8.09.2018, 10:40
Қараулар: 125
Эстония сенімді серіктес болмақ

Эстония сенімді серіктес болмақ

Бейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Эстония  Республикасының  Қазақстандағы  төтенше  және  өкілетті  елшісі  Хейти  Мяемеэс  мырзамен  кездесті.

Кездесу барысында алдымен облыстың тыныс-тіршілігімен таныстырған Алтай Сейдірұлы Қазақстан мен Эстонияның арасындағы ежелден келе жатқан тарихи, достық байланыс аймақтық деңгейде де жалғаса беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол Эстониядағы мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрландыру саясатына ерекше тоқталды.

– Бізді сіздің елдегі электронды мемлекеттік қызмет көрсету  ерекше қызықтырады. Сіздің елде бұл көрсетілетін қызметтер 99 пайызға автоматтандырылған. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы сандық қызмет көрсетудегі тәжірибелеріңіз де ерекше. Әріптестеріммен бірге медицина саласының мамандары да Эстонияға барып, тәжірибе алмасатын болады. Біздің облыс сізбен көршілес жатқан Финляндия елімен де тығыз іскерлік байланыс орнатты, бүгінде үш жоба жүзеге асуда. Эстониямен де серіктес болуға дайынбыз. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та цифрландыру бағдарламасын қабылдағанын білесіздер. Ал Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау және білім беру салаларын цифрландыру бойынша пилоттық аймақ болып табылады. Алдағы уақытта басқа салаларда да жалғасын табатын болады, – деген Алтай Сейдірұлы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Орал тарихқа бай  көне шаһар және еліміздегі «жасыл» қала екенін ерекше атап өтті. Ал облыстың даму қарқынына куә болып, бірқатар өндіріс орындарын аралаған  Хейти Мяемеэс мырза өз кезегінде өңірге әлеуеті  зор  аймақ  деген  баға  берді.

– Жақын күндері қазақстандық делегация Эстонияға бармақшы. Бұл тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік болмақ. Бүгінгідей кездесу алдағы уақытта  да  жалғасын табады деген үміттемін. Әрине, өзара әріптестік бойынша алғышарттар басталып кетті десе де болады. Біз Оралдағы кейбір өндіріс орындарында болып, ерекше әсер алдық. Енді инвестиция құюға тиімді сапаны нақтылаймыз. Жалпы, бізге серіктес болуға мүмкіндіктер бар, – деді елші.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар