16.08.2018, 10:00
Қараулар: 359
Ауыл маңындағы алты үй көгілдір отынға зәру

Ауыл маңындағы алты үй көгілдір отынға зәру

Бөкей  ордасы  ауданындағы  Бисен  ауылына  көгілдір  отын  құбыры 2011  жылы  тартылған.  Бірақ  ауылдың  оңтүстік  бетінде  орталықтан  бір  шақырымнан  астам  қашықтықта  орналасқан  Құрманғазы  елді  мекені  газбен  қамтылмай  қалыпты.  Құрманғазы  қыстағы аталып  кеткен  мұнда  алты  үй  бар.  Солардың  біріне  қоныстанғанына  15  жылдан астам  уақыт  өткен,  ауыл  шаруашылығы  саласында  еңбек  етіп,  зейнетке  шыққан  ақсақал Қайырболат  Өтегенов  «Орал  өңірі»  газетінің  редакциясына  «…Атқа  жемді  кім  салар?»  деген  тақырыпта  хат  жолдады.  Редакцияның  кіріс  құжатына  биылғы  тамыздың  2-сі  күні  тіркелген  №38  хатта  қария  осы  мәселемен  «Әр  есікке  барғанын,  бірақ  шешімін  таппай жүргенін»  баяндайды,  2011  жылы  жобалау  құжатына  белгіленгенімен,  баспанасына  газ құбыры  тартылмағанын  және  «Тегін  істеп  бер  деп  отырғаным  жоқ,  өз  ақшама  жасата алмай  отырмын»  деп  жазыпты.

Кейін редакцияға аяқтай келген Қайырболат Өтегенов хатта жазылған жайды кеңінен баяндады. Бисен ауылына газ құбыры желісін «Әлия Сервис» ЖШС тартқан. Сол кезде ауыл тұрғындары «Бисен газ» кооперативін құрып, үйлерге газ өткізу үшін қаражат жинаған.

– 2011 жылы кооператив басшысы Ерболат Сапашев пен жобалау ісімен айналысатын орыс
жігіті келіп, газ тарту құны сәл қымбатқа шығатынын айтты. Біз келістік. Бірақ жобаға елді мекен-дегі алты үй енбей қалды. Бірнеше жыл қатарынан осы мәселені көтерумен келемін. Аудан, ауыл басшыларына бірнеше мәрте айтып, күдер үздім, – деді Қайырболат Өтегенов.

Ақсақалдың айтуынша, ауылдың солтүстік бетінде 200-400 метр қашықтықта орналасқан үй-
лердің бәріне көгілдір отын жеткізілген. Бір қызығы, 2014 жылы  Бисен ауылына  ауыз су құбыры тартылған кезде, елді мекендегі үш үй сумен қамтылады да, олардың шаңырағынан 200 метрдей жерде қоңсы отырғандардың баспанасына су құбыры жеткізілмейді. Мердігер бұл үй иелеріне «жобалау құжатына кіргізілмей қалған» деп түсіндіреді. Жетім қозыдай тағы да бөлектеніп қалғандарына Қайырболат ақсақал әлі күнге ауыл әкімдігіне өкпелі.

Қайырболат Өтегенов аудан әкімдігінен қайран болмаған соң, биылғы ақпан айында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің Орал қаласында тұрғындарға есеп беру жиынына қатысып, кейін әкімнің
қабылдауына жазылып, баспана-сына жетпеген газ-су мәселесін көтереді. Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан басшылығына оған көмектесу керектігі жөнінде тапсырма берген.

Көп уақыт өтпей Қ. Өтегеновке облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың атынан наурыздың екісі күні ЖТ-Ө-416 шығыс нөмірімен жолданған хат келеді. Сөзбе-сөз келтірсек, хатта: «Бисенде ауылішілік газ құбырларын өткізу 2010 жылы басталды. Мемлекеттік мекемелер ғимараттарына газ өткізу бюджет есебінен орындалды. Жеке тұрғын үй секторына газ жүргізу жұмысының шығыны тұрғындардың есебінен жүргізілді. Ол үшін ауыл тұрғындары «Бисен газ» кооперaтивін құрып, Бисен ауылының шегінде орналасқан үйлерге газ өткізу жобаларын жасатып, ауылішілік газ құбырларының құрылысын жүзеге асырды. 1990 жылы жасалған Бисен ауылының бас жобасы бойынша Құрманғазы қыстағы елді мекен шегінің сыртында орналасқан. Кезінде жобалау-сметалық құжаттамасын жасау және құрылыс жұмыстарының бағасы ауыл орталығынан жоғары болатыны түсіндірілгенде, қыстақ тұрғындары келісім бермей, мердігер Бисен ауылындағы жұмысын тоқтатты» деп жазылған. Хатта Бөкей ордасы әкімдігі алдағы уақытта ауданда газ құбырын жүргізіп жатқан мердігер арқылы Құрманғазы қыстағына төмен бағамен газ тартуға келіссөз жүргізетіні жөнінде хабарланған.

Қайырболат Өтегенов алдын ала түсінік жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмағанын, газ құбырын жобалау және тартуға қатысты белгіленген бағаға қарсылық танытпағандарын айтты. Тіпті оның көршісі Нұрлан Төлепов 2011 жылы 27 сәуірде газ құбыры жобасына алдын ала 8700 теңге төлеген, әрі мөр соқтырылған түбіртек әлі күнге қолында. Бисенге газ жүргізген мердігер «Әлия Сервис» ЖШС-ның директоры Әнуар Мардановпен телефон арқылы хабарласқанымызда, ол жоба бойынша ауылішілік газ желісін толық тартқанын айтты. Аудан әкімдігі келісімімен 2015 жылы серіктестік қызметкерлері тағы барып, ауыл айналасында көгілдір отын бармаған үйлерге газ құбырын тартқан. Бірақ мердігерге Құрманғазы қыстағы туралы мәселені ешкім көтермеген. «Бисен газ» кооперативін басқарған, қазіргі уақытта Бисен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ерболат Сапашев «Инженерпроектсервис» ЖШС жобалау құжаттамасын жасағанын айтты. Ерболат Сапашев жобаны жасаушы серіктестік өкілімен бірге үйлерді аралай жүріп, Қайырболат Өтегеновпен жолыққанын растады. «Инженер-проектсервис» маманы газ тарту құны қымбат болатынын түсіндіргенімен, кейін Құрманғазыны жобаға енгізбеген. Жалпы, ауыл әкімдігі немесе кооператив мүшелері қыстақ тұрғындарымен жиын жасағаны жөнінде ешқандай хаттама жоқ.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың хатынан кейін аудан басшылығы құрғақ уәде-
мен шығарып сала берген соң, жақында қария Оралға келіп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің қабылдауында болып, мән-жайды түсіндіреді. Серік Кенжебекұлы бұл мәселені қадағалауға алғанын айтқан.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев бұл мәселе Құрманғазы тұрғындарының салғырттығынан болды деп есептейді.

– Қыстаққа газ тарту құны бірнеше есе қымбатқа түскесін, тұрғындар келісім бермеген. Содан мердігер ауылішілік құбырларды тартумен ғана айналысқан. Су құбыры Құрманғазыдағы үш үйге
ғана тартылғаны рас. Ал қалған үйлер неге қамтылмағаны түсініксіз. Су желісін жобалау құжат-тамасында мүлдем көрсетілмеген. Таяуда «БатысАлмасГаз» ЖШС ның басшысы Тұрарбек Төлешевпен бірге тұрғындармен жолықтым. Мердігер шамамен қыстақ-қа орта қысымдағы газ желісін апару үшін 6 млн. теңгеге жуық қаражат керек екенін айты. Оның үстіне, үйлерге кіргізетін төмен қысымдағы газды тарту шығыны бөлек есептеледі. Тұрғындар барлық шығынды ортақ көтеріп алуы тиіс. Ауыл әкімі  олармен жиын өткізіп, хаттама толтырып, қорытындысы жөнінде хабарын береді. Ауыл орталығының шегі-нен тыс орналасқан елді мекенге бюджет есебінен газ құбыры тартылмайды. Және онда әлеуметтік нысандар жоқ, – деді Рүстем  Мүлкайұлы.

Бисендіктер «Алты ауыл» деп атап кеткен қыстақ тұрғындары қыс бойы қидың ғана қызуын сезінуде. Құрманғазыдағы екі саман үй мүлдем ескірген. Ауылдағы ағайынның түсіне де кірмейтін мөлшерде шарықтап сала берген газ құрылысы есебінің ширегіне ескі баспананың құнын екі еселетсе де татымайды. «Бармаған жері, баспаған тауы» қалмаған ақсақал дағдарып отыр. Бұған қыстақ тұрғындарының уақтылы ширақ қимылдамауы және олардың талап-мүддесін ескеруде ауыл әкімдігі мамандарының кезінде бейғамдық танытқаны себеп болса керек…

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,
«Орал  өңірі»,
Бөкей  ордасы  ауданы