«Ақжайық» – «Ақтөбе»

Күні , 491 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің ХХ турында Оралдың «Ақжайығы» П. Атоян атындағы стадионда «Ақтөбе» командасын қабылдады. Мұның алдындағы бес кездесуінің төртеуінде жеңіске жеткен ақтөбеліктердің үш ұпайдан дәмесі зор-ды. Өткен турда Атырауда жергілікті командаға есе жіберген оралдықтарға да ұпай ауадай қажет еді. Оның үстіне қос команданың ұпайы бірдей болғандықтан, қайсысы ұтса, сол алға шығары анық болатын.

Жуырда оралдық клубтың тізгінін ұстаған украиналық маман Сергей Зайцев құрамға көп өзгеріс енгізе қойған жоқ. Тек Латвия ұлттық құрамасының ойыншысы Артур Карашаускс алаңға бірден шықпай, хорватиялық қорғаушы Денис Главина сол қапталды бекітуі керек еді. Жалпы, ол допты тымтәуір ұстап, қажет кезінде шабуылға да қосылып отырды.

Ақтөбеліктердің басымдылығы ойын барысында айқын көрініп тұрды. Бірінші таймда-ақ қонақтар екі рет гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберді. Алдымен біріншілікте 14 голмен мергендер көшін бастап келе жатқан армениялық шабуылшы Маркос Пиззелли «Ақжайықтың» қақпашысы, украиналық Евгений Боровик сәтсіз қайтарған допты қиыс тепті. Кейін дәл осындай жағдайда Бағдат Қайыров қақпашыға тура теуіп, қапыда қалды.

Тайм соңына таман Еркін Тапалов Жамбыл Көкеевке қарсы ойын тәртібін бұзғаннан кейін айып добы белгіленді. 43-минутта М. Пиззелли асырған допты «Ақтөбе» сапындағы франциялық легионер Жан-Эд Морис баспен торға дәл түсірді. Қақпашы Е. Боровик те дер кезінде алға шыға қоймады.

Екінші таймда 60-минутта  С. Зайцев оралдықтардың ойынына жан кіргізбек ниетпен Иван Антипов пен бұл жолы қанжығасы майланбаған команда сұрмергені, сенегалдық Малик Маненің орнына Еркебұлан Нұрғалиев пен Артур Карашаусксты кіргізді. Сәлден соң А. Карашаускстың пасынан кейін алаң иелері гол соғып кете жаздады. Украиналық легионер Андрей Ткачукқа дәлдік жетіспеді. Есесіне ақтөбелік М. Пизелли есепті еселейтін мүмкіндікті пайдалана алмады.

«Ақжайық» таразы басын теңестіру үшін барын салып бақты. Әйтеуір 86-минутта А. Ткачуктың айып алаңына кірместен тепкен добы  қақпа бұрышынан бір шықты.

Негізгі уақытқа бес минут қосылған кезде де қонақтар алға ұмтылып, жеңіске бір табан жақын тұрды. Әсіресе, М. Пизеллидің айып добын Е. Боровик қайтарып үлгеріп, өз қақпасын аман алып қалды. Осылайша тартысты өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында «Ақтөбенің» бас бапкері, ресейлік маман Владимир Муханов өз ойыншыларының ұрымтал сәтте мүлт кетіп, екі ұпай жоғалтқандарын жеткізді.

Ал С. Зайцев «Ақжайық» футболшыларының қайсарлық таныта білгендігін, алдағы ойындарға сенім артатынын мәлімдеді.

Осы турдан кейін 24 ұпай жинаған оралдықтар турнир кестесінде сегізінші сатыға сырғыды. Дегенмен 6-8-інші орындарды  бөлісіп тұрған «Ақтөбе», «Қайсар» және «Ақжайықтың» ұпайлары бірдей.

Жексенбі күні Шымкентте «Ордабасы» командасын 2:1 есебімен тізе бүктірген талдықорғандық «Жетісу» 25 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. 4 тамыз күні батысқазақстандықтар Талдықорғанда дәл осы командамен алаңға шығады. Сондықтан бұл кездесудің де оралдық клуб үшін маңызы зор.

Оның үстіне екінші айналым ойындары мәреге жететін 11-12 тамызда өтетін ХХІІ турға оралдықтар қатыспайды. Бұл турдың ойынын «Ақжайық» 23 мамыр күні өз алаңында «Астанамен» өткізіп, онда 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Содан кейін үшінші, шешуші айналым ойындары басталатынын ескерсек, Сергей Зайцев шәкірттеріне еш босаңсуға болмайды.

Ғайса  БӘЙМЕН



БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика