8.09.2018, 11:15
Қараулар: 137
Партия нақты істердің ұйытқысына айналды

Партия нақты істердің ұйытқысына айналды

Облысымызға  арнайы  сапармен  келген  «Нұр Отан»  партиясы  Төрағасының  бірінші  орынбасары  Мәулен Әшімбаев  облыстық  мәслихатта  партияның  облыстық  активімен кездесті.  Жиынға  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  қатысты.

Басқосуды ашқан облыс әкімі биылғы 1 маусымда өткен партияның Саяси кеңесінде Елбасының, партия Төрағасының партия қызметін жаңғырту аясында 20-дан астам жобаны жүзеге асыруды тапсырғанын айтты. Осы орайда партияның облыстық филиалы ауқымды жұмыстар атқаруда.

– Ауыл-аймақтарда жаңашыл бағыттағы коворкинг орталықтар ашылып, кітапханалардың жұмыстары жанданды, заман талаптарына сай қайта түледі.

8 IT сынып ашылды, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту, ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйрену үшін қолайлы орта қалыптастыру сияқты нақты жобаларымыз бар. Бастауыш партия ұйымдарына ерекше назар аударылып,  жұмысына қолдау көрсетіліп, оларға жүктеліп отырған нақты жұмыстардың сапасын арттыруға мүмкіндік   берілді. Облысымызда партиялық кадрлар резервіне  белсенді саяси мемлекеттік және әкімшілік лауазымдарды ұсыну жұмыстары, меритократия принципінде қабілеттілігіне және іскерлігіне сай сайланбалы органдарға іріктеу жұмыстары  жүргізіліп келеді,  –  деді Алтай Көлгінов.

Жиында сөз алған Мәулен Әшімбаев БҚО-да барлық сала бойынша қарқынды даму бар екендігін, соның ішінде маңызды мембағдарламаларды табысты жүзеге асыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бойынша да біраз жұмыстар атқарылғанына, сол шаруалардың басы-қасында партия мүшелерінің жүргенін айтқан партия Төрағасының бірінші орынбасары биылғы маусымдағы партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасының айқындап берген жаңа міндеттерін және оларды орындаудың тиімді тетіктерін жан-жақты  саралады. Оның айтуынша, саяси кеңес отырысында партияны жүйелі жаңғырту,  Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мәселелері  қарастырылған. «Елбасы партия қызметін жаңғырту аясында атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, «Нұр Отан»  – елдің өсіп-өркендеуіне жұмыс істейтін нақты істердің партиясына айналды» деп атап өтті. Сондай-ақ Елбасы барлық партиялық бастаманы мақұлдап, оларды уақтылы әрі тиімді ұйымдастыру үшін партиямен бірге әкімдерге де  нақты тапсырмалар берді. Осылайша партия Төрағасы бізге сенім артып, үлкен жауапкершілік жүктеп отыр», – деді  М. Сағатханұлы.

М. Әшімбаевтың айтуынша, партия еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани өміріне атсалысатын нақты істердің ұйытқысына айналды. Қазір партияға Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру міндеті жүктелген және соған орай оның жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізеді. «Партия Үкіметпен бірге мемлекеттік бағдарламалар негізінде жасақталған партиялық жобаларды іске асыруға қатысады. Бұл тұрғыдан Батыс Қазақстан облыстық филиалының жұмысы лайықты деңгейде ұйымдастырылған. Барлық партиялық жоба  тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған», – деді Мәулен  Әшімбаев.

Басқосуда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен партияның қызметін жаңғырту аясында «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталаған жаңа партиялық жобалардың іске асырылуы жайын  баяндады. Сондай-ақ жиында Қазталов аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Абат Шыныбеков, «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі, «Отделстрой» компаниясының директоры Валентина Михно сөз алып,  партиялық жобалардың жүзеге асырылуы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мәселелері жөнінде ой-пікірлерімен  бөлісті.

Гүлбаршын    ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар