4.08.2018, 1:04
Қараулар: 306
Қайта түлеген зауыттар облыс экономикасына тың серпін бермек

Қайта түлеген зауыттар облыс экономикасына тың серпін бермек

Еліміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешені бойынша жүйе құраушы кәсіпорындар  саналатын  Оралдағы байырғы кәсіпорындарды мемлекеттік тапсырыстармен қамтуда іркілістер жиі кездеседі.
Бұл саладағы зауыттар әуелден-ақ қорғаныс саласының қажетін өндіруге маманданған. Сондықтан  да олар өзге өнім түрлерін өндіруге көшіп те кете алмайды. Биылғы мамыр айында өңірімізге іссапармен келген Елбасы нақ осы зауыттарға қатысты көкейтесті мәселелерді шешу үшін Үкімет басшысына тиісті тапсырмалар берді. Содан бергі уақытта бұл мәселе қалай шешілуде, зауыттар қосымша мемлекеттік тапсырыс алды ма деген сауалдарға жауап іздедік.

– Елбасы тапсырмасы бойынша Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен батысқазақстандық жүйе құраушы кәсіпорындар басшыларының қатысуымен төрт мәрте кеңес өткізілді. Осындай басқосулардың барысында өндіріс ошақтарының түйткілді мәселелері жан-жақты талқыланып, министрліктерге, орталық мемқұрылымдарға тиісті тапсырмалар бе-
рілді, — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Жалмағамбетов. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік тапсырыстарға қатысты түйткілді түйін шешіліп, зауыттарға тапсырыстар «жауды». Маусым айында Орал қаласында Қорғаныс министрлігінің
тиісті құрылымдарымен бірге «Орал «Зенит» зауыты» АҚ және «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ны мем-
лекеттік  қорғаныс тапсырыстарымен қамтамасыз ету мәселесін талқылаған көшпелі кеңесі өткізілген. Соның нәтижесінде биыл «Гидроприбор» базасында екі катерді және «Зенит» зауытында «Барыс» жобасымен жасалған кемелерді жөндеуге тапсырыстар беру жөнінде  шешімдер  қабылданған.

— ҚР Қорғаныс министрлігі 2019-2021 жылдары еліміздің әскери-теңіз күштерінің кеме-катерлеріне техникалық қызмет көрсетуге тиісті қаржы бөліп, бұл тапсырыстарды «Зенит» пен «Гидроприбор» кәсіпорындарына беретін болды. ҚР ҰҚК-ның шекара қызметімен Қаржы министрлігіне алдағы үш жылда «Зенит» зауыты үшін   екі «Айбар» кемесінің, бір «Қайсар» жүрдек катерінің құрылысына және шекара күзетіне бір кеме құрастыруды бастауға, сондай-ақ аталмыш қос кәсіпорында кеме-катерлерді жөндеуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге қосымша бюджеттік тапсырыстар енгізілді. Сонымен қатар бұл жылдары «Гидроприбор» шекара күзетіндегі бес «Сапсан» катерін жөндеумен айналысады. Бұған да қаржы бөлуге тапсырыс берілді. «Осылайша қос зауыт үш жыл мерзімге  тапсырыстармен қамтылып,  олардың жүктемесі ұлғаяды», – деді Арман Жалмағамбетов.

ҚР Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ-мен аталмыш  акционерлік қоғамды ішкі нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойды. Осы меморандумның шарттарына сәйкес кәсіпорын жылына 218 мың тонна болатын К5 эко-
логиялық дизель отыны өндірісі жобасын аяқтады. 2018 жылдың маусым айында ҚР Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ-ның мұнай өңдеу зауытына магистральды мұнай құбырлары мен теміржол арқылы қазақстандық өндірушілер-дің мұнайын жеткізудің кестесін бекітті. Соған орай осы  жылдың шілде айына 15 мың тонна көлемінде сынамалық квота  бекітілді.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ  базасында қазақстандық жаңа өнімдер өндірісі мәселесі де шешімін табуда. «БҚМК» АҚ-ның арнайы өнімдерінің үлгілері «KADEX-2018»
халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне қойылды. Одан
басқа «Czech Weapons» компаниясының арнайы өнімдерінің қосымша кеңейтілген «тұсаукесері» еліміздің күштік құрылымдарына және «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ға өткізілді. Жаңа үлгідегі өнімдер қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Тәжірибелік үлгілерді сынақтан өткізу жоспарланған. «Осыған байланысты «БҚМК» АҚ және «CzechWeapons» компанияларының
өкілдері биылғы маусым және шілде айларында Чехияда кездесіп, сынақ өткізуге қажетті үлгілердің өндірістік нұсқаларын бірлесіп дайындауға уағдаласты», — деді  Арман  Жанатұлы.

Қазіргі уақытта «Омега» зауы-тының бұрынғы қуаты жоқ, өнім шығармайды. Кәсіпорын базасында жеке инвестицияға мемлекет-тің қолдау-көмегінің арқасында  трансформатор зауыты ашылғаны мәлім. Бұл өндіріс ошағы бұрынғы зауыттың бір цехына ғана иелік етеді. Сондықтан «Омеганың» бос тұрған ғимараттарына жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Жаңа зауыттың басшылығы «Омеганың» 100 пайыз акциясын сенімді басқаруға алуды сұрап жүр екен. Бұған қа-тысты мәселе де өз шешімін тауыпты. Үкіметтің биылғы 13 мау-сымдағы қаулысымен аталмыш кәсіпорыннан құпиялылық режімі алынған. Енді «Самұрық-Қазына» ҰК» АҚ «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-мен бірге «Омеганың» мүлкіне бағалау жұмыстарын жүргізіп, оны бәсекелестік ортаға беру үшін желілік кестеге сай электрондық саудаға шығарады. Жариялылық, ашықтық негізінде өткізілетін электрондық сауда кімнің, қай компанияның мерейі үстем  болатынын  анықтамақ.

Бұдан үш жыл бұрын «Квант» ЖШС корпустық  жиһаз шығаратын жиһаз фабрикасын іске қосты. Қажетті құрал-жабдықты сатып алу үшін «Цеснабанк» АҚ-дан «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-ның желісі бойынша 6%-бен 400 млн. теңге көлемінде несие алды. Компания өндірісті кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін өндіруді жоспарлауда. Облысымыздағы жұмыс сапары барысында Елбасы осы жайтты естіп-білгеннен кейін «Кванттың» жаңа жобасын биыл қолға  алуды  тапсырған  болатын.

– Бүгінде компанияға 4%-дық жеңілдікпен негізгі қарызды жеңілдетілген мерзімде жабуға бо-
латын несие беру мәселесі «Қазақстанның Даму банкі» АҚ-мен қаралуда, – деді Арман Жалма-ғамбетов.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар