Жеті университетті «жаулаған» жампоз

Күні , 5 337 рет оқылды

Орал қаласындағы  физика-математикалық  бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі  Шымболат  Тінәлиев  бірден жеті университеттің  білім грантына қол жеткізген екен. Оның бесеуі  Американың  атағынан  ат  үркетін  іргелі  жоғары оқу орындары болса, алтыншысы – Финляндияның  атақты  Альта университеті  және  соңғысы – Астана қаласындағы  Назарбаев зияткерлік университеті. «Білімсіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» демекші, азуын айға білеген АҚШ-тың Вирджиния, Бостон, Темпл, Квинепек және Мичиган университеттері мен білім-ғылымның озық үлгісімен әлемге танылған Финляндияның Альта университетінің білім гранттарына ие болған Шымболат Тінәлиев 5-сыныптан бастап шетелде білім алуды армандаған екен. Ол үшін ағылшын тілін жетік меңгеруі керек екенін ұғынған Шымболат тіл үйренуге шындап ден қояды. Еңбегі еш кетпей, 7-сыныпқа көшкен жылы Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің емтиханынан сүрінбей өтіп, оқуға қабылданады. Міне, осы сәттен бастап арманшыл баланың өмірінде ең қызықты да әсерлі, маңызды да жауапты өзгерістер басталады. Дәрістердің мазмұнды бағдарламасы, қызықты жо-балардың таныстырылымы (презентациясы), жинақталған жаңа білім, шетелдік ғалымдармен, зор жетістікке жеткен тұлғалармен танысу – осының барлығы Шым-болаттың білім-ғылымға деген қызығушылығын бұрынғыдан бетер арттыра түседі. 8-сыныпта мектептегі роботтехника үйірмесіне алғаш бас сұққан оның балаң көңілін жаңа технология мен жасанды интеллект әлемі бірден бау-рап алады. Білімін жетілдіру барысында білген-түйгенін өзгелермен бөлісуді мақсат тұтқан ол ағылшын және орыс тіліндегі мәліметтерді Уикипедия ашық энциклопедия-сына қазақшаға аударып орналастырумен айналысады. Астана, Алматы, Сочи, Қазан, Нью-Дели, Гонконг, Лондон қалаларындағы халықаралық білім сайыстарында бақ сынай жүріп, 2014, 2016 және 2017 жылдары мектеп командасы құрамында республикалық роботтехника олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы атанды. 12-сыныпта оқып жүргенде «Кім болам?» деген жауапты таңдау жасау кезінде де өзінің ынта-ықыласы ауған роботтехника саласынан тым ұзай қоймады. — 2015 жылы мектептің атынан АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында «Dezing Chinking» жазғы курсын оқыдым. Жер-жаһандағы жоғары технологиялар индус-триясының орталығы, «Amazon», «Apple», «Google», «Microsoft», «Oracle» сықылды әлемдік дең-гейдегі ең ірі технологиялық компаниялардың кеңселері орналасқан Кремний алқабында, Стэнфорд және Берклий университеттерінде болдым. Адамның ой-қиялы мен еңбегінің жемісін өз көзіммен көріп, мотивация алдым, таным көкжиегім кеңейді. Сол сапардан оралған соң өзіме «Қайтсем де, АҚШ-та білім аламын!» деп мақсат қойдым. Шетелдік университеттерге құжат тапсыру бірнеше кезеңнен тұрады. Халықаралық емтихандар нәтижесіне қоса, ағылшын тілін меңгеру деңгейің және эссе мазмұны бағаланады. «Common Application» атты бірегей база арқылы АҚШ-тың бірнеше университетіне құжат тапсырып, қабылдау емтихандарынан өттім. Биылғы наурыз-сәуір айларында АҚШ университеттерінен шақырулар келе бастады. Бесеуі де іргелі, әлемге танымал жоғары оқу орындары. Бірақ менің таңдауым АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласындағы Вирджиния мемлекеттік университетінің электр энергетикасы мамандығына түсті. Ағылшын тілін меңгеру деңгейім жеткілікті болғандықтан, бірден университеттің бірінші курсына қабылдандым. АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон негізін қалаған университет ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген, — деді бізбен әңгіме барысында әлемнің іргелі университетін тәнті қылған қазақтың бозбаласы. Ағылшын тілін өз ана тіліндей жетік меңгерген Мирболаттың Шымболаты ХХІ ғасырда ағылшын тілін білу қажеттілік екенін айтады. «Ағылшын тілін білсең, кез келген ақпаратқа қолжетімділік мыңдаған есе арта түседі. Қажет мәліметті орыс немесе қазақ тіліндегі аудармасы арқылы емес, тікелей ала аласың», – дейді ол. Ақпан айында мектептегі ұстаздарының кеңесімен ғаламтор арқылы Финляндияның Альта универитетінің емтихандарын тап-сырған Шымболаттың бұл жолы да айы оңынан туады. Араға бірер ай салып, Астана қаласындағы Назарбаев университетінің грантына ие болғаны туралы тағы бір сүйінші хабар келіп жетеді. – Ең алдымен, білім берген, бағыт-бағдар көрсеткен Оралдағы физика-математикалық Назарбаев зият-керлік мектебінің әкімшілігі мен  ұстаздарыма, соның ішінде физика, математика және ағылшын тілі кафедраларының мұғалімдеріне алғыс айтамын. Шетелдік университеттерді, болашақ мамандықты таңдауыма және құжаттарымды рәсімдеуге үлкен қолдау көрсеткен кәсіби бағдарлаушым Нариман Ешмұхамбетовке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Шымболат. «Бүгін өзгелер жасағысы келмегенді жаса, ертең өзгелер сүре алмаған өмірді сүресің» («Делай сегодня то, что другие не могут, завтра будешь жить так, как другие не могут») деген ұстанымға берік бозбала үшін әр сағат, әр күн өте қадірлі. Ол – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде еріктілер қозғалысының, көптеген қайырымдылық жобаның қатысу-шысы, ағылшын тіліндегі театр үйірмесінің белді мүшесі. Ол футбол ойнағанды, би билегенді жақсы көреді. «Барселона» футбол клубының жанкүйері. Сүйікті жазушылары – Мұхтар Әуезов пен Қасым Қайсенов. Болашақ 5-10-15 жылға жоспар құрып, мақсатына жету жолында табандылық танытып жүрген Шымболат Тінәлиевтің басты арманы – шетелде алған білімін Отанының қажетіне жарату, ұлтының мақтан тұтар ұлына айналу.   Шолпан  ҚАДЫРОВА, облыстық  білім  басқармасының  басшысы, 2012-2017  жылдар  аралығында  Орал  қаласындағы Назарбаев  зияткерлік  мектебінің  директоры: – Шымболат Тінәлиев  Назарбаев зияткерлік мектебіне 7-сыныпта келді. Ол өз ойын ашық айтып, жатық сөйлеуімен және өз пікірін ұғынықты жеткізуімен, жалпы, жан-жақтылығымен көзге түсті. Алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында үнемі ізденіп жүретін жас.  Аты да өзіне сай қойылған. Шымболат десе, Шымболат! Мектеп қабырғасында оның роботтехникаға  қызығушылығы ерен болды. Көптеген шет елде (Гонконг, Үндістан, Ресей, АҚШ т.б)  болып, халықаралық білім додаларында бақ сынады. Шымболат қоғамдық шараларға белсенді қатысып, достарына ылғи қамқор болып жүретін. Шымболаттың 7 бірдей білім ордасына түсуі – оның қажырлы  ізденісі мен еселі еңбегінің жемісі. Таңдауды өзі жасайды. Дегенмен мен шәкірттерімді әлемнің ең  мықты білім ордаларынан білім  алуды негізгі мұрат-мақсат тұтуға бағыттадым. Сондықтан да Шымболаттың АҚШ-тың  Вирджиния штатындағы үздік университеттен  білім алып, елімізге қайта оралатынына сенемін. Ол еліміздің өркендеп дамуына үлес қосатын мықты маман, қайраткер азамат  болып оралады әлі. Шәкіртім Шымболатқа ақ жол, сәтті сапар және толағай табыс тілеймін!

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал өңірі»



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика