8.09.2018, 11:00
Қараулар: 176
Жұмысының жемісін татқан Жасталап

Жұмысының жемісін татқан Жасталап

Жазғы маусымда үй салу, қора-қопсы жөндеу, аула тұрғызу секілді науқанға тұрғындар жаппай  білек сыбана кіріседі. Мұндай кезеңде есік-терезе ойып, еден жаңалайтын, қабырғаны әрлеп, шатырыңды ауыстырып беретін шеберлердің «қаны жерге тамбайды». Кей еркек кіндікті жұмыс жоқтығын сылтауратып,  аузын қу шөппен сүртіп жатқанда, қолынан келетін қарапайым кәсібінен нәсіп табуға арланбайтын, маңдай терін төгіп, еңбек етуге құштар азаматтар көп. Солардың бірі – оралдық Жасталап Батырғожин.

Жәкеңнің қолының епсектігіне, жеті рет өлшеп, бір рет кесетініне өзіміз куә болған жайымыз бар. Былтыр «Орал өңірі» газеті редакциясының ұжымы демеуші тартып, кабинеттердің ішін жөндеткенде, әріптес ағамыз Сәкен Әбілхалықов екеуміз бірге отырған ұядай бөлмеміздің қабырғасын әп-әсем қылып, әктеп-сырлап, есік-терезе, еденін түгел жаңғыртып бергені бар. Жұмыс кабинетінің ішкі құрылысына қолтаңбасын қалдырған Жасталап шебер сүйікті ісінен жыл бойына нәпақа табады. Ол «темірді қызған кезде соғатын» шақта еңбегіне қарай өнбегі болатын, сұранысқа ие мамандық маңайында қарагөздерімізді аса көп емес екенін айтты. Маңдай терін сүртіп тұрып, өз бетімен нәпақа табуға, күнкөріс қамына өзге  ұлт  өкілдері  берік-ақ.

Жасталап Батырғожин Сырым ауданындағы Тасқұдық ауылында дүниеге келгенімен, Бостандық ауылдық округінің Көгеріс елді мекенінен түлеп ұшыпты. Қолы алтын әкесі ісмерлігімен ауыл тұрғындарының алғысын алып, Көгерістің  көсегесін  көгерткен.

– Әкем құрылысшы болды. Ауылдастарға баспанасын салуға көмектесетін.  Ат арба, қысқы шана жасап беретін. Бес ағайындымыз. Менен кейін екі ұл, екі қыз бар. Әкеме қатты еліктеген – менмін. Төрт жасар кезімде үйдегі киізді шегемен қағып тастағаным есімде. Қыс кезінде үлкендер қағып-сілку үшін сыртқа алып шығайын десе, шегеленген киізді көтере алмай, қызық болды. Әкемнің қасынан қалмаймын. Үй салысамын, пештің тасын өремін. Бала күнімнен еңбекке шынықтым, – деді Жасталап Батырғожин.

1993 жылы облыс орталығындағы №4 училищеден, қазіргі Орал политехникалық колледжінен ағаш шебері мамандығын алып шығады. Колледж бітірген соң, ауылда мал бағыпты. Тоқсаныншы жылдары мал бақпақ түгілі, жан бағудың өзі қиын болғаны мәлім. Кейін Орал қаласындағы қарттар үйінде, Көшімдегі балалар үйінде еңбек етті. Дегенмен соңғы он шақты жыл көлемінде ағаш шебері табысты өз бетімен тауып жүр. Тапсырыс берсең, ағаштан жер үстел дайындап береді. Линолеумді еденге өлшеп-кесіп, төсеп, төбеге тартатын материалды қолмен қойғандай қылып  жөндейді.

– Көбіне бөлме есіктерін орнатумен шұғылданамын. Тұрақты хабарласып тұратын тұтынушылар бар. Тапсырысты алған соң, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, мұқият орындаймын. Өзіме бұл кәсібім ұнайды. Табыс табу жолында ерінбеу қажет. Алдағы уақытта 3D баспа құрылғысын меңгергім келеді. Жаңа технология жұмысты жеңілдетеді, – деді Жасталап Батырғожин.

Ағаш шебері  кәсіби тұрғыда  кейбір кеңесімен бөлісті. Соған назар  аударайық:

Жаңа боялған есікті не терезені жабуға тура келсе, онда жақтауларының арасына фольга салып жапса, боялған жерлері жабыспайды.

Едені сырланған үйдегі иіс тез кетуі үшін екі-үш күнге дейін шелекпен суық су қою керек. Ауа содан  тез  тазарады.

Ағаштарды бір-біріне желімдегенде қысқыш тақтайлардың екі басын сыммен құрсаулап орау керек. Қатты қысу үшін құрсаулардың астынан сына қағылады.

Көп тақтайды бірдей ұзындықта кескенде тәжірибесіз шебер әр тақтайды өлшеп әуре болады. Олай етпес үшін ұзындығы өлшенген рейкадан қалып кесіп алып, басына көлденең тіреуіш қағып, соны пайдалану керек.

Егер тақтайды екінші тақтайдың басына бұрандалы шегемен бекіткіңіз келсе, байланыс мығым болуы үшін мына тәсілді қолдануға болады. Екінші тақтайдың ұшына жақын қырынан ойық жасап, оған қатты ағаштан сына қағу қажет. Бұрандалы шегелер сынаға кіріп, тақтайлар мықты бекітіледі.

Көп қабатты фанерді кескенде оның үстіңгі жағының жаңқалары жарылып кетеді. Оны болдырмас үшін кесетін жеріңізге ыстық  су құйып  жіберу  керек.

Арамен отын кесу үшін ашамай дайындағанда ортасын сәл биіктеу жасаса, ағашты кескенде  араны  қысып  қалмайды.

Мұқалған арамен кесіп жатқанда дымқыл ағаш араны тұтып қала берсе, аздап сабын жағу қажет. Сонда  жұмыс  өнікті  болады.

Қол араның сырт жағын сантиметрмен бөліп, егеумен не қашаумен белгі соғып қойса, сызғышты пайдаланбауға да  болады.

Ағаш керек мөлшерден сәл-пәл 2-3 мм артық кесілсе, оны қайтадан дәл кесу оңайға соқпайды. Екі кесіндінің басын түйістіріп, қысқашпен (струбица) қысып тастаңыз. Кесінді басындағы жіктен араны бір өткізсеңіз, артық жері алынады.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ

Жас  шеберлерге  кеңес

Қазақ халқы қолы алтын адамдарды «ағаштан түйін түйген» деп әспеттеп жатады. Шебер болып қалыптасу үшін тәжірибе керек. Кәсібін жаңадан бастаған шеберлер назарына ғаламтор желісінен алынған бірнеше кеңесті ұсынамыз.

Көңіл күй де ықпал етеді. Егер ой тұңғиығына батып, әлденеге алаңдаулы болсаң, шеберханаға беттеудің қажеті жоқ. Шаршаңқы күйде жұмыс істегенде, жасаған өнімің көңіліңнен шықпайды. Тіпті істің соңы шебердің жарақат алуымен аяқталуы мүмкін.

Көз, құлақ және басқа нәзік ағзалар қымтап ұсталуы тиіс. Станоктар, электроқұрылғылармен жұмыс жасағанда 22 децибелден кем емес дәрежеде дыбысты төмендететін қорғаныш құралын үнемі қолдану қажет. Шаңнан қорғайтын тұтқышты пайдаланған жақсы. Әсіресе, N95  дәрежесіндегі  респираторды қолданған  абзал.

Өзгелердің де кеңесіне жүгін. Көптеген ағаш ұсталары тәжірибесімен бөлісіп жатады. Сондай кезде күрделі істі жеңілдетуге көмектесетін амалдар туралы естисің. Немесе интернет арқылы да істің тетігін оңай табуға болады.

Қосалқы құрылғылар қажет. Шеберханада қосымша бояу қалағы, екіжақты жапсырғыш, қол жууға арналған ерітінділер, дәрілік қобдиша, от сөндіргіш құралдың болуы міндетті.

Іске тиянақты болған жөн. Құралдар қоятын шкафты, сөрелерді, астаушаларды жасап ал. Айналаңдағы заттар жинақы тұрғанда, көңіл күй көтеріңкі, іс өнікті болады. Құралдар орын-орнында болса, іздегенде тез табылады. Жұмыс үстелі орнықты болған жөн. Қысқа мерзімде орындалатын кей іс ұзақ уақыт дайындықты талап етуі мүмкін.  Оған сабыр  етіп, ерте дайындал. Яғни қауіпсіздік ережелерін  түбегейлі  ескеру  қажет.

Әр тиынды орнымен жұмсау керек. Үнемдеген жақсы, бірақ тым сараңдық танытпау керек. Ағаштан жасалған құралдар ескірсе, жаңасын сатып ал. Ысқылайтын қағаздар (наждак) 5-10 минутта-ақ жарамсыз болады. Желімнің уақыты өтуі мүмкін. Ұзақ тұрған сырдың бетіне «қыртыс» түседі. Оның ыдыстарын лақтыр. Ең бастысы,  жарамсыз  материал  сапаға  әсер  ететінін  еске  тұт.

 Материалдың сыртқы пішінін өлшеп алу маңызды. Оны үнемді пайдалану үшін өлшемді тақтаға не параққа алдын ала түсіріп ал. Сонда шикізатқа пайдаланылатын ағаштың ақауын ескеру немесе бетіндегі ою-өрнекті, түстерді тиімді пайдалану оңайға түседі.

Қалыптамалар істі жеделдетуге көмектеседі. Бір үлгідегі бірнеше бөлшекті дайындау керек болса, күрделі пішіндерді қалыпқа түсіріп алған дұрыс. Сонда фрезерлік үстелде бір қалыппен шикі-зат дайындауға оңтайлы болады.

Алдымен жинау, содан кейін желімдеу. Ағаш бөлшектерді құрғақ күйінде жинап, кем-кетігін қарап алған дұрыс. Желімдеп алғаннан кейін қисық біткен тұсын жөндеу қиынға соғады. Содан кейін «түзу секілді» деп көзбен өлшеуді қою қажет. Одан да құрастырылмалы бұрыштамаларды  сатып алып, жоба бойынша нақты үлгіні жасаған жөн.

Ағаштың сүрегі орналасуына қарай оны аралау әдісі түрлі болады. Шикізаттың ауа райына ісініп-кебетінін ескер. Ағаш уақыт өте саңылау қалдырады, сына түседі.  Өлшеу амалын ерте ескерген дұрыс.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар