16.08.2018, 10:00
Қараулар: 481
Өңірдегі ет экспортының әлеуеті жоғары

Өңірдегі ет экспортының әлеуеті жоғары

Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша соңғы төрт жыл ішінде өңірімізден шамамен 8000 тонна сиыр және 720 тонна қой еті экспортталған.

Біздің облыс ет экспорт-тауда еліміз бойынша алдыңғы лекте. Батыс Қазақстан облысы Ресей, Армения, Иран, Тәжікстан секілді шет мемлекеттерге ірі қара мен қой етін тірілей және мұздатылған күйде  экспорттауда. Облыс аумағынан шет елдерге жөнелтілген еттің басым бөлігі қажетті құралдармен жабдықталған 11 бордақылау алаңында дайындалады. Облыстың 8 ауданында 15 мыңға жуық ірі қара және ұсақ мал өсіріледі. Ақ-жайық ауданында 1500 бас малды бордақылауға арналған алаңның құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ Зеленов және Теректі аудандарында 3000-5000 бас ірі қара малын бордақылау алаңдарын салу  жоспарлануда.

– Өткен жылы 2000 тонна сиыр етін және 90 тонна қой етін экспорттау жоспарланса, бұл ме-
же 86,8 пайызға орындалды. Экспорттаушы кәсіпорындардың қатарында «Батыс Марқа Ламб» ЖШС, «Зира ЕТ» ЖШС, «Кублей» ЖШС-лар бар. Шет мемлекеттер-ге 1,8 тонна сиыр еті мен ет өнімдері, 505 тоннадан астам немесе 5,6 есе артық қой еті жөнелтілді. Бұл еліміз бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Биылғы жылы 2 мың тонна сиыр етін, 180 тонна қой етін экспорттау жоспарланып отыр. Күні бүгінгі көрсеткіш бойынша сиыр етін экспорттау жоспары 53,3 пайызға орындалды. Сонымен қатар барлығы 338,2 тонна қой еті жөнелтілген болса, соның ішінен 231,5 тонна марқа еті Иран Ислам Республикасына экспортталды, –  деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін және экспорттайтын ірі кәсіпорындардың қатарында сиыр және қой еттері мен ет өнімдерін өндіретін «Кублей» ЖШС, марқа етін дайындайтын «Зира ЕТ» ЖШС, ірі қара малын тірілей және еттей жөнелтуге бейімделген «Гитинов», «Дәурен», «Ерсайын» секілді шаруа қожалықтарын  атап  өтуге болады.

Экспорттаушы елдердің қатарын ұлғайту мақсатында «Кублей» ЖШС Қытайға ет жөнелтуге өтініш берген болатын. Өткен жылдың мамыр айында Қытайдан келген сарапшылар Батыс Қазақстан ет комбинатының жұмысымен танысып, жоғары баға берді. Қазіргі уақытта бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

Нұрбек   ҚАБЫЛ,
«Орал   өңірі»