Жүн-жұрқа кәдеге жарар күн қайда?..

Күні , 161 рет оқылды

Бала кезімізде көктем мен күзде ауылдағы көрші апайлар әр үйдің иелігіндегі бір қора қойды кезектесіп қырқушы еді. Бір-бір қойды алдарына жығып алып, әңгіме тиегін ағыта отырып, түске дейін бір үйдің қойын «құнттай» қылатын. Ал, біз, балалар, шаруа аналарымыздың салқын айран-көжелерін тасып жүріп, денесі бір тонна жүннен арылып, құлағы қалқиып қалған қойларды қызықтайтынбыз. Сол шақта ауылға келген жүн қабылдаушыларға жүндерді қапшықтап тасыған да кездер болды. Кейін ғана ақырындап бұл тірлік көзден бұл-бұл ұшты. Қазір сөздің шыны керек, ауылдарда еңбегін төлеп болса да, қой қырқатын адам табу  қиындады.

Жақында «Орал өңірі» газетінде жарияланған «Жүн неге жиналмайды?» атты мақаланың ав-торы, журналист Өмірзақ Ақбасов та осы мәселені көтерген еді. Түйткілді мәселені қозғаған журналист ағамыздың ойын біз де жалғамақ ниетпен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бас сұққан едік. Қой өсіріп, қозы баққан халқымыздың «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мақалдауы тегін болмаса керек-ті.

Әйтсе де, бүгінде ауылдағы ағайынның Шопан ата түлігінің етін жеп, жүн-терісін қайда жіберерін білмей, дал болып отырғаны жасырын емес. Көл-көсір  пайдаға кенелуге қол қысқа немесе шикізатты өңдейтін кәсіпорындар тапшы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, бүгінде өңірде 1 маусымдағы көрсеткішке сәйкес 1 млн. 387 мыңнан астам қой және 285 мыңдай  ешкі бар.

Облыс бойынша жыл сайын  2 мың тонна жүн алынады екен.

Басқарма басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов айтып өткеніндей, жүннің өндірілуі жыл сайын бұл көрсеткіштен асып та кетпей, кеміп те қалмай келеді. Есесіне, жүнге деген сұраныс бар. Алайда тапсырылатын жүннің көлемі қомақты болу керек. Өйткені ауылауылды аралап, жүн қабылдайтындардың қалауы сондай. Өңірімізде қылшық жүнді еділбай тұқымдас қара қойлар көптеп өсірілетіні рас. Негізінде қара жүн арзанға бағаланады екен. Ал ақ қойдың жүндерін Алматы мен Атыраудың кәсіпкерлері  жинап  алуда.

Бүгінде облыс бойынша «Аяз» ЖШС және «Надежда» ЖШС сықылды жергілікті кәсіпорындар тарапынан қой жүніне сұраныс бар.

– Біздің кәсіпорынға маусымына 100 тоннадай қой жүні қажет болады. Жүнді негізінен байпақ және техникалық мақсаттағы киіз басу үшін пайдаланамыз. Облыс тұрғындарынан негізінен қара жүндердің келісін 45-50 теңгеден қабылдаудамыз, – дейді «Аяз» ЖШС директорының орынбасары Наригей  Жанғазиев.

Жуырда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бастаған делегация Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-ға барып келген. Сапар барысында  қара жүнді өткізу мәселесі талқыланған көрінеді.

Атыраулық бұл кәсіпорын қойдың тұқымына қарай жүннің сапасын ескеріп, саралап, бағасын 100 келіге толтырып есептейді.

Мәселен, еділбай, қаракөл қойларының қылшық жүнінің 100 келісін  30-50 теңгеден қабылдайды. Ал цигай, кроссбред қойларының жүні 250-300 теңгеден болса, меринос тұқымды қойдың жүні 400-500 теңгеге бағаланып отыр. Айта кету керек, жүн тапсыратын адамның қолында тиелген жүннің әрбір партиясына ветеринариялық куәлік, физикалық салмағы көрсетілген тауар көлігінің жөнелтпе құжаты болу керек. Жүннің жаңадан қырқылғанына мән беретін олар жабағы жүнді қабылдамайды. Мұнда сапалы түйе жүніне  де  сұраныс  бар.

– Бүгінде жүн қабылдайтын атыраулық кәсіпкер жөнінде облыстағы барлық ауданға ақпарат берілді. Жалпы, облыста қой жүніне сұраныс мамыр айында басталған болатын. Бірақ жүн бағасы әлі де төмен.  Сондай-ақ жүн қабылдаушылар жұмысының жаңадан жанданып келе жатқаны  да бұл мәселенің түйінді екенін көрсетеді. Қой қырқу науқанын ұйымдастыру үшін адам күші қажет екені сөзсіз. Сондықтан да қой қырқу мен жүн тапсыру жұмыстары нәтижелі болу үшін ауылдарда кооперативтер құрып, ұйымшылдық танытқан тиімді деп ойлаймын, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы  Алмат  Есполов.

Жүн алушылардың қай-қайсына да сапалы шикізат қажет. Осы ретте «Жүн қайткенде сапалы болады?» деген сауал еріксіз туындайды. Тағы да өткенге көз жүгіртсек, бұрын  ауылдарда қойларды купкіге тоғытатын. Бұл қой жүнінің көңілге қонымды болып өсуіне бірден-бір себеп болатын-ды. Алмат Есполұлының айтуынша, қазір де қорадағы қойды баптап өсіру үшін барлық жағдай бар.

– Ветеринариялық дәріханаларда қой күтіміне арналған түрлі екпелер, дәрі-дәрмектер баршылық. Сондықтан да қой жүнінің сапасын, қамын ойлаған әр шаруа қандай шара қолданатынын өзі шешеді, – дейді  маман.

Басқарма мамандарының айтуынша, қой қырқу науқанын өткізу басқа аудандарға қарағанда Қазталовта  бір ізге түсіп келеді. Сондай-ақ бұл жұмыстар Тасқала, Ақжайық және Жаңақала аудандарында   да  көш  ілгері  екен.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика