16.08.2018, 10:00
Қараулар: 251
Ақ Жайықтан Астанаға азық-түлік керуені аттанды

Ақ Жайықтан Астанаға азық-түлік керуені аттанды

Тамыздың  18-19-ы  күндері  жылдағы  дәстүрге  сай Астана  қаласында  ауыл  шаруашылығы  өнімдерінің  жәрмеңкесі  өтпек.  Соған  орай кеше өңірімізден 120  тонна  ауыл  шаруашылығы  өнімдерін  тиеген   керуен  Астанаға  аттанды.

 Бас қаланың тұрғындарына арналған жәрмеңкеде батысқазақстандық тауар өндірушілер 32 тон-на жылқы және сиыр етін, 10 тонна қалбырдағы өнімді, 16 тонна балық және шұжық өнімдерін, 10 тонна ұн мен макарон өнімдерін, сондай-ақ бір тонна өсімдік майы, 10 тонна балық, 2,3 мың
литр  квас, шырын секілді сусындар мен 1 тонна кондитерлік өнімдер ұсынбақ. Жәрмеңкеде күтілетін орташа баға бойын-ша сиыр етінің бір келісі 1400, жылқы еті 1600, ет және шұжық өнімдері 1500, балық 700 теңгеден, ал сусындардың литрі шамамен 110 теңге, өсімдік майы 370 теңге, кондитерлік өнімдердің келісі 300-1500 теңге  аралығында  саудаланбақ.

– 2017  жылы Қаратөбе ауылдық округінің аумағынан  жер телімін алып, ауысы-мына 30 бас мал соятын қасапхана ашқан едік.  Қазір Елбасының тапсырмасына орай ірі қара мен қой етін экспортқа шығару бағытында жұмыстанудамыз. Өткен аптада көршілес Ресейге 3 тонна марқа бағланның етін өткіздік. Жылдағы дәстүр бойынша Астана қаласында өтетін жәрмеңкеге өзіміздің қасапханада сойылған мал етін алып бару үшін мұздатқышы бар жүк көліктерімен жолға шықтық. Үш тоннадай етті саудаламақпыз, – дейді «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын  Мұқанов.

Жәрмеңке Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы  көше бо-йындағы «Қазақстан» спорт кешенінің (Мұңайтпасов, 9)  тұрақ  алаңында  өтетін  болады.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр облыс бойынша 1736,5 тонна ет шетелге экспортталған. Биыл  2000 тонна сиыр еті мен 180 тонна қой етін экспорттау жоспарланған. Ет өнімдерін өңіріміздегі «Кублей» ЖШС, «Зира ЕТ» ЖШС, «Гитинов» ШҚ, «Дәурен» ШҚ, «Ерсайын» ШҚ секілді ірі кәсіпорындар бүгінгі таңда  Ресейге, Арменияға, Иранға және Қырғызстанға  жөнелтуде.

 

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»