Экспедиция – Ақжайықта

«Жайық – Орал»  тарихи-мәдени  экожорығына  қатысушылар  Ақжайық  ауданының  орталығы  Чапаевта  болды. Табиғат  аясында  жиналған  тұрғындар трансшекаралық  Жайық  бассейнінің  өзекті  мәселелері  мен  оны  шешудің  жолдары  турасында  экспедиция  мүшелерімен  кездесті.

Осымен 22-ші мәрте ұйымдастырылған тарихи-мәдени экожорыққа басында оралдықтар ғана қатысса, соңғы 16 жылда бұл шара Ресейдің Орынбор губерниясымен тығыз байланыста өтіп келеді. Өйткені, Жайықтың жағдайы – оны жағалай жатқан екі облыстың да тұрғындарына ортақ.

Ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, алаштың ардақты азаматының рухына тағзым еткен экспедиция мүшелері Чапаевтағы «Өркен» коворкинг орталығында болды.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко экспедицияның әр жылдардағы қатысушыларының пікірлері мен газет беттеріндегі жарияланымдар негізінде жарық көрген «Жайық – өмір өзені» атты кітапты ауданға табыстады.

Орынбор қалалық әкімдігі басшысының орынбасары Татьяна Климантова Жайықтың тағдыры – халықтың тағдыры екендігін естен шығармау жайында айтты. ЕЫҚҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңесі басшысының орынбасары Диана Дигол дүние жүзінде судың қаншалықты құнды екенін, оны қастерлеп, үнемдеу керектігін қаперге салды. Меймандар аудандық өлкетану мұражайын тамашалады. Шара соңы Николай Майданов атындағы саябақта мәдениет қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Әли  АСҚАР,

Ақжайық  ауданы