4.08.2018, 0:57
Қараулар: 198
Жолаушы алғысын арқалаған үздік қызметкерлерге құрмет көрсетілді

Жолаушы алғысын арқалаған үздік қызметкерлерге құрмет көрсетілді

Кеше Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Көлік қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік шара өтті.

– Өңірімізде көлік саласын дамытуға ба-сымдық берілуде. Жақында Елбасының облысымызға іссапарының нәтижесінде аутожолдарды дамыту, соның ішінде Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салу мәселесі шешілді. Жыл санап Орал қаласының көше жолдарын жөндеу қарқын алып келеді. Теміржол саласында да жақсы жаңалықтар бар. Елордаға «Тальго» пойызы қатынап, азаматтарға қолайлы қызмет көрсетуде. «Орал» халықаралық әуежайын жоғары стандарттарға жеткізу жоспарланған, – деген  облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Ос-панқұлов сала қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сапалы көлік байланысының ел-жұрттың тұрмысын жақсартуда, ел  экономикасын дамы-туда  рөлі  зор  екендігін  айтты.

Жаздың аптапты ыстығы мен қыстың сақылдаған сары аязына қарамастан, еселі еңбек етіп жүрген сала озаттары марапатталды. «Батыс Дилижанс» ЖШС директоры-ның орынбасары Александр Солонинге ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, БҚО жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Айгүл  Отарғалиеваға «Үздік автокөлікші» төсбелгісі салтанатты түрде табыс етілді.  Сондай-ақ аталмыш министрліктің Құрмет грамотасымен  «Оралавтотранс» ЖШС-ның жүргізушісі Сағидолла Базарбаев, көлік инспекциясының мамандары Алпамыс Кенжеғалиев, Самат Ғұмаров, осы ми-нистрліктің алғысхатымен бухгалтерлік есеп және қаржы жұмыс бөлімінің бас маманы Ақерке Есенова, теміржол көлігіндегі бақылау бөлімінің бас маманы Азамат Ермаханов марапатталды.

Бір топ еңбек саңлақтары облыс әкімдігінің және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, Орал қаласы әкімдігінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, сондай-ақ ауданаралық маршруттағы тасымалдаушы компаниялардың басшылары облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының алғысхаттарына ие болды.
Шара барысында Орал қаласының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, «Батыс Қазақстан автотасымалдаушыларының қауымдастығы» ЗТБ-ның кәсіби мереке қар-саңында қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары арасында ұйымдастырған «Үздік маршрут экипажы» байқауының қорытындысы жария етіліп, үздіктер марапатталды.
Жиын соңы мерекелік  концертке ұласты.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,
«Орал  өңірі»