«Keruen sarayga» көршілері неге наразы?..

Күні , 301 рет оқылды

Орал қаласындағы  С. Дауымов көшесі  №25  үйдің  тұрғыны  Николай  Чапкаев  шағымданып,  редакциямызға  келді.  Оның  айтуынша,  үйінің  жанындағы  С. Дауымов  көшесі  №23  мекенжайындағы  «Керуен сарай»  кафесі  орналасқан  нысанның иесі ешқандай  рұқсат  сұрамастан,  қосымша  нысан  салып  алған.

2006 жылы бой көтерген көп қабатты нысан әу баста ережеге сай салынбаған деп базынасын жеткізген Николай қыс маусымында нысанның шатырына жиналған қар ауласына құлап, отбасына кәдімгідей қауіп төндіретінін айтып, жазатайым жағдайға ұшырап қалмасақ екен деп алаңдайды.

– Құрылысты салған кезде қауіпсіздік ережелерін ескермеген. Соның кесірінен біз зардап шегіп келеміз. Көктем мезгілінде де біраз әбігерге түсемін. Ғимараттың ауласындағы еріген қар суы менің аулама кіріп, соның салдарынан аядай аулам суға толады. Қазір амалсыздан шарбағымның алдынан және ауламның артынан екі шұңқыр (септик) қазып қойдым. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, осы жылдың сәуір айында маған ескертпестен аулама тақап, қосымша нысан салып алды. Оның ішінде газ баллондары тұр. Терезесі үнемі ашық тұратындықтан, баллондардан тараған газ иісі басымызға тиеді. Кәуап пісіретін орын да менің шарбағыма тиіп тұр. Оның  күлі төбеге ұшып, көрші-көлемнің ауласына қонады. Бұл аз дегендей, ауламның алдына қоқыс жәшігін қойып қойды. Күнбе-күн жағымсыз иіс шығып, сасып жатады. Өз үйіңде еркін тыныс алу мүмкін емес, –  дейді Николай.

 Бұл жағдай бойынша Николай Орал қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне шағымданған. Алайда аталған құзырлы мекеменің жауапты қызметкері берген жауапта мәселе тек сот арқылы ғана шешілетіндігі айтылған. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін алдымен  аталмыш бөлімге кіріп шықтық.

– Егер қандай да бір адам тұрғын үй немесе кафе секілді нысан салатын болса, көршісімен арақашықтық үш метрден кем болмауы керек.

Одан кем болып жатса, міндетті түрде көршісінен рұқсат алып, нотариуспен шандырылуы қажет. Ал енді монша, гараж секілді нысандардың қашықтығы бір метр болады. Сіз айтып отырған жағдайда зардап шегуші тарап ҚР-ның «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» заңының 17-бабы бойынша сотқа жүгіне алады, – деді Орал қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі  Жанболат  Үмбетқалиев.

Ғимараттың иесімен тілдесу үшін бірнеше күн қатарынан «Керуен сарайға» баруымызға тура келді. Өйткені, қанша барсақ та бірінші қабатын жалдап отырған  кафенің әкімгері Олжас есімді жігіт нысанның иесі түрік азаматы екенін және бұл жерге анда-санда келіп тұратынынан басқа ештеңе айтпады.

– Кешке қарай үйіміздің терезесін ашып, ауа кіргізейік десек, мүмкін емес. Себебі, кәуаптың түтінінен тұншығамыз. Кәуап пісіретін арнайы орын болмаушы ма еді?! Жуған киімдерімізді де сыртқа жая алмай жүрміз. Оның үстіне газ баллондарды әкеліп қараусыз қойған. Қауіпсіздікті сақтамағанның салдарынан қаншама оқиғалар болып жатыр. Ертеңгі күні газ баллондар жарылып, бір жағдай орын алса, кім жауап береді? Мұны неге тексермейді? – дейді С. Дауымов көшесі №27  үйдің  тұрғыны  Ольга  есімді  әйел.

Тұрғындар айтса, айтқандай-ақ екен, әлгі газ баллондар қойылған нысан ашық-шашық күйде. Ашық тұрған терезесінен бас сұғып қарағанымызда, газ баллондарымен қоса картон қағаздар үйіліп жатыр. Қауіпсіздік ережесін  қатты «сақтайтындары»  көрініп-ақ  тұр.

Араға екі-үш күн салып, нысанның иесін іздеп, тағы бардық. Бұл жолы да бұрынғыдай жауап естідік. Содан бәлки келіп қалар деген үмітпен сәл күте тұрайық деп сол кафеден тамақтануды ұйғардық. Тамақтанып болған соң әкімгер Олжастан чек сұрадық. Ол болса, қазіргі таңда чек шығаратын аппараттың жоқ екенін, кафенің иесі аталмыш аппаратты енді әкелетінін айтып ақталды. Чекті талап етіп тұрып алдық. Сәлден соң бұл жағдайдан шығып кеткісі келді ме, әйтеуір, нысан иесінің ұялы телефон нөмірін әп-сәтте тауып берді. Дереу хабарласып,  бізбен  кездесуін  сұрадық.

Жарты сағатқа жетпей жетіп келген түрі түрік болса да, аты қазақ Айдар өзін нысанның иесімін деп таныстырды. Мән-жайды мұқият тыңдаған ол Николайдың  өзімен бетпе-бет сөйлесті. Алғашында барлығын жөндейміз деп түсіністік ыңғайын танытқан. Артынша, «Өмір сүргің келе ме, әлде жоқ па?» деп біздің көзімізше Николайға қоқан-лоқы  жасағаны.

«Бұға берсең, сұға береді» демекші, қанша жерден кәсіпкер болса да көршісіне зиянын тигізбеуі керек емес пе?! Жоқ әлде, ақшам көп деп басынғаны ма? Жоғарыда жазылған жайттарға орай құзырлы мекемелер  не  дер  екен?

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика