11.08.2018, 1:05
Қараулар: 1601
Жаңа ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ сенімді ақтай ма?

Жаңа ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ сенімді ақтай ма?

 

 Алдағы  дүйсенбіден  бастап Оралда  қалаішілік  қоғамдық көліктерде  жолақы  төлеудің  электронды  жүйесі  іске қосылмақ.  Картамен  жолақы төлеу  жүйесі, ең  алдымен,  №5, №7  және  №39 автобустарда енгізіледі.  Қыркүйек  айының соңына  дейін  электронды билет  жүйесін  қаладағы  барлық бағыттағы  қоғамдық  көліктерде енгізу  көзделуде. 

Бейсенбі күні өңір­лік ком­муникациялар ала­ңында өткен брифинг­те Орал қалалық әкімдігінің жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлі­мінің бас­шысы Қайрат Мұхамбетқа­лиев­тің айтуынша, «Круглоозерный – Орал» бағытында қа­ты­найтын №51 автобуста қанатқақты жо­ба ретінде сынақтан өткен элек­трон­ды билет жүйесінің «дәс­­түрлі» қолма-қол төлем жүйе­сінен артық тұстары көп көрі­неді. Біріншіден, жолақы төлеу­ге жұмса­латын уақыт үнемде­леді, екіншіден, жолаушы қал­тасын ұсақ тиын-тебеннен «та­залайды» және ірі ақшаны уақ­таймын деп әбі­герге түспейді. Әрі кондуктор мен жолаушы­лар арасында болатын кикіл­жіңдер кемиді деп күтілуде.

Сондай-ақ жобаны ұсыну­шы­лар электронды билет жүйесі тасы­малдаушылар табысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық көліктердегі ұрлықтың алдын алуға сеп  боларына  сенімді.

«Қазтранссервис» ЖШС жар­на­ма бөлімінің менеджері Мөл­дір Бекееваның мәлімде­уінше, 10 мың дана төлем картасы саттыққа шығады. Электронды карталар мен білезіктерді ав­тобустардағы компания өкілде­рінен және сауда нүктелерінен сатып алуға болады. Бағасы – 400 теңге. Жолаушылар картаны сатып алу арқылы бір рет тегін жол жүру мүмкіндігіне ие болады. Ал 2000 және одан да көп ақшаға толтыру барысында әр пайдаланудан түскен 5 теңге картаға бонус ретінде жинала бермек. Электронды жол жүру картасы kaspi.kz қосымшасы мен терминалдары арқылы тол­тырылады. Орал қаласы әкім­дігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының атап өткеніндей, кондукторлар жолақыны қол­ма-қол ақшамен қабылдай береді. Тек арнайы құрылғы­ның көмегімен электронды үлгідегі билет береді.

Естеріңізде болса, өткен жыл­дың қараша айында Орал қаласында жолақы төлеу­дің SMSBUS деп аталатын электронды жүйесін енгізу қолға алынған болатын. Ол кезде жобаға жауапты компания өкілдері автобустарға арнайы құрал орнатудың, жолаушылар үшін төлем карталарын сатып алып, оған тұрақты түр­де қаржы салып отырудың қажеті жоқтығын, төлем құ­ралы ретінде әр азаматтың қолындағы дербес ұялы телефоны ғана қолданылатынын айтқан еді. Әрбір қоғамдық көлікке SMS арқылы төлем жасауды түсіндіретін жазбаша ақпарат парағы жапсырылып, ерік­­тілер жаңа төлем жүйесін насихаттайтын флешмобтар да ұйымдастырған-тұғын. Әйткенмен, SMSBUS жүйесін қолдаушылар да, қолданушылар да көп болмады. Тек жолаушылар ғана емес, тасымалдаушылар тарапынан да  қолдау таппаған электронды жү­йе арқылы барлық автобустарды қоса алғанда, небәрі 5 мың тран­-
закция ғана жасалған. Күнделік­ті қоғамдық көлік қызметін мың­да­ған адамның тұтынатындығын ескерсек, тоғыз айда 5000 рет қолданылған SMSBUS-ты енгізу қаншалықты тиімді  болды?

Әрине, жаңаға таңырқай да, то­сырқай да қарайтынымыз жасырын емес. Көзі қарақты оқырман Астана мен Алматы қалаларын­да «Оңай» төлем картасын енгізу жолаушыларды біраз әуре-сарсаңға салғанынан хабардар. Бірнеше күнге қонаққа барғанда өзіміз де астаналық қоғамдық көліктерде қолма-қол төлемнің жоқтығынан «Оңай» картасын сатып  алуға  мәжбүр  болғанбыз.

Электронды билет жүйесінің тиім­ді-тиімсіз тұстарын уақыт ен­шісіне қалдырғымыз-ақ келгені­мен, күнделікті автобусқа сығы­лы­сып әрең сыятын жолаушының жайын жазбай қала алмадық. «За­-
шаған» бағбандар серіктестігіне қатынайтын №3 автобустың жа­уынды-шашынды мезгілде аял­да­-
маларға жетпей, тас жолдың бо­йынан түсіріп кететіні немесе қыс мезгілінде кешкі сағат жетіден кейін қызмет көрсетпейтіні, Зашаған кентіне бір қауым елді таситын №7 автобустың аузы-мұр­ны лық толып, тіпті жолаушы­лар­дың сыймай қалатыны, көлігін те­лефонмен сөйлесіп отырып құ­йындатып айдайтын жүргізу­ші­лер мен лас салондар мәселесі ше­шілмей тұрғанда, «Электрон­ды жүйе сенімді ақтайды» деп ке­сіп  айту  қиындау секілді…

 

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.