Имам ақсақалға қарайды, ақсақал сақалын сипайды

Күні , 2 260 рет оқылды

Өмір  бар  жерде  өлім  бар.   Фәниден  бақиға көшкен  пенденің жаназа  намазына  қатысып,  ақтық  сапарына  шығарып  салу – әр мұсылманның  азаматтық   міндеті.

Жуырда аяқ астынан туысымыздың дәм-тұзы таусылып, апыл-ғұпыл ауылға жиналдық. …Әдеттегі көрініс. Қаралы үй­дің алды қарақұрым адам, үй ішінен әлсін-әлсін естілетін әйел­­- дердің азалы дауысы төбе құй­қаңды  шымырлатады. Көп кешікпей, марқұмның де­несін есік алдына алып шы­ғып, ауыл имамы еркектер жа­ғын жаназа намазына тұруға шақырды. Таздың селдіріндей аз ғана адам иық тірестіре сап түзегені болмаса, қалған қалың нөпір халық сыртынан «тама­шалауды»  мақұл  көрді. Жаназа намазы оқылып біткен соң, саптағы жамағат тұрған жеріне жайланып жайғаса бастады. Әдептен озбай, «Әр елдің салты басқа» деген қағидамен біз де тізе бүктік. Бастапқыда имам Құран бағыштайды екен деп, ештеңеден секем ала қой­ған жоқпыз. Бірақ әне отырмыз, міне отырмыз, ешкімде тырс­ еткен үн жоқ. Бұрын-соңды қан­ша жаназаға қатысып жүрсек те, мұндай жағдаймен кездесіп көрмеген соң, алақ-жұлақ жан-жағымызға қарай бастадық. Артымызда иіріліп тұрған ел-жұрт та «ләм» деп тіл қатып, «мим» деп міз бағар емес. Әрі-беріден соң құйрық басып отырған аз ғана топ алдындағы кебіндеулі сүйекті ұмытып, хал-жай сұрасып, өзара қауқылдаса бас­тады. Бұл пенделік дегенді қой­саңшы, қағытпа қалжың, қы­­сыр әңгіме қаралы жиында да қымсынбай, еркін қыдыра бе­ретінін көрдік. Осылай әрі-сә­рі күй кешіп отырғанда қо­лы­на дорба ұстаған әлдебір жі­гіт аға­сы жағалай түйнектел­­ген шүберек үлестіре бастады. Еншімізге тиген біре­уін қол орамал екен деп жалма-жан қал­­тамызға сүңгіте беріп ек, жанымызда отырған ақсақал «Түйі­нін шешіп қой» деді сыбырлап. «Мұнда да бір гәп бар екен» деп түйінін шешіп, қырты­сын жаза бергенімізде ішінен елу­лік тиындар домалап түсті. Осы кезде бағанадан тұнжырап отырған имамға  да  тіл  бітті: – Негізі, жаназа намазы­нан соң марқұмды осылай қаңтарып қойып, тойда отырғандай жайланып отырысымыз дұрыс емес, ағайын. Тірі пенденің өлі алдындағы соңғы парызы мен соңғы құрметін шариғатқа қай­шы келмейтіндей, лайықты өт­керуіміз керек. Дінімізде мә­йіт­ті жер қойнына тапсыруға асы­ғуды бұйырады. Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.) хадистерінде уақы­ты кірген намазды оқуға, қа­рыз­ды қайтаруға, мәйітті жерлеуге және бойжеткен қызын тұр­мыс­қа беруге асығу керекті­гін өсиет еткен. Шүберек тарату деген де марқұмға екі дүниеде пайда бермейтін нәрсе. Үлес­тірілген 100-150 теңгеден осы тұрған қауым байып кете қой­майды. Одан да сол ақшаны мұртын бұзбай, өлген адамның аты­нан жетім-жесірге, мүмін-міс­кінге садақа қып тарататын болса, әлдеқайда сауабы мол болар еді. Қаралы жиынға, азалы үйге келіп тұрып, дүнеуи, тұрмыстық әңгімелер айтып, әзіл-қалжыңға жол бергеніміз де мұсылмандығымызға сын. Ер­те ме, кеш пе, бұл күн бізге де туады. Сол себепті өлімнен ғибрат алып, ішкі есебімізді тү­гендеп қойсақ, сол бәрінен пай­далы болмақ. Осыны, ауыл ақса­қалдары, бізден бұрын сіздер айтсаңыздар, халық сөздеріңіз­­ге ұйып, уәждеріңізге тоқтар еді… Ақсақалдар үнсіз бас изе­сіп, таздың басындай жылтыр ие­гін сипаған болды. Сонымен, хош, әйтеуір, марқұмды ақтық сапарына аттандырғалы көлік­ке отырып,  көш  түзедік. Зират басына жеткен бойда жерлеуге жеткен азаматтар қауым басын аралап, «Анау пә­лен ғой, мынау түген ғой» деп, өлілерді түгендеуге көшті. Енді кейбірі екі-үштен бас құрап алып, жырқ-жырқ күліп, тіпті темекі шегуді де арсынбайтын секілді. Имам тағы шариғат шартынан аспауға шақырар деп үміттене қарап едік, оның онсыз да шаруасы аз көрінбеді. Ақсақалдар болса, «Сақалымызды бұлдай береміз бе?» деп, азды-көп абыройын ойлайтындай. «Бұл күнде кім сөз түсінеді дейсің?» дегендей немқұрайлық, самарқаулық бар сияқты. Сүйекті жерлеп болып, дәм­ханаға келдік. Марқұмның асын­да бұрынғыдай үстелдің бе­лін қайыстыратын аста-төк дас­тар­қан жоқ, ҚМДБ бекіткен санау­лы тағам түрлері ғана. Бұл да болса, оң өзгеріс екен деп көңілімізді бір қомдап қойдық. Демек, жақсылыққа ұмтылсақ, білгенге құлақ ассақ, артықтан арылу, жағымсыздың жолын ке­су  қолымыздан  келеді  екен. Тіршілікте сыйласқанның жө­ні бөлек, дегенмен көзден кетті, көңілден өшті демей, ақтық сапарға да шариғат жолынан ат­тамай, лайықты аттандыра білсек, азаматтық борышымыздың өтелгені сол емес пе? Көңілге кірбің түсіретін әлгіндей жайт­тар терең тамыр салып, дәс­түрімізге сіңісті болып кетпесе екен дейсің. Сіз қандай ой қосасыз,  қымбатты  оқырман? «Имам Алау ад-Дин  Касани  әл-Ханафи (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт  жақсы кісі болса, жақсы­лығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі бол­са, тозақ иелері бізден алыс болсын», – дегенін  жеткізген.»

Рауан  СӘБИТҰЛЫ



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика