18.07.2018, 22:10
Қараулар: 187
Әсия АМАНБАЕВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Денсаулық – бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты»

Әсия АМАНБАЕВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Денсаулық – бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты»

Еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында  жеке кәсіпкерлерге де кең мүмкіндік берілді. Соған сәйкес балаларын жеке спорттық секцияларға апаратын ата-аналардың да қатары көбейді. Өңірімізде спорттық секцияларға қатысып, байрақты бәсекелерде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген жасөспірімдер  бар. Алайда облыста жеке секцияларға жаттығуға барған баланың жарақат алуымен аяқталған деректер де жоқ емес. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және  спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаевамен тілдесіп, өңірдегі спорт саласының  дамуы туралы  білген едік.

– Әсия Рахымқызы, балаларын жеке спорттық секцияларға  апаратын ата-ана ең бірінші  нені  қаперге  алған  жөн?

– Жасөспірімдерді жеке спорттық секцияларға берерде алдымен жаттықтырушының кәсіби деңгейін, дайындығын, қандай оқу орнын бітіргенін, жетістіктерін және жаттығу залын тексерген жөн. Яғни, перзентіңізді кімге аманаттап тапсырғаныңызды анықтау қажет. Балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жасайтын бапкердің міндетті түрде педагогикалық білімі болуы шарт. Өйткені ол педагогикалық білім арқылы физиологияның, психологияның, анатомияның негізін оқиды. Егер сол пәндерден хабарсыз болса, жасөспірімдердің жас ерекшелігіне байланысты берілетін жүктемені арттырып, баланың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ ата-ана залдың жарықтануын, бактерияға қарсы шамдардың орнатылғанын және бала денсаулығына зақым келмейтіндей сақтық шараларының толық қамтылғанын  анықтаған  жөн.

– Облыс аумағындағы ауыл спортының қанат жаю деңгейі, жалпы далада болсын, қалада болсын бұқаралық спорттың көкжиегінің кеңеюі сізді қанағаттандыра  ма?

– Бұқаралық спортты дамыту – біздің міндетіміз. Оның дамуына баға беретін халық. Бүгінгі күні облыстағы дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылардың саны 175 245 адам, ол облыс халқының 27,1 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 0,4%-ға өсіп отыр. Спортпен жүйелі шұғылданатын адам деп аптасына үш мәрте спортзалға келіп жаттығатындарды айтамыз. Алайда бұқаралық спорт тек спортзалдағы жаттығу процесімен шектелмейді. Мысалы, Орал қаласында спорттық жаттығуға арналған Street Workout алаңдары бар. Қашан барсаңыз да, олардың бос тұрғанын  көрмейсіз. Сонымен қоса жыл сайын әр түрлі  сала қызметкерлері өздерінің спартакиадаларын өткізуде. Соның ішінде дәстүрлі түрде дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, журналистер күні секілді кәсіби мерекелер қарсаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай спартакиадаларға орта есеппен 1000-ға жуық адам қатысады. Жарыс барысында аудандардан келген құрама командалардың ойыншылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл дегеніңіз олардың жүйелі дайындықтан өтіп, спортпен шұғылданғанын  аңғартады.

Қазіргі таңда  облыс  аудандарында  бұқаралық спорттың даму деңгейі әр түрлі. Мысалы, үздік аудандар қатарында Ақжайық, Бөрлі, Зеленовты айтуға болады, ал Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары бұл бағыттағы жұмыстарын жандандыруы қажет. Жәнібек, Шыңғырлау аудандары ұлттық ат спорты түрлерін насихаттауда ауқымды  жұмыстар  атқаруда.

Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарының барлық ауылдық округінде спорттан әдіскер нұсқаушы еңбек етуде. Қалған аудандардың ауылдық округтерінде бұқаралық спортты дамыту жұмыстарымен аудандық жастар ресурстық орталықтың мамандары айналысып жүр. Еуропа елдерінде тұрғындардың дені спортпен шұғылданады дейміз. Неге? Өйткені еуропалықтар кез келген салада бәсекеге қабілетті болуы үшін ең бірінші денсаулықтың маңызды екенін жақсы біледі. Ал бізде адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Көпшілік орындарда жаттығу жасаса да, оларды ұйымдастыратын бір адам, яғни әдіскер нұсқаушы  жандарында жүруі қажет  деп  есептейді.  Демек, денсаулық бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты екендігін біз әлі ескере бермейміз.

– Өзіңіз басқаратын саладағы қандай мәселе сізді бірінші кезекте  жиі  мазалайды?

– Бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі – материалдық-техникалық база мен спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі. Облысымыздың жеті аудан орталығында заманауи спорт кешені жоқ. Ең күрделі жағдай Жаңақала ауданында. Аудандық спорт мектебі кеңес заманындағы нан зауытының ғимаратын паналауда. Төбесінен тамшы ағып, қабырғасы сыз тартқан жерде балалар бірнеше спорт түрімен шұғылдануда.

Екінші кезекте облыс халқының жартысы шоғырланған Орал қаласында спорт ғимараттары жетіспейді. Әсіресе, жергілікті тұрғындар жүзу бассейнін сұрайды. Орал қаласындағы ұзындығы 25 метрлік «Жайық самалы» жүзу бассейні 2001 жылы пайдалануға берілді. Алайда халықаралық деңгейдегі жүзу жарыстарын өткізу үшін ұзындығы 50 метрлік бассейн болуы шарт. Жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, бұл қаламыздағы жалғыз коммуналдық бассейн болып тұр. Сондай-ақ мұз айдынының пайдалануға берілгеніне де 17 жыл. Қазіргі жастардың коньки тебуі үшін мұзға қоятын талғамы биік. Мұздың беті теп-тегіс, тайғанақ болуы керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Оны ата-ана талап етуге де құқылы. Сол себепті біз олардың талабына сай болуға тырысамыз. Сондай-ақ П. Атоян атындағы  стадионда төселген жүгіру жолы да ескірді. Болашақта қаржы мәселесі шешілсе, осылардың барлығы  біртіндеп  жаңаланбақ.

Үшінші мәселе, осы кезге дейін айтылып келген білікті бапкерлердің жеткіліксіздігі. Оған себеп, жаттықтырушының айлық  жалақысы жалпы білім беретін  мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі алатын айлықтан  аз болуы. Осы орайда биылдан бастап облыс әкімдігінің қаулысымен шәкірттері жақсы нәтиже көрсеткен бапкерлерге қосымша ақы төлей бастадық. Қазіргі кезде байдарка мен каноэ есуден, жеңіл атлетикадан жаттықтырушылар  тапшы.

– Соңғы жылдары қазақ күресі кеңінен насихатталуда. Тіпті «Әлем барысы» деген атаумен ұлттық күресімізден әлем чемпионаттары өткізілуде. Бірақ батысқазақстандық балуандар халықаралық додаларда топ жармақ түгілі, елішілік бәсекелерде жақсы нәтижелер көрсете  алмай  жүр.  Неге?..

– Облысымыздың барлық аудан-ауылдарында жасөспірімдердің күреспен айналысуы үшін керемет жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Кей аудандағы азаматтар балалардың жаттығуы үшін күрес залдарын өздері жабдықтауда. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары қазақ күресімен шұғылданатын балуандарымыз тым жақсы нәтиже көрсете бастады. Мысалы, жастар арасында ҚР чемпионатында Бекайдар Меңдешев қола жүлдегер, 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатында Олжас Сүлейменов қола жүлдегер, ерлер арасында ҚР кубогы үшін сайыста Нұрбол  Серіков пен Ерназар Хамзин қола жүлдегер атанды. Жақында Астана қаласында өткен «Қазақстан барысы» республикалық жарысында бөрлілік Темірлан Көлбай мен сырымдық Асқар Нұрмұханов облыс намысын қорғады. Жалпы, облыста 848 бала қазақ күресімен айналысуда. Олардың арасынан болашақта небір байрақты бәсекелерде топ жаратын балуандар шығады деп үміттенейік.

– Әсия Рахымқызы, өзіңіз халықаралық рефери ретінде рингке шығып, төрелік етіп жүрдіңіз. Жалпы, осы қыз баланың бокспен шұғылдануын өзіңіз қолдайсыз ба? Бүгінгі бойжеткен – болашақ ана. Қыз баланың көкірегіне, құрсағына соққы тиюі болашақ ана ретінде оның денсаулығына елеулі нұқсан  келтірмей  ме?

– Қыздар арасындағы әуесқой бокста барлық қорғаныс жабдығы қарастырылған. Сондықтан денсаулыққа зор нұқсан келеді деп айта алмаймын. Халықаралық аренада төреші болып алғаш шығып жүрген кездері сіз секілді таңғалатын едім. Өйткені күнделікті өмірде қолыңа, аяғыңа не бетіңе қатты бірдеңе тиіп кетсе, тез көгеріп шығады. Ал бокстағы қыздар бір-біріне қатты соққы жұмсап, жұдырықтасса да, көзі көгеріп не беті ісіп жүргендерін байқамайсың. Себебі бокспен ұзақ жыл шұғылданған қыздар әрбір қимылдың нақтылығын, соққының күші мен қарсыласының әрекетін болжап үйренеді. Қыздар боксы Еуропада, Америка елдерінде жақсы дамыған. 2003 жылдан бастап Қазақстанда қолға алына бастады. Өз басым бұл спорт түрімен қыздардың айналысуына қарсымын деп айта алмаймын. Елімізде Назым Қызайбай, Марина Вольнова, Дариға Шәкімова, Назым Ищанова секілді бойжеткендеріміз жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Бұл, әрине, жүйелі жаттығудың нәтижесі. Енді қыркүйек айынан бастап облыстағы бокс секцияларына қыздар да алынатын болады.

Сұхбаттасқан  Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар