8.09.2018, 10:10
Қараулар: 178
Мемлекеттік бағдарламалар партия бақылауында

Мемлекеттік бағдарламалар партия бақылауында

Бейсенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне куә болып, ашылған ІТ орталықтың, «Ашық әкімдік» жобасының жұмысымен танысып, өңір жастарымен кездесті.

Ипотекалық   несие   қолжетімді

Зашаған кентіндегі 90 пәтерлі су жаңа үйдің ашылу салтанатына қатысқан Мәулен Сағатханұлы еліміздегі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайдалануға берілген үй тұрғындарына  пәтер кілттерін өз қолымен табыс етті.

 Айта кетейік, ағымдағы жылдың жеті айында облыс бойынша 250 мың шаршы метрден аса баспана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 415,7 мың шаршы метр, оның ішінде «7-20-25» бағдарламасымен 46 мың шаршы метр баспана салынады деп жоспарлануда. Жалпы, жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты екінші деңгейлі банк өкілдерінің мәліметінше, облыс  бойынша тұрғын үйге 55 өтініш келіп түскен.

 Мәулен Әшімбаев қазіргі кезде баспана ең өзекті мәселелердің бірі екенін, «7-20-25» бағдарламасы сол мәселені тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама, әсіресе,  жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

— Баспана кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те, артық болмас. Осы мемлекеттік бағдарламалар арқылы Елбасы барша қазақстандықтың баспаналы болуына жағдай жасап, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымыз осындай жағымды жаңалықпен басталды. Бүгінгі пәтер иелерін баспаналы болуларымен, ал барша оралдықты Қала күні мерекесімен құттықтаймын!  — деді Мәулен  Әшімбаев.

Жеке баспаналарының кілттеріне ие болған қала тұрғындарын облыс әкімі Алтай Көлгінов те құттықтады.

— Бүгінгі таңдағы елдегі саясаттың және Елбасымыздың ұстанып отырған басты бағыттарының бірі — тұрғындарды баспанамен қамту болып отыр. Зашаған кентіндегі бұл аумақта осыдан 5-6 жыл бұрын бірде-бір көп қабатты үй болған жоқ. Соңғы жылдары осы маңнан 50 көп қабатты үй бой көтеріп, соның 44-інің құрылысы аяқталды. Мұны мемлекеттің дамуының көрсеткіші деп білемін. Елбасымыз қабылдаған бес әлеуметтік бастаманың аясында және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарлама іске асуда. Қала күні мерекесі қарсаңында сіздер де өз пәтерлеріңізге ие болдыңыздар. Қоныстойларыңыз құтты болсын! — деді өңір   басшысы.

15  ІТ сыныпта  150  оқушы  білім  алуда

Мәулен Сағатханұлы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да ашылған ІТ орталықта да болды. Университет жанындағы орталықтың жұмысы ІТ сала мамандарының біліктіліктерін арттыру және жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген азаматтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру бағыттарында жүргізіледі. Осы уақытқа дейін жұмыспен қамту орталығы арқылы келген 54 азаматқа сертификаттар табысталған. Аталған ІТ орталықта ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап аймақ бойынша 30 информатика мұғалімі бағдарламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздері жайында тереңдетілген білім алған. Болашақта бұл мамандар облыста ашылған тегін ІТ сыныптарда оқушыларға білім беретін болады.

Осындай ІТ сыныптардың бірі Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында ашылды.

Қазірдің өзінде облыс бойынша 15 ІТ сынып ашылып, онда 150 мектеп оқушысы ІТ саласы бойынша білім алуда. Аталған сыныптар Орал қаласымен бірге облыстың барлық ауданында, ауылдық жерлерде де жүйелі жұмыс істеп тұр. Негізінен, «Нұр Отан» партиясы алдағы үш  жылда ел бойынша бір мыңға жуық тегін ІТ сыныптар ашуды жоспарлаған болатын.

Бұдан соң Төраға орынбасары шаһар әкімдігінде іске қосылған «Ашық әкімдіктің» жұмысымен танысты. Орал қаласы әкімдігінің ғимаратында бөлімдердің жеке және заңды тұлғаларға қызмет түрлерін көрсетуге арналған «Ашық әкімдік»  атты инновациялық жобасы жүзеге асырылған болатын.  Осының арқасында қала әкімдігінің ғимаратында орналасқан жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне қызмет алуға келген тұрғындар түрлі ыңғайсыздықтардан түгелімен арылған. Қазір барлық қызметті «бір терезе» қағидасы бойынша алуға болады.

Жастар  үшін  төрт  орталық  жұмыс  істейді

Сондай-ақ партия Төрағасының бірінші орынбасары шаһардағы Оқушылар және жастар сарайында ашылған коворкинг орталығында болып, өңірлік жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті.

Бүгінде облыс аумағында төрт коворкинг орталық ашылған. Олардың үшеуі облыс аудандарында, біреуі Орал қаласында. «Бастау» коворкинг орталығы – фриланс режімінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, English club т.б.) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жастармен кездесу барысында Мәулен Сағатханұлы Елбасының бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады.

Сондай-ақ Оқушылар және жастар сарайында болған Мәулен Әшімбаевқа «Онлайн ұлттық бірыңғай геоақпараттық қызмет» шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жоба аясында әзірленген «SMART URALSK» автоматтандырылған жүйесі таныстырылды. Бұл портал арқылы кәсіпкерлер бос жер телімдері туралы толық ақпарат алуға қол жеткізеді және ол барлық қолданушыға қолжетімді болмақ. Орал қаласы еліміз бойынша «ақылды қала»  жүйесін енгізген Астанадан кейін екінші қала болып саналады.

— Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымыздың басты мақсаты – Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу болатын. Бүгін, міне, көп қабатты, жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне қатысып, өңірде «7-20-25» бағдарламасының нақты жүзеге асып жатқандығының куәсі болдық. Сондай-ақ бұл өңірде Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы аясында студент жастарға жатақханалар салу, кәсіпкерлік аясын кеңейтуге қолдау көрсетуге байланысты қолға алынған жұмыстар бүгінде нақты нәтижелер бере бастаған. «Нұр Отан» партиясы атынан біз осы жұмыстардың нақты орындалуын қоғамдық бақылауға алдық. Әр өңірде партия атынан құрылған жұмыс топтары бар. Олар осы істердің орындалуына қатаң бақылау жүргізуде. Бұл жердегі басты мақсат – елімізде іске асырылып жатқан игі істердің халыққа жетуін, тұрғындар соның толықтай игілігін көруін қамтамасыз ету, — деді Мәулен Әшімбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар