Минералды суының баламасы жоқ «Ақжайық» шипажайы қашан «сауығады»?

Күні , 52 рет оқылды

Соңғы жылдары тым жиілеп кеткен жүрек-қан тамырлары дерттеріне ем-домын ұсынатын санаулы емдеу-сауықтыру нысандарының бірі әрі бірегейі  «Ақжайық» шипажайы десек, қателеспейміз.  Бірақ Кеңес дәуірінде атағы дүрілдеп тұрған шипажайдың қазіргі кескін-келбеті солғындау, ондағы сервистік қызмет көрсету деңгейі әлі де болса, жетілдіре түсуді қажет ететінін көріп қайттық.

«Жыртық» жол, қураған  тал-терек… Теректі ауданының аумағында, Жайық өзені жағасындағы тұмса табиғаты тамсандыратын мүйісте орын тепкен демалыс орнына жетудің өзі қиямет-қайым. Оған жету үшін Оралдан шыққан күре жолмен «су төгілмес жорға-дай тайпалатып келіп», Барбастау ауылы тұсынан Бұқар бетіндегі күре жолға түскенде алдыңыздан көріксіз пейзаж атойлайды. Жол жиегіндегі қураған, ұзынды-қысқалы, қатқан қайыстай тал-теректердің иір-иір бұтақтары «Не жазып едік, бұл  қалай болды?» деп көкке қарап қол жайып, дауыс салып тұрғандай… Қарап отырып, санаңызды көңілсіз ойлар иектейді. Бұл көрініс одан әрі шипажайға бастайтын жеті шақырымдық жол-ға шыққанда да жан-жағыңыздан қаумалап, үстіңізден төне түседі. Оған қоса, осы жеті шақырымдық кірме «жыртық» жолдың  ойқыш-ойқыш ойықтары мен ішек-қар-ныңызды «селкілдететін» шоқалақтары әншейінде елеусіз жа-ныңыздың қадірін есіңізге салып, Жасаған Иеге «сақтай көр» деп жалбарынтады екен. Мұндай міскін жағдайды түзеуге келмейді деуге болмас. Еліміз-дің өзге өңірлерінен шипажайға шипа іздеп келетін азаматтардан ұят-тағы… Солардың тиын-тебені есебінен түсетін салықтан да аудан қазынасы толыға түспейтін бе еді? Жол сапасын қадағалауды, жол жиегіндегі ағаштардың қурағанын кесіп, «күзеуді» тиісті мекемелер ұмытқаны қалай? Әлде бұл жаққа қаржы бөлінбей ме? Әсілі, «Ақжайық» өңіріміздің маң-дайына басқан жалғыз шипажайы ғана емес, басқа облыстардан демалуға келетіндерге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы-нан хабар беретін орын екенін естен шығармалық.   Кеңестік  стильді сақтап  қалған… Шипажайдың ауласы жасыл желекке толы, әдемі гүлзарлары көңіл қуантады. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, бас корпустағы қабылдау орны, ресепшн орны сырт көзге қораш-тау, өткен қоғамдық формацияда қалып қойған, яғни колхоз кең-сесіндегі кассирдің бөлмесін еске салады. Демалыс орнының қақпа-сы, яғни атауы жазылған құрылым да кеңестік стильде жасалып, сол күйі сақталған. Бүгінде шипажайда  жергілікті тұрғындармен қатар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген 181 адам демалуда. Мұнда жылына 3 мыңнан аса демалушыға қызмет көрсетіледі. Медбике боп жұмыс істегеніне 30 жылға жуықтаған Әлия Нысанғалиева бір күнде 180 адамды 8 ваннаға ми-нералды суға түсуге қабылдайды. «Қалай үлгересіз?» дейміз таң қалып, «Үлгереміз», — дейді ол қысқа қайырып. «Минералды суға шомылу қан айналымын реттейді, одан зат алмасу үрдісі түзеледі, қан қысымын және қандағы қант мөлшерін қалыпқа түсіреді. Содан демалушылардың көңіл күйлері жақсарады», – деп тәптіштей түсіндірді ол. Ванналар ескі, тат басқан, сұрықсыз. Суасты массажының сыйымдылығы да, әйелдер ауруларына қолданылатын және ішек жолдарын тазалайтын құрал-жабдықтар да сондай сүреңсіз күйде. «Суымыз йод-бромды, сондықтан ваннаның эмалін жеп тастайды. Бұларды 30 жылдан бері пайдаланып келеміз», – деп ақтала сөйлегендей болды медбике. Емдеу үрдістері жүргізілетін корпус дәлізінің бір шетіндегі орынжайдың жағдайы адам шошырлықтай. Бұл орынның үстіңгі қабатында  үлкен сыйымдылықтарда минералды су жылытылады да, астыңғы қабаттағы осы орыннан ванналарға құбырлар арқылы  жөнелтіледі. Үстіңгі қабаттағы әрқайсысы төрт тонналық үш  сыйымдылықтың зіл батпандай салмағынан бұл бөлменің төбесі опырыла жаздап, сансыз тіреудің арқасында «шықпа, жаным, шықпамен» тұр. Жақында  бір сыйымдылық ыдыс жарылып, астыңғы қабат суға кете жаздаған. Сонда қызметкерлер жан алып, жан беріскендей боп, апатты жағдайды жойғанын өз көздерімен көрген емделушілер ұжымға, әсіресе, қазандық операторы Алтай Өркеновке ақжарма алғыстарын білдіріпті. Бұл орынға әлі жөндеу жасалмай, жамап-жасқап қойған. «Келешекте ғимаратқа жалғап жаңа құрылыс салып, мына  сыйымдылықтарды сонда көшіру жоспарланып отыр», – деді аталмыш шипажай директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары  Бауыржан  Имашев. Емдік дене шынықтыру кабинетінің жаттықтырушы-нұсқаушысы Мәнсия Хайрушева терапевт-дәрігердің нұсқауымен емделушілерге таңертеңгілік, тыныс алу, буын, омыртқа, көз жаттығуларын жасатады. Ал глау-кома, инсульт, инфаркт алған  жандармен арнайы бөлек жаттығу өткізеді. Мұндағы жаттығу залы 20 адамға лайықталған, өте тар әрі жөндеуді қажет етеді. Ал жабдықтары ескірген, мысалға, жүгіру жолағы жабдығының «ғұмыры» 15 жылдан асқан. Сондай-ақ физиокабинеттің де құрал-жабдықтары кеңестік заманнан қалған «жәдігерлер»  тәрізді  көрінді. – Осындағы 14 түрлі аппараттың 85 пайызы ескі. Негізінен, олар хондроз, салқын тиген ауруларды емдеуге қолданылады, – деді физиокабинеттің медбикесі Меруерт Мәженова. Сондай-ақ парафинмен және балшықпен емдеу бөлімінің бөлмелері де айналуға келмейді,  жабдықтары да тозған. Ондағы кабиналардың арасы мал қорасындағыдай тақтайлармен бөлінген, емдік балшық және парафин салып қыздыратын қазандар ескі. «Балшық Әлжан  сордан әкелінеді. Күніге 110 адамды қабылдаудамыз. Парафинді қоғамдық орында тамақ пісіруге арналған қазанда жылытамыз», – деді шипажай ашылғаннан бері жұмыс істейтін медбике Қарыл-ғаш Байғалиева. Өмірінің 42 жылын дәрігерлік-ке арнаған Уағади Нығметов шипажайда дәрігер-реабилитолог болып қызмет істейді. Оның ай-туынша, емдеу корпусы мен емделушілер жататын ғимараттың арасы 250 метрдей қашық. Әсіресе, қыстыгүні егде адам-дарға қатынау қиын. Өзге шипажайлардағыдай емделушілер ем алуға сыртқа шықпай, іштен қатынаса, құба-құп. Емдеу корпусында емдік шаралардан кейін жатып демалатын орын жоқ. Бұл да емделушілерге өзіндік қиындықтар  тудыратыны  кәміл. Сондай-ақ емдік шаралар түрлерін де молайту кезек күттірмейді. Мұнда тек мия тамыры ғана фитошай ретінде ұсынылады. Бұрын болған оттегі коктейлін  беру жағы қарастырылғаны ләзім. Тыныс жолы ауруларымен сыр-қаттанып келетіндерге тұзды шахта қызметі көрсетілсе, бөлмелердегі ескі жиһаз жаңаланса деген демалушылардың тілек-талабы орынды деп білеміз.   Жаңғырту  жұмыстары кімнің  есебінен  жүреді?  «Ақжайық шипажайы» ЖШС-ның директоры болып қызметке кіріскеніне екі айдан асқан Альберт Сафуллинге жолығып, демалыс-сауықтыру орнындағы түйткілді мәселелерді шешу бағытындағы жоба-жоспары жайында әңгімелестік. – Жақында Қарағанды облы-сынан хабарласып, 100 адамды орналастыруға келісімшарт жасау ұсынылды. Биыл БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ар- қылы қосымша 311 адамды қабылдайтын болдық. Мұның алдында ғана осы басқарма  арқылы 783 адам демалатын болып келісілген. Сондықтан, өкінішке орай, қарағандылықтарды осы маусым- да қабылдай алмайтынымызды айттық. Бүгінде жолдамаларымыздың сатылымы жақсы, бірде-бір бос орын жоқ. «Ақжайық» шипажайының қақпасын, сырттағы шипажай атауы жазылған құрылымды, қабылдау орындарын жаңарту, ауладағы субұрқақтарды жөндеп, іске қосуды ойлап отырғанбыз. Алайда шипажайдың жер астынан минералды суды айдайтын мұнарасы, ванналарға су беріп тұрған қон- дырғылары, су жинайтын үлкен ыдыстар бар, солардың жайын білмек үшін арнайы мамандар- ды шақыртып, қараттық. Мамандар негізгі құрал-жабдықтардың тозғандығын, тез арада күрделі жөндеу қажеттігін айтып, тиісті актілер жасады. Бірақ күрделі жөндеу жұмыстарына бірден кірі- сіп кете алмаймыз. Алдағы уақытта қолданыстағы бес және үш қабатты ғимараттардың арасын қосып, жаңа емдеу корпусын саламыз. Оның жобалық-сметалық құжаттары  қайта дайындалып, қазір сараптамадан өтуде. Бәрі жақсы болса, алдағы 2019 жылы жаңа ғимарат салынады. Сондықтан әзірге ескі емдеу корпусын жаңалау, жаңа жабдықтар алу тиімсіз. Бірақ жаңа ғимарат салады екенбіз деп жұмысты қаңтарып қоймаймыз, құрылтайшылардың келісімін ала отырып, тиісті жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Ертең «қыстың көзі қырауда» шипажайдың жұмысы тоқтап қалмауы үшін тиіс-ті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді ол. Аталмыш шипажайдың құрылтайшылары – БҚО әкімдігі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және үш жеке тұлға. Жалпы жаңғырту, жөндеу жұмыстары шипажайдың өз есебінен жүргізілуі тиіс. Жыл аяғына дейін демалушылар қатары үзілмейтін болса, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жабдықтарды ауыстыруға қаржылық мүмкіндік болады. Ал жаңа ғимарат салу жұмыстарына жолдама сатудан түскен қаржы-қаражат жетпейді, сондықтан оған Кәсіподақтар федерациясы қаржы бөледі немесе олай болмаған жағдайда даму инсти-туттары арқылы несиелік қаржы алуға көмегін береді деп күтілуде. Өйткені облыс әкімдігі шипажай акцияларындағы өз үлесін Кәсіподақтар федерациясына сенімді басқаруға берген. Қалай болғанда да, елімізде баламасы жоқ минералды суы бар шипажайды  қайта түлету, жаңартып-жаңғырту қажеттігі анық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал өңірі»



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика