28.08.2018, 10:00
Қараулар: 260
Жырдың шамын маздатқан Жанғали

Жырдың шамын маздатқан Жанғали

Ауылға беттегенде көңілің елегізіп, алыстан ескен сағыныш лебі күшейе бастайды. Сапарға бірге шыққан ақын Айтқали Нәріков, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да дәріс берген ұстазым, ғалым Зейнолла Мүтиев, айтыс өнерінің дүлдүлі Мұрадым Мирланов Жанғали Мырзалиевтің 70 жылдығына байланысты «Жыр-дың шамын маздатып…» облыстық ғылыми-шығармашылық конференциясына қатысуды өтінген ұйымдастырушылардың сөзін жерге тастамай, белгіленген күні бәрі де көлікке отырды. Ақынның ауылына жеткенше сарша дала алабына көз тіге отырып, аумалы-төкпелі мінезді Жанғали тағдырының ауыр болғаны да әңгіме өзегіне айналды.

Бақ жұлдызым көз жетпес шығандасың,

Сезімі бар сезімнен сыр аңдасын.

Туған жердің қойнында жүр ғой біреу

Таныта алмай туысқа шығармасын, – деп жазған ақын шығармашылығынан әлеміш бояу, аспандай,
асқақтай жырлауды аса байқай бер-мейсің. Қарапайым болмысымен шеңберге сыймай кеткен шайырды тануға туған өлкесінде шуақты шара ұйымдастырылатынын ауылдастары да болжай қоймаған шығар.

Ақобаға кіреберіс жолда қонақтарды қош алу рәсімі ұйымдастырылып, келгендерге дәстүрге сай
ақ дәм ұсынылды. Өнердің қасиетін бір кісідей жетік білетін қадірменді ақсақал Мұрат Мұханбетқалиевтің үйінде дастарқан жайылды. Дастарқан басында Мұрат ақсақал Жанғали жөнінде  әңгімеледі. Ауылдастары ақынды «Жәнекеш» деп біліпті. Қадеш есімді ағасы болған. Ақобада 8-сыныпқа дейін білім алған. Аудан орталығында қазақ орта мектебін бітірген. 1967 жылы кеңестік армия қатарына алынып, Түркіменстанда әскери міндетін өтейді. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. Бірақ түрлі себеппен оқуын аяқтамаған. Жәнібек аудандық баспаханасының меңгерушісі, «Октябрь туы» газетінің тілшісі қызметін  атқарған. Тағдырдың қиын соқпағына түсіп, жұмыссыз жүргенде Жанғали ақын Жәнібек ауданын басқарған Шыныбай Шарафутдиновтің қамқорлығын көріп, 1990 жылдардың басында редакция жанындағы радио хабарына қызметке алынғаны да айтылды. Жанғалидың жаны таза адам болғанын, бірақ бірбеткей мінезінен теперіш көргенін әңгімелеген Мұрат ақсақал да аталы сөз айтудан қара жаяу емес. Аудандағы маңдайы озық көркем-өнерпаздардың бірі болды. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын көңілі жаз, сөзі асыл, аузы дуалы адам. 1988 жылы Қаратөбе ауданында өткен облыстық ақындар айтысында үшінші орын алған.

Біз барған күннің ертеңіне Ақоба ауылдық мәдениет үйінде облыстық ғылыми шығармашылық конференция басталды. Конференция алдында «Белгісіз солдат» монументіне гүл шоқтары қойылды. Ақынға арналған көрме таныстырылды. Бүлдіршіндер өлеңдерін оқыды. Кейін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайрат-кері, ақын Айтқали Нәріков пен Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов Жанғали Мырзалиевтің «Асау» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер рәсімін жасап, лентаны қиды.  Орал қаласын-дағы «Полиграфсервис» баспасынан шыққан кітапқа ақынның өлең-дері мен әңгімелері енген.

– Ақындар поэзияға лек-лек болып келеді. Жанғали Мырзалиев ҚазМУ-да оқыған жылдары қазақ поэзиясын аспандатқан талантты жастармен тең құлындай тебісіп, жарыса жыр жазды, жатақхананы күңірентіп, өлең оқыды. Алматы көшелерінде дүлдүлдермен бірге жүрді. Дегенмен Жанғали тағдыры өзгеше өрбіді. Әдеби ортадан алыстап, елге оралуға мәжбүр болды. Мырзалиев Алматыда қалғанда қазақтың аса көрнекті ақыны болып қалыптасар еді. Оған мына өлеңдері куә. Таланты гүлденіп, дами бастағанда тағдыр теперішін көрді. Тұма талант бастауында буырқанған күш, поэзия дауылының лебі есіп тұрғанын аңғаруға болады. «Әттеген-айы» –  соны леп өріс алып кете алмады. Уақыт өте Жанғали жоқтаушылары табылып, туған ауылында облыстық деңгейде конференция ұйымдастырылып жатыр. Бұл – кез келген ақынның маңдайына бұйырмайтын бақ. Жанға-лиды жүзбе-жүз көре алмадым. Бірақ өлеңдеріміз республикалық, облыстық газеттерде аракідік басылып жүрді. Белгілі ақын Жанғали Набиуллиннің бірде: «Жәнібек ауданынан бір мықты ақын шықты. Аты – Жанғали, фамилиясы – Мырзалиев» деп аттасы туралы жылы жымиып, пікір айтқаны есімде. Кейін Жанғали шығармашылығынан көз жазып қалдым.  Міне, Ақобада ақын рухымен қауышып отырмыз, – деді ақын Айтқали Нәріков.

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақынның ауылдастары мен жергілікті кәсіпкерлер бірлесіп,  «Асау» өлеңдер жинағының 200-ден астам таралыммен шығуына демеушілік танытуы ынтымақтың зор үлгісі екенін, биыл Жанғали шығармашылығына мерзімді баспасөз беттерінде зерттеу еңбектері жарияланып жатқанын айтты. Кейін ақынмен бірге қызмет еткен әріптесі, өнерде де, өмірде де сүйеніші болған досы, жерлесіміз, ақын, журналист, күйші, Астанадан сәлем жолдаған ҚР Ұлттық музейі имидждік-ақпарат қызметінің басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың бейнежазбасы көрсетілді.

Конференцияда М. Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің деканы, филология ғы-лымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев «Жанғали Мырзалиев ақындығы  хақында бірер сөз  немесе «Еркіндікті аңсаған, еркіндікке ғашық ақын» тақырыбында баяндама жасады.

– «Асау» кітабы қолыма тигенде екі-үш сағатта жаппай оқып шықтым. Оқып шықтым да, таң қалдым. Жанғали Мырзалиев жай ақын емес, мықты лирик ақын екен. Таң  қалдым  дегенім, қалайша осылай классикалық үдеріспен өрнек салған,  өлең табиғатын жете мең-герген ақынды, таза да мөлдір, шынайы сөз иесін қалайша құпия ұстап келгенбіз? Көркем әдебиетте, әдебиеттануда өнерсүйер қауым қазақтың тағы бір талантты ақы-нын жоғалта жаздаған-ау деген ойға қалдым. Жанғалидың көңіл күй жырларының негізгі ілмегі – қарапайымдылық. Ақын өзін бірде қызу, бірде байсалды ұстап, тізгінді тең тартып, әсіреқызылдыққа ұрына бермейді. Айтарын екшеп, оқырманына ой салып, байыппен жетелеп, өзімен бірге ертіп отырады. Жанғали  Мырзалиев  өзінің көркем бейнесін өзі жазып қалдырған ақын санатына жатады. Оның лирикалық «мені» кейде оны қаhармандық «менге» де итермелеп, жетелеп жөнеледі. Ақын шығармашылығында «Сым  жолдарға  торғайлар үтір болып ілініп»,  «Бұтақ  қолын  жылытып  күн нұрына алған соң, талпынады теректер сәбидей боп аспанға», «Ақын болу оңайға түспесе де, Адам  болу одан да қиынырақ», «Қарғаға ұқсап жайды жерге қанатын, Бар әлемді бүркейтіндей қара түн», «Өмір деген жалақымен өлшенсе, адамдықтың құны да көк тиындық» деген қазақ өлеңінің інжу-маржа-ны болып төгілген авторлық тіркестері өте мол, – деді доцент.

Айта кетейік, Зейнолла Мүтиев бірер жыл бұрын халық ақыны Халима Өтеғалиеваның 125
жылдығына байланысты Жәнібек ауданында өткен ғылыми шығармашылық  конференцияға  қатысқан еді.

Шырайлы шарада халықаралық, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Мұрадым Мирланов арнау өлеңнен шашу шашты, БҚМУ филология факультетінің  студенті, жас ақын Төрехан Насиев
өлеңін оқыды, ақобалық әуесқой композитор Алтынбек Қаресов Жанғалидың екі өлеңіне шығарған ав-
торлық әнін шырқады. Конферен-цияның қадірлі меймандары –  ақын Айтқали Нәріков пен ғалым Зейнолла Мүтиевке Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев атынан дәстүрге сай шапан жабылды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

Ақоба  ауылы,

Жәнібек ауданы

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.