытта жазылған жақсы дүниелерді интерпритация жасап, көрерменге ұсынып жатады» деген бағыттағы әңгімелерді басылым беттерінен оқып қалып жүрміз. Жалпы, режиссура мен драматургияның жай-күйі туралы сіз не айтасыз?

– Дәл қазіргі уақытта режиссер өте қат мамандықтардың бірі екені рас. Оған себеп, жақсы режиссерлерді Астана, Алматы қалаларына  тартып алып кетеді. Олардың өздері де сол жерде жұмыс жасағанды тәуір көреді. Ақшасы да, жалақысы да жақсы. Бұл да өмір заңдылығы. Театр саласында Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов, Мұрат Ахманов деген мықты режиссерлер бар.  Біз сол мықтылардың тәлімін алған жақсы шәкірттерін ұстап қалуға тырысамыз. Қазір театрымыздың бас режиссері – Самал Әбуов. Атыраудан Мұқан Томановты кез келген кезде шақырып аламыз.  Ал драмалық шығарма жазатын драматургтар жоқ деген жай сылтау. Мықты драмалық шығармалар жетерлік. Мәселен, әлі күнге ешкімнің тісі батпай жүрген «Батқан кеменің бейбақтары», «Гүл НӘР» деген мықты драмалық шығармалар бар. Тек соларды іздеп тауып, «Заманға сай келе ме? Актерлардың қарым-қабілеті жете ме?» соны саралап, қарау керек.

– Талай мәрте шетелге барып, бірнеше рет бас жүлде алып, ел мерейін асқақтатып қайттыңыздар. Жалпы, сіздер барған Македония еліндегі театр өнерінің ерекшелігі туралы айтып берсеңіз?

– Шетелде сахнаны техникамен, декорациямен күрделендірмейді. Жай ғана бір-екі ағаш қойып, минимализммен алып шығады. Бірақ соның өзін көрерменге шебер жеткізе біледі. Оларда құр айқай жоқ, жай ғана сыбырлап сөйлеу арқылы көрерменді өзіне баурап алады. Біздің бас жүлдеден бөлек, ең үлкен олжамыз – шетел актерларының осындай әдіс-тәсілдерін біртіндеп өзімізге енгізіп жатырмыз. Өткен жылдары Мұқан Томанов сыбырлап сөйлейтін «Көшкін» атты қойылымды жарыққа шығарды. Көрермен жақсы қабылдады. Іргемізде тұрған Самараның өзінде театр өнері 10-15 жылға алға кетіп қалған. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында оқып келген режиссерлер қойылым қояды. Көрермен тырс етпей тамашалайды. Театр мәдениеті өте жоғары деңгейде. Біз жыл сайын барып, олардың өнерін тамашалап, рухани күш алып, тәжірибе жинап қайтамыз.

– Жаңа маусымда өзге елдегі әріптестеріңізбен тәжірибе алмасу бағытындағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Одан бөлек, театрда қордаланып қалған қандай мәселелер бар?

– Алла бұйыртса, қазан айының 22-28-і аралығында Хадиша Бөкееваның 100 жылдығы, театрдың 25 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалін ұйымдастырғымыз келеді. Қазіргі уақытта қаражат қаралып жатыр.  Ресейден екі театр, Македония, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен және Қазақстаннан төрт театр қатысады деп жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарымыз орындалып жатса, Ақ Жайық мәдениетінің мерейі асқақтай түсері сөзсіз.

Театрдың ең үлкен мәселесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі, өнер жанашыры Алтай Көлгінов алдағы жылы театрға жүз пайыз жөндеу жүргізілетіндігін айтып, бізді  қуантып  қойды.

Театр – адам жанын, санасын тазартатын киелі орын ғой. Әрбір қойылымға келген көрермен уақытша болса да серпіліп қайтады. Театрда сахнаның патшасы – актер, режиссер, драматург деп таласып жатамыз. Шын мәнінде театрдың патшасы – көрермен. Сондықтан да театр жаңа маусымда өз көрермендерін асыға күтеді.

Сұхбаттасқан Гүлжамал    ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар