Дәурен САҒЫНҒАЛИЕВ, ҚР Білім беру саласының үздігі: “Мұғалім болып та үлкен жетістікке жетуге болады”

Күні , 3 370 рет оқылды

Ол сәби  кезінен  бастап  ертеңгісін  қоңырау үнінен оянатын.  Өйткені  мектеп  оның  үйінен  таяқ  тастам  жерде  орналасқан еді.  Сыңғырлаған  қоңырау  үні, балалар­дың   шат күлкісі  оны  бала  кезінен  алыс армандарға  жетелейтін. Ол  болашақ  мамандығының қоңырау  үнімен  байланысты  болатынын  сол  кезде сезбеген  де  шығар?! «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» атанған ең жас педагог, «Тоғыз толғаныс» атты кітаптың авторы Дәурен Сағынғалиевтен заңгерліктен педагогика саласына неліктен бет бұрғанын сұрадық. — Негізінен, нағашы жұртымыз  Батыс өңіріне белгілі педагогтар еді. Мұғалімдікке келерде өзім оқып жатқан негізгі  заң қызметі  мамандығынан  бас тарттым. Өйткені қоғам қаржыгер мен заң- герден гөрі, заманауи, интеллектуалды қарым-қабілеті жоғары, пайым-парасатымен санаға сілкініс жасай алатын, жаһандық  білімді енгізе отырып, ұлттың мектепте қалыптасатындығын дәлелдей алатын мұғалімге мұқтаж. Сон-дықтан да өз қалауыммен ұстаздыққа бет бұрдым. Оралдағы облыстық дарынды балаларға  арналған мамандандырылған мектеп-интернатты  тәмамдадым. Нәсіпқали Дәулетұлы, Серікқали Шарабасов сынды ел ағаларының батасын алдым. “Ардан туған адам арманшыл келеді. Адам баласы туғаннан өлгенше армандайды, кейде ол  арманға жеткенін де сезбей қалады” деп жатады ғой. Армандадым, өз арманыма жеткендей де болдым. Бірақ әлі атқаратын жұмыс көп. Аз-мұз жетістікке жеткенім, адамдық жолында қалыптасуым         бізді есейткен орта мен Батыс Қазақстан педагогикасының еселі жетістігі деп есептеймін, – дейді не бары 25 жасар педагог. Дәурен – Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тумасы. Ол қазір Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназияда “Қазақстан тарихы”, “Дүниежүзі тарихы”, “Адам. Қоғам. Құқық”  пәндерінен сабақ береді. Шәкірттері жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуде 137, 138, 139 балл жинап, өзі беретін пәндерден мүмкін болған 100 балды еншілеп, дараланып жүрген ұстаздың алға қойған мақсаты да айқын. Жас ұстаз шәкірт тәрбиелеуде бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүретін көшбасшы, мектептің директоры Сәния Тілеубайдың еңбегі зор деп есептейді. Білім жаһандық, тәрбие ұлттық болуы тиіс деп есептейтін жас педагогтің білім саласында жиі өзгеріп, сынға ұшырап жататын реформалар мен педагогтарға қатысты айтар өз пікірі бар. – Білім саласындағы реформалар асығыс жүзеге асырылғаннан кейін кемшіліктер орын алып жататыны рас. Негізі, кез келген реформа бірінші кезекте ұлттық бағытқа негізделуі тиіс деп ойлаймын. Біз өзге мемлекеттердің жүйесін  енгізіп жатамыз. Менің ойымша, халықпен ашық талқылау жүргізіп, қазіргі мұғалімдердің, оқушылардың мүмкіндігін ескере отырып, халықаралық зерттеулерді талқыға сала отырып, талдау жасап, салыстырмалы түрде жұмыс жасаса, реформа нәтижелі болар еді. Дегенмен бүкіл реформаға тұтастай қарсы шығуға болмайды, оның қолдайтын тұстары да жетерлік. Осы тұста өзіміз, жалпы мұғалімдер азаматтық белсенділік танытпаймыз да, “тырнақ астынан кір іздегендей” сыңай танытамыз. Кез келген реформа шынайы түрде жүзеге асуы үшін мұғалімдердің білімі таласқа түсуі керек. Ал педагогика саласында бәсекелестік жоқ. Мысалы, қытай халқында «Жүз мұғалім болса, жүз түрлі әдіс бар» деп айтады. Реформалардың қарқынды жүзеге асуы үшін мұғалімдер де білім берудегі әдіс-тәсілдерді жетілдіруі керек. Осы тұрғыда өзіме сын көзбен қараймын.  Талай рет аудан-     ауылдарды араладым. Сонда өзі мұғалім болып, “Мамандығым – мақтанышым” деп жүріп, ұстаз деген есімге нұқсан келтіретін мамандарды көргенде көңілім құлазып қайтқан сәттер болды. Өйткені ұрпақ тәрбиесінде  ұлтқа деген сүйіспеншілік ұстаз берген білім-өнегемен қалыптасады деп  ойлаймын, — дейді Дәурен. Өткен жылдың соңында Дәурен Сағынғалиевтің «Тоғыз толғаныс» атты  кітабы жарық  көрді. Мұқабасы ақ түске боялып, кітаптың аты алтын түспен жазылған. Оның да өз сыры бар. Бұл арқылы кейіпкеріміз «Бала  деген – ақ парақ, оған қандай қаламмен жазсаңыз, болашағы да сондай болады» деген ойды жеткізгісі келіпті. Кітапта Дәурен өзінің балалық шақтан бүгінге дейінгі өмірінің білімге ұмтылған жарқын тұстарын Сұлтан атты кейіпкер арқылы суреттейді. Бала күнінен алдына мақсат қо­йып, Мұқағали Мақатаевтың 380 өлеңін жатқа білген, республикалық ғылыми зерттеуден грант иегері атанған ізденімпаз кейіп-керіміздің кей жағдайда қамыққан кездері де ашық жазылған. Сонымен қатар  кітапта ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырған сәтте түйген ойы, Алаш қайраткерлері дәріптеген идеялар автордың назарынан тыс қалмаған.  Халықтың ұлы болуды негізгі мақсаты еткен жас педагог мұғалім болып жүріп те, қоғамда жоғары жетістікке жетіп, абырой-атаққа бөленуге болады деп есептейді. – Жақсы болдық па, жасанды болдық па, бағасын беретін білім майданында баптаған шәкірттерім. “Тебінгіден тер, қабырғадан қар жаудырған” әр күніміз естелік боп қалады. Әр шәкір-тімнің болашағына даңғыл жол салуға үлес қосқаным үшін кей кездері өзімді бақытты санаймын. Әр кез мен ұстаз деген ардақты атқа дақ түсірмеуім керек деп өз-өзімді жиі қайраймын. Алдымызда арайлап атқан ақ таңдар… Жаңа оқу жылы… Жаңа бастамалар, жаңа мүмкіндіктер күтіп тұр. Қазақ елінің болашағына серпін беретін, арманына сене білетін кезекті шәкірттерімізді баптап шығаруымыз керек, – дейді сөзі мірдің оғындай, мақсаты айқын жас педагог.

 Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ, «Орал   өңірі»



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика