8.09.2018, 10:00
Қараулар: 179
Қыркүйектің “қабағы” ашық

Қыркүйектің “қабағы” ашық

Қоңыр күз есігімізден аңдатпай еніп, ағаш жапырақтары бірте-бірте сары түске бояла бастады… Ауыл-аудандағы құмырсқа тірлік қыза түсті: диқан қауымы піскен егінін орып, бақша еккен ағайын Жер-ананың берген ырыс-несібесін теріп, пішеншілер мал азығын дайындауда. Күз маңдайдан тамшылаған ащы тердің қайтарымын көретін уақыт. Сондықтан шаруа адамына бір көмегі болар деген ниетпен қыркүйек айына ауа райы болжамын беріп отырмыз. Мұндай болжамды әр айдың алдын ала беріп отырмақпыз.

“Қазгидромет” РМК-ның ауа райын болжау бөлімінің бастығы Татьяна Шилингтің айтуынша, қыркүйек айы жаймашуақ «мінезімен» қуантпақ. Қыркүйектің 7-12-сі күндері аралығы жауын-шашынсыз, оңтүстік шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9-14  метр болады. Түнде 7-12 градус жылы, күндіз 25-30 градус жылы болады. Тек 13 қыркүйекте күз «жылаңқы» мінезіне басып, жаңбыр жауады, жел (15-20 м/с) күшейеді.

Гидрометеорологиялық орталықтың мәліметіне сүйенсек, қыркүйектегі ауаның орташа  температурасы +15-22°С, қалыптағыдан 1º жоғары. Ал айдың екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 5-10 градус, күндіз 20-25 градус жылылықты көрсетеді. Сондай-ақ үшінші онкүндікте ауа райы түнде 10-15 градусқа дейін жылынып, күндіз 23-28 градусқа дейін көтеріледі. Одан кейін түнгі температура 3-8 градусқа дейін төмендеп, күндізге ауа 10-15 градусқа дейін түседі. Бірақ кей жерлерде 20 градус жылылық болады. Ал қыркүйектің соңында түнгі ауа 8-13, күндізгі ауа 15-20 градусқа дейін жоғарылайды.  Жалпы, қыркүйектің «қабағы» ашық, жауан-шашын әдеттегіден төмен болады деп болжануда.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар