14.08.2018, 10:00
Қараулар: 283
«Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы»

«Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы»

Алаштанушы,  тарих  ғылымдарының  кандидаты,  доцент,  Жаһанша  Досмұхамедов  атындағы «Қайраткер»  қорының  төрайымы,  Батыс   Қазақстан  инновациялық-технологиялық университетінің  профессоры  Дәметкен Сүлейменованың  «Жаһанша  Досмұхамедов һәм  қазақ  автономиясы»  атты жаңа  кітабы  жарық  көрді.

Жуырда «Ақ жол» пар­тия­сының облыстық филиалы ғимараты­ның мәжіліс залында аталмыш еңбек­тің тұсаукесер рәсімі өтті. Шара­ға тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұр­пақтары қатысты.

– Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында әр ұлттың рухани, мәдени коды бо­латынын баса көрсетті. Ал рухани, мәдени кодтың сүйенеті­ні – тіл, әдебиет, тарих, ұлттық мәдениет. Онсыз ұлттың бет-бейнесі көрінбейді. Соның ішінде ұл­тымыздың тарихы – зерттеудің қа­-
сиетті бір саласы. Алаш тарихы – дә­йекті, деректемелік тарихтың бір бөлшегі. Алаш тарихын зерттеу ісі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Дәметкен Досмұханқызы Батыс Алашорда тарихын тереңдете зерт­теп келеді. Оның жылма-жыл әр түрлі көлемдегі мақалалары, кітаптары жарық көруде. Ал бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұртшылыққа құнды монографиясын ұсынып отыр, – де­ді жиынды жүргізген Батыс Қа­зақстан инновациялық-техноло­гия­лық университетінің профес­соры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр.

Орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылар қа­уы­мына, студенттерге, магистранттар мен тарихшыларға арналған аталмыш еңбек Алашорда Батыс бөлімінің 100 жылдығына орай шығарылған. Кітапта өлке­міз­де­гі тәуелсіздік бастауы бол­ған Алаш­орданың алғашқы мем­лекеттік құрылымы – «Ойыл уәлаяты» ат­ты Уақытша үкіметтің және 1918 жылы құрылған Күнбатыс Алаш­орда үкіметінің атқарған қыз­меті мен тарихтан алатын орны құжаттық негізде баяндалады. Сондай-ақ Жаһанша Досмұхаме­дов­тің өмірбаяны, саяси қыз­ме­ті, атқарған еңбегі туралы құн­ды мәліметтерге қоса, Батыс Алаш­орданың елу қайраткері туралы мол мәлімет архив деректері негізінде  берілген.

– Бұл еңбекті жазуға бес жыл­дай уақытымды арнадым. Былтыр Алаш қозғалысына 100 жыл жә­-
не Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдық мерейтойына орай Жымпиты – Мәскеу, Сырым – Се­-
мей экспедициялары ұйымдас­тырылған болатын. Сондағы жинақ­талған негізгі құжаттық мате­-
риалдарды, Жаһанша Досмұха­медовтің өмірбаянына қатысты деректерді осы еңбекке енгіздік. Біз күні кешеге дейін Жаһанша Досмұхамедовтің жерленген же­рін анықтай алмаған едік. Был­тыр­ғы экспедиция барысында оның Бутово полигонында жерленге­ні белгілі  болды.

Монография негіз­гі үш тараудан тұрады. Бірінші та­рауда ХХ ғасырдың басындағы елдегі саяси ахуал және Алаш қоз­ғалы­сы­ның тарихнамасы баяндалады. Яғни Қазақстан, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінің сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайы то­лығымен берілген. Екінші та­рау­да Жаһанша Досмұхамедовтің өмі­­рі мен атқарған қоғамдық қыз­меті кезең-кезеңімен алты бө­­лім­ге бөлініп көрсетілген. Осы кітапта Күнбатыс Алашорда тарихына қатысты көптеген құжаттық деректерді сол күйінде бердім. Бұл құжаттық деректер, негізінен, Орынбордан, Уфа директориясы­нан, Мәскеу, Алматы архивтерінен, тұлғалар тарихы туралы Пре­зиденттік архивтен алынды. Сондай-ақ өзіміздің облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған құжаттар да пайдаланылды, –  дейді  кітап авторы.

Дәметкен Досмұханқызы таныстырылым барысында кітап­тың бұрын жарық көрген еңбек­тер­ден айырмашылығы, тың деректері мен фотоқұжаттары туралы кеңірек әңгімеледі. Зиялы қауым өкілдері аталмыш монография­ның құндылығы жайлы ой-пі­кір­лерін ортаға салса, шараға арна­йы шақырылған сол Алаш арыс­та­рының бүгінгі ұрпақтары атабабалары, әулеттерінің тарихы туралы қызықты дерек, естеліктерімен  бөлісті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.